05 Наурыз, 2015

Сауалы мен жауабы

342 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Қазіргі таңда Қазақстан үлкен өрлеу үстінде. Барлық жағынан. Бұрынғыдай мақсаты айқын болғанымен, дөп тиетін нысанасы белгісіздеу жиындардың тамырына балта шабылды, бюджет қызметкерлерінің бір қаладан бір қалаға ретсіз шапқылаулары сап тыйылды, осыдан келіп аста-төк шығындардың көлемі күрт қысқара бастады. Бұдан бөлек, отандық өнімнің өрісін кеңейту, сұранысын арттыру бағытындағы шаралар нақты қолға алынып, өзіндік жүйеге түсіп келеді. Осыдан туатын «Қазақстанда жасалған» акциясы еліміздің барлық түкпірінде нағыз халықтық қозғалысқа, патриоттық бастамаға айналуға бет алды. Елдің барлық аймағында жұмыссыздар санының өсуіне жол бермеудің жолдары қарастырылып жатыр. Осының бәрі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда болған Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы тапсырмаларынан туындап отыр. Мұны біздің тілшілеріміздің қатысуларымен ұйымдастырылған бүгінгі топтама тағы да бір байқатып береді.

Ақтөбе қазақстандық үлесті ұлғайтуға бағыт алды

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы отандық кәсіпорындарды тапсырыс­пен қамтамасыз етуге байланысты тапсырма бергенін білеміз. Бұл мәселе, шынтуайтына келгенде, қазақстандық үлесті арттыратыны белгілі. Сондай-ақ, ол отандық кәсіпорындардың бағын ашатын бастама деп ойлаймын. Елбасы тапсырмасы өңірде қалай жүзеге асуда? Ғалым ӘЙІМБЕТОВ, кәсіпкер. Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ақкемер ауылы. Бұл сұраққа Ақтөбе облыстық ин­дустриялық-инновациялық даму бас­қар­масы басшысының орынбасары Дархан Ермағамбетов жауап берді: 01– Облыстың мониторингке жататын жүйе құрушы кәсіпорындарының қазақстандық мазмұнды орындауы тауарлар бойынша жоспардағы 15,0 пайыз орнына 59,5 пайыз, қызмет және жұмыс бойынша жоспардағы 68,0 пайыз орнына 100 пайызды құрады, – деп бастады сөзін ол. – Облыс әкімдігі жергілікті үлесті дамыту бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Осы бағытта облыс кәсіпкерлері палатасының кеңейтілген отырысы, «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ ашық есік күні, «Мұнай-газ секторындағы сервистік және машина жасау компаниялары» атты бірінші халықаралық форумы, «Еуропа – Азия» шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық өнеркәсіп көрмесі өткізілді. Отандық тауар өндірушілерді қолдау шарасы ретінде өңірдің бизнес делегациясы Ресейдің Орынбор, Қазан қалаларында өткен форумға қатысып, жоғары технологиялы кәсіпорындардың жұмысымен танысуға мүмкіндік алды. Облыстың тауар өндірушілері шығаратын өнімдерді ішкі-сыртқы нарыққа шығаруға бағытталған жұмыстар жалғасуда» «Ақтөбе металл құрастырмалары зауыты» ЖШС «ҚазақОйл Ақтөбе» ЖШС-нің нысандарына құбырлы эстакада тұрғызу үшін, «Қазхром» ТҰК» АҚ жаңа ферроқорытпа зауытына металл құрылғыларын жеткізуді жүзеге асырды. Акционерлік қоғам мен осы серіктестік арасында шахта бекітпелерін дайындауға ұзақ мерзімді келісімшарт жасалды. «Восход Ориел» ЖШС-інде «Каспий Плюс» АҚ өніміне ағылшындық өндірістегі шахтылық бекіткіштерді кезеңімен алмастыру бойынша «389,0 млн. теңге), «Қазақ саңыраулар қоғамы» ҚБ Ақтөбе оқу-өндірістік кәсіпорны тауарларына арнаулы киімдерді шетелдік жеткізушіні алмастыру бойынша (7,6 млн. теңге) жұмыстар жүргізілді. «Қазақстан теміржолы» компаниясы темір жол рельсін шығару өндірісі жобасына белсенді қатысуда. Ақтөбе рельс арқалықтары зауытының құрылысында өзімізде шығарылатын силикат кірпіштер, базальттық жылу ұстағыштар, Қарағанды қаласындағы «Имстальком» ЖШС-нің металл құрылғылары пайдаланылуда. «HillGorporotion» компаниясының өнеркәсіптік майын «СНПС-Ақтөбе мұнайгаз» АҚ сатып алу және пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда. Компания өкілдері шақыртылып, ендігі мәселені екі кәсіпорын өзара шешетін болады. «Ақтөбе металл құрастырмалары зауыты» ЖШС-нің металл бұйымдары, «Стройдеталь» ЖШС темір-бетон бұйымдары, «Көктас» АҚ құрылыс тас­тары мен қиыршық тастары, «Экотон Батыс» ЖШС ұяшықты блоктары, «Ақтөбестройхиммонтаж» ЖШС полиэтиленді құбырлары қазақстандық нарықта сұранысқа ие. Атырау және Маңғыстау облыстарының мұнай кәсіпорындары «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ өнімдерін пайдаланады. Сонымен бірге, қалыптасқан ынтымақтастық арқасында облыстың кәсіпорындары еліміздің басқа аймақтарынан шикізатпен қамтамасыз етіледі, өзге кәсіпорындардың тауарларын, жұмыстары мен қызметтерін кәделеріне жаратады. Жақында облыс әкімшілігі мен облыстың ұлттық компаниялары және жүйеқұраушы кәсіпорындары арасында жалпы сомасы 44,6 млрд. теңгеге жергілікті құрамды қамтамасыз ету бойынша жеті меморандумға қол қойылды. Әрине, мұндай ынтымақтастық заң аясында шешіледі, тауарларды, қызметтер мен жұмыстарды пайдалану тендер арқылы жүзеге асырылады.

