Біз ойда-жоқта кездестік. Машат шатқалында. Машат шатқалы деген аттың өзі махаббат тақырыбына сұранып тұрған жоқ па? Мархабат ағаның “Машаттағы махаббатын” да сүйсіне оқып тастағанбыз бір кезде.
Сол жерде махаббат туралы кино түсіріліп жатыр екен, соған анау-мынау емес, сонау Франция елінен әлемге әйгілі актер Жерар Депардьенің өзі келіпті деген соң, өнер десе ішкен асымызды жерге қоятын әдетімізбен құйысқанымыз көтеріле берді.
Сонымен, Машатқа қарай сапар шеккенбіз. Көп ұзамай киношылардың қым-қуыт тірлігіне де куә болғанбыз. Жерар Депардье атты “жұлдызды” да көрдік. Байқаймыз, ол қалжыңбас сияқты. Әсіресе, белгілі актер, талантты өнер иесі Болат Қалымбетовпен әзілі жараса кетіпті. Олардың әдемі әзіл-қалжыңдарына қазіргі қазақ киноөнерінің дара тұлғасы Нұржұман аға Ықтымбаев кеңкілдей күліп, мәз болып қалады. Осының бәрін көріп, куә болып тұрған соң атақты актермен әңгімелескіміз келмей ме баяғы. Ал әңгімелесу үшін француз тілінің маманы керек. Ол да табылды. Табылғанда... Айша болып шықты. Айша болғанда, күллі қазақты бір жерге жиып алып, оқиғасын айтып бер десең жатқа соғатын кәдімгі “Тақиялы періште” фильміндегі бәріміздің сүйікті кейіпкеріміз Тайлақ ғашық болатын бойжеткен ше? Иә, аудармашымыз сол сұлудың дәл өзі болып шықты!
Рас, Машатта кездескен аудармашы Айша кинодағы өрімтал Айша қыздан бүгінде өзгерек. Әрине, уақыт табы кімді болса да өз еркіне еріксіз жүгіндіреді ғой. Оның үстіне көзіне тұнған мұңнан тағдыр тауқыметін біраз татқаны да аңғарылған.
Оу, айтпақшы, менің Айша, Айша деп неғып таңдайым тақылдап кетті. Айша – оның фильмдегі аты, ал өмірдегі есімі Шолпан емес пе? Шолпан Жүсіпқызы Алтайбаева! Иә, белгілі журналист, жазушы, сықақшы Жүсіпбай Алтайбаевтың туған қызы. Жүсіп ағамыздың “Нақ, нақ”, “Сыпырғы”, “Ұят-ай”, “Түлек”, “Жайнақ” және “Арзан домбыра” сияқты көптеген тамаша кітаптарын оқып өскенбіз. Кезінде “Ара” сияқты арынды журналдың бас редакторы болғанынан да хабардармыз. Ұят болғаны, сүйікті жазушымыздың қазақ кино өнерінің шоқ жұлдызының бірінен саналатын “Тақиялы періште” фильміне он екіде бір гүлі ашылмаған ерке қызын актер ретінде үкілеп қосқанын білмеппіз.
Айша бүгінде филология ғылымдарының кандидаты. Кандидаттығын сонау Санкт-Петербургте қорғаған. Алматы шет тілдер институтының студенттеріне, міне, жиырма үш жылдан бері француз тілінен сабақ беріп келеді. Ол “Тақиялы періште” фильмінен басқа, “Ән қанатында”, “Атамекен” киноларына да түскен. “Ән қанатында” – Ләйланың рөлін ойнады. Киношылардың тілімен тұжырсақ, “партнері” Әнуар Молдабеков сынды дарынды актер болған. Ал “Тақиялы періштедегі” Айша рөліне мектептің 11 сыныбында оқып жүрген кезінде, яғни 18 жасында шақырыпты...
“Машатқа кел, Жерар Депардьеге аудармашы таппай, қысылып тұрