
«АгромашХолдинг» пен «СарыАрқаАвтоПром» зауыттарының өндіріс алаңында Қазақстандағы машина жасау ісінің кезекті бір салтанаты өткендей әсер қалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге жолдама алған «Қазақстанда жасалған» акциясы отандық өндірістегі өнімдерді қолдау және қарқынды дамытуды мұрат тұтқан болатын. Акцияға республика Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Юрий Ильин, Инвестициялар және даму министрлігі мен Қаржы министрлігінің, Алматы қаласы ішкі істер департаменті, Ақмола, Алматы және Қостанай облыстары әкімдіктерінің, сонымен қатар, ірі бизнес құрылымдарының өкілдері қатысты.
«АгромашХолдинг» және «СарыАрқаАвтоПром» зауыттарындағы әлемдік брендтер Ssang Yong пен Toyoto жүрдек автомобильдері, IVEGO жүк машинасы құрастырылып жатқан цехтарды аралап көрудің өзі туризм қызығынан кем емес. Тазалығынан шыбын тайып жығылатын цехтарда машина құрастырушылар зергерлердей жұмыс істеп жатыр. Зауыттар басшылары Алексей Сидоренко мен Андрей Лаврентьев атшаптырым цехтарды қонақтарға аралата жүріп, толық өндірістік үдеріс, соның ішінде бәрі дерлік роботталған автомобиль шанағын дәнекерлеу және бояу, шанақ пен раманы жалғау үдерісі, барлық кезеңдер мен әрбір желі жұмысының нәтижесі ретінде кәсіпорынның дайын өнімін акцияға қатысушылардың назарына ұсынды. Бүгінгі күні «АгромашХолдинг» пен «СарыАрқаАвтоПром» өндірістік алаңдарында өндірілген автомобильдердің барлық модельдер қатары 7 брендтің 43 үлгісін құрайды.

Өндірістік көрмеде Астананың көлік инфрақұрылымында қазірдің өзінде белсенді қолданылатын Iveco Citelis автобусын акция қонақтарына көрсетті.
– Франциядан 358 автобус алуға келісімшарт болған еді, соның қазірдің өзінде 128-і алынды. Жылдың ортасына дейін қалғаны да жеткізіледі. Қалалықтар риза, өте қолайлы, іші кең автобус. Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі өтетін уақытқа дейін ескі автобустардың барлығы да жаңартылады деген жоспарымыз бар. Дәл іргемізде осындай сапалы автобустар құрастырылып жатқанда, оның мүмкін боларына сенімдіміз, – дейді Астана қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мәлике Бектұрова.
«АгромашХолдинг» пен «СарыАрқаАвтоПром» зауыттарында өндірілген машиналар рахатын көріп отырған тек астаналықтар ғана емес, Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті өткен жылы Қостанайдан IVEGO маркасымен шыққан өрт сөндіретін машинаның 24-ін бір-ақ алған.
– Бұл машинаның бұрынғы өрт сөндіретін машиналарға қарағанда артықшылығы мол. Ең бастысы, мұнда өртке шашатын 3 тонна су мен үйлердің 5-ші қабатына дейін жететін автосаты бір машинада орналастырылған. Ал бұрын суды бір машина, автосатыны екінші машина тасып жүретін еді, – дейді Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық жұмыстар қызметі мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары Данияр Ысқақов.
Жиналғандарға зауыт ауласында өртенген машинаны сөндіру жұмысы да көрсетілді. IVEGO жүк машинасы негізінде «АгромашХолдинг», «СарыАрқаАвтоПром» зауыттарының өндіріс алаңынан бензин, қоқыс, цемент таситын машиналар, «Жедел жәрдем» машинасы құрастырылып жатыр. Олардың құрастыру үдерісінің 30-38 пайызы қазақстандық мазмұнға ие. Тіпті, «Жедел жәрдем», анығырақ айтсақ реанимобиль машинасын жасағанда қазақстандық мазмұн 70 пайызды құрайды. Бұл да өз еліміздің денсаулық сақтау саласына өте қажетті заманауи жабдықтың біріне айналған. «Қазақстанда жасалған» деген маркамен автомобильдер көрмесінде болған ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов оның соңғы келіп кеткен уақыттан бері зауытта болған үлкен өзгерістерге таң қалғанын жасырған жоқ.
– Мен зауытта 5 жыл бұрын болғанмын. Сол кезде мұнда автомобильдер тек ірі торап әдісі бойынша ғана құрастырылған. Ал бүгін бүкіл ел мұндай өндірістің ауқымдылығын, осындай зауыт жабдығын, жаңа өндіріс деңгейін меңгеріп алған мамандарға риза боласың. Олар құрастырып жатқан мінсіз автомобильдерді «Қазақстанда жасалған» деп мақтана айтамыз, – деді Тимур Жақсылықов. Сонымен қатар, Экономика вице-министрі машина өндірісіндегі қазақстандық мазмұнға жоғары баға берді.
– Қазақстандық мазмұн дегеніміз, ол құрастырылған машинаның өзіндік құнының едәуір бөлігі өзіміздің инженерлердің, жұмысшылардың, жобалаушылардың еңбегінен тұрады деген сөз. Қостанайлық машина жасаушылар оның көлемін бірте-бірте ұлғайтып келеді. Бұл дегеніміз – Қазақстанда қалатын қаржы, жұмыс орны, жалпы тұрғындардың әлеуметтік жағдайының көтерілуі, еңбекақы деген сөз. Бұл акцияны өткізу себебіміз қазақстандық индустрияның мүмкіндігі мен болашағын паш ету болатын, – деді Тимур Жақсылықов. Акцияға қатысушылар зауыт ауласындағы жаңа ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесін де тамашалады. Астық жинайтын комбайндарға сұраным жоғары. Олардың 44 пайызы сатылды.
Қаржы-экономикалық дағдарыс дүниені шырмағанымен қазақстандық өндіріс қадамы кібіртіктемейді. Мемлекет отандық өндірушілерге қолдау білдіріп отыр. Жақында машина жасау өндірісі үшін 20 миллиард теңге бөлінетіні жөнінде шешім қабылданды. Оның 5 миллиард теңгесі лизинг бағдарламасы үшін жұмсалса, қалған 15 миллиард теңге тұтынушылар сұранысын қолдайтын болады.
AllurGroup автомобиль компаниясының президенті, «АгромашХолдинг» директорлар кеңесінің мүшесі Андрей Лаврентьев Қазақстандағы өнім өндірушілерді қолдау мемлекеттік бағдарламалары өндірісті кеңейтуге және тұтынушылар үшін бағаны да төмендетуге мүмкіндік жасайтынын айтты.
– Елбасы еліміздегі барлық өндірісшілерге өзіндік құнды төмендетуге, сол арқылы бағаны кемітуге шақырған болатын. Оған біз автомобильшілер тек қазақстандық мазмұнды ұлғайту арқылы қол жеткізетін боламыз. Мысалы, қазір қазақстандық мазмұн 40 пайыздың үстінде. Алдағы 3-4 жылда ол 50 пайыздан асатын болады. Міне, осылай болғанда баға да арзандайды, табыс та молаяды, – деді Андрей Лаврентьев.
«Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат шеңберінде қазақстандықтарға отандық өнімді дәріптеу «Қазақстанда жасалған» акциясы осылай бастау алды. Өз елімізде жасалған өнімді өзіміз тұтынамыз. «Өз маңдай теріңмен тапқан нан дәмді» дейді халқымыз. Қазақстанда жасалған машина да өзгенікінен кем емес, қайта артық. Себебі, ол Қазақстанда жасалған!
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.