Оңтүстік Қазақстанда қағазбастылықты электронды жүйе алмастырады

Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында көптеген мекемелердің жұмыстарындағы оралымсыздықтарды сынап, қағазбастылықтан арылуды тапсырды. Бұл мәселе біздің Оңтүстік Қазақстан облысында қалай шешіліп жатыр? Қанағат Омаров, Шымкент қаласының тұрғыны. Біздің сұрау салуымыз бойынша бұл сұраққа Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Берік Құрманғали түсініктеме берді. Шыгыс– Мемлекет басшысының ескертпесі орынды. Расында қазір қайсыбір сала болмасын, қағазбастылыққа көміліп кетті, – деді ол. – Бұлай бола берсе, жұрт біржола қағаз толтырып отыруға көшіп, жұмыс істеуден қалар еді. Біз Президенттің тапсырмаларын орындау үшін «Ақпаратты Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру арқылы басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, ақпараттық-коммуникациялық инфра­құрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Облыстағы жергілікті атқарушы органдарда электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесін қолдану 2008 жылдан бастап қолға алынып, жоба ретінде жүзеге асырылған болатын. Нәтижесінде 2012 жылдан бері барлық аудандар мен қалаларда, сондай-ақ, облыстық басқармаларда құжат айналымы толық электронды жүйеге көшті. Аталған жұмыстарды іс жүзіне асыру барысында облыстағы мемлекеттік мекемелер арасында хат айналымы жүйесі толық электронды бағытта жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, ақпараттық қауіпсіздік шараларын жүргізу мақсатында облыстың жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері ақпарат алмасуды «Интернет порталы» арқылы жүргізіп келеді. Жалпы, облыс бойынша ақпараттық технологияларды сүйемелдеу және қызмет көрсету шараларына 2015 жылы облыстық бюджеттен 140 млн. теңгеге жуық қаржы қаралды.

