Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Куба Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Рохелио Сиерра Диасты қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, біздің еліміздің тәуелсіздігін танудағы әлемдегі алғашқы елдердің бірі болған Кубаның шешіміне Қазақстанда ризашылықпен қарайды. Төраға 1995 жылы Сыртқы істер министрі ретінде Гаванаға сапарын және Команданте Фидель Кастромен кездесуін жылы шыраймен еске алды. Қ.Тоқаев өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту үшін Қазақстан мен Куба қатынастарының барлық мүмкіндіктерін пайдалану, оның ішінде парламентаралық байланыстарды дамыту, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру, туризм және ауыл шаруашылығы салалары бойынша іскерлер арасындағы байланыстарды үдету қажет деп санайды. Парламенттің жоғары палатасының басшысы кубалық компанияларды Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақырды.
Сенат Төрағасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы Кубаға сапары екіжақты қатынастардағы тарихи оқиғаға айналып, оған елеулі серпін беретініне сенім білдірді.