Шығыс Қазақстанда жұрттың алаңдауына еш негіз жоқ

Әлемдік экономикалық дағдарыс пен көрші елдерде қалыптасқан ахуалдың еліміздің ауыл шаруашылығына тигізер ықпалы қандай болмақ? Әсіресе, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қолдау жұмыстары жүргізіле ме? Құрман Диқанбаев, шаруа қожалығының жетекшісі. Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы. Сұраққа Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин мынадай жауап қайтарды: – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жол­дауында айқындалған Жаңа Экономикалық Саясаттың басты бағыттарының бірі – шағын және орта бизнесті дамыту. Кәсіпкерлік саласын кеңейту үшін мемлекеттік деңгейде бағдарламалар, қаржылық шаралар кешені қабылданып, табысты іске асырылуда, – деген ойды тарқатты ол. – Таяуда өңір басшысы Даниал Ахметовтің қатысуымен өткен «Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту барысы мен басымдықтары» атты облыстық семинар-кеңесте осы мәселе жан-жақты талқыланып, нақты тапсырмалар берілді. Бүгінде өңір тұрғындарының 41 пайызы ауылда тұрады. Аграрлық экономиканың маңызды стратегиялық бағыты – ауыл кәсіпкерлігін дамыту. Қазақта «Жері байдың – елі бай» деген сөз бар. Жерді тиімді пайдалансақ, қандай қиын уақыт туса да таршылық көрмейміз. Президентіміз әлбетте қиындықтың көп кездесетінін, оның өмір заңдылығы еке­нін, оған лайықты қарсы тұрып, барлық кедер­гілерді жеңген сайын қуатымыз арта түсе­тінін айтқан болатын. Еңбек бізді жарқын келешекке жетелейді. Сондықтан әлеуе­тіміз бен күшімізді біріктіруіміз керек. Бұл – бүгінгідей жаһандық жағдайдың қалт-құлт етіп тұрған сыни сәтінде өте қажет. Шығыс өңірі экономикасының ауылдық секторында 13,3 мың шағын, орта және ірі кәсіпкерлік нысандары тіркелген. Облыста 714 ауылшаруашылық кәсіпорындары, 12,6 мың шаруа қожалығы жұмыс істейді. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеумен айналысатын 530 кәсіпорын мен цех бар. Қазір мемлекет тарапынан ауыл кәсіпкерлігін өрістетуге үлкен қолдау көрсетілуде. Былтыр «Агробизнес-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Су ресурстарын басқару» сынды мемлекеттік бағдарламалар ауыл кәсіпкерлігін дамытуға айтарлықтай ықпал етті. Одан өзге, бұл бағытта 17 инвестициялық және 14 салалық бағдарлама бойынша жұмыс жүргізілді. Тұтас алғанда, салаға 41 млрд. теңге құйылды. Осылайша, агроөнеркәсіп кешеніндегі кәсіпкерлік субъектілері ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің 49 пайызын шығарды. Өңдеу кәсіпорындары өткен жылы 38,9 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Ветеринария саласын дамытуға, оның материалдық-техникалық базасын ны­ғай­туға, малдәрігерлік бекеттер мен малды қол­дан ұрықтандыруға арналған құрал-жабдықтар мен қажетті көліктер сатып алынды. Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіп кешенінің түрлі салаларындағы мәселелерді шешуді тапсырды. Оған өңіріміздің мүмкіндігі толық жетеді. Ауыл кәсіпкерлігін дамыту үшін 2014 жылдың соңын ала сүт өндіру бағытында кешенді бағдарлама жүзеге асырыла бастады. Осыған орай, тауарлы-сүт фермаларын құру, халықтан сүт сатып алуды және сүт қабылдау бекеттерін ұйымдастыру, сүт кәсіпорындарының өңдеу қуатын толық қамтамасыз ету, жем-шөп базасын нығайту және ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кеңінен қолдау көрсетілетін болады. 2015-2016 жылдары 28 тауарлы-сүт фермасы қайтадан жабдықталып, 9 жаңа ферма құрылмақ. Бұл мал басын 6 мыңға, сүт өндіруді 20 мың тоннаға дейін арттырады. Сондай-ақ, болашақта 110 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізуді жоспарлап отырмыз. Қиындықтарға қарамастан, Су ресурстары комитеті биыл аталған бағытқа 3,5 млрд. теңге бөлді. Шығыс өңірінде 2,2 млн. қой бар. Ресей мен Қытайдың азық-түлік нарығына шығу мақсатында кемінде мың басқа арналған заманауи ет комбинатын құрып, етті терең өңдеу және мұздату жоспарланып отыр. Сондай-ақ, білікті жас мамандар тарту үшін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында тұрғын үй мәселесін шешу қарастырылады. Мұның бәрі мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан, отандастарымыз, ауылдық кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары нық сеніммен еңбек етуі керек. Елбасы айтқандай, алаңдауға негіз болатын нәрсе Шығыс Қазақстанда да жоқ.

 Қызылордада кәсіпкерлер палатасы кәсіпкер құқын қорғап қалды

Қазір кәсіпкерлер құқығын қорғаудың да өзекті мәселе болып тұрғаны жасырын емес. Осы тұрғыда аймақтардағы кәсіпкерлер палатасының не атқарып отырғанын білуге бола ма? Мақсұт Дүкенбаев, кәсіпкер. АСТАНА. Аталған сұрақтың нақтылы дерекке құрылған жауабын Қызылорда облысының Қазалы ауданында тұратын кәсіпкер Гүлмира Қирабаева былайша келтірді: – Мен өз кәсібімді 2013 жылы Қазалы қаласындағы №16 мектептің ғимаратын жалға алып, онда асхана ашудан бастаған едім, – деп әңгімесін тарқатты ол. – Бірақ кейін мектеп директоры келісімшарт мерзімі біткен кезде менімен бұдан әрі қызметтестікті жалғастырмайтынын ешбір ескертпестен, орныма көпе-көрнеу басқа адамды алды. Ол менің қызметіме бұған дейін ешқандай кінәрат тағылмағанына қарамастан, келісімшарт мерзімін ұзарту жөніндегі өтінішіме құлақ асқан жоқ. Өз құқығым осылай аяқасты болған мен ақырында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Қазалы аудандық филиалына арызданып бардым. – Осыдан кейін кәсіпкерлер палатасы аудандық прокуратурамен бірге мәселені талқылап, мектеп басшысы тарапынан тәртіптің бұзылғанын анықтады. Нәтижесінде менің құқығым дер кезінде қорғалып, келісімшарт мерзімі ұзартылды. Менің мәселемнің жедел әрі сапалы шешілуіне ықпал еткені үшін кәсіпкерлер палатасына айтар алғысым шексіз. Өз кәсібін жүргізуде қиындыққа кездесіп жүрген өзім секілді кәсіпкерлерді кәсіпкерлер палатасынан көмек алуға шақырамын, – деп аяқтады кәсіпкер өз сөзін. Біз өзіміздің тарапымыздан өткен жылы облыстық кәсіпкерлер палатасына 152 өтініш түсіп, оның 119-ы немесе 78 пайызы оң шешілгенін, биылдың өзінде түскен 18 өтініш бойынша тиісті мемлекеттік органдарға сұраныстар жолданып, қаралып жатқанын қосар едік. Кәсіпкерлерден түсетін өтініштердің басым бөлігі жер, мемлекеттік сатып алу, рұқсат беру рәсімдері мен салық мәселелеріне қатысты болып отыр. Палата мүмкін болғанынша олардың әділ шешілуіне күш салып жатыр. Сұрақтарға жауаптарды жазып алғандар: Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Жолдыбай БАЗАР, Бақтияр ТАЙЖАН, Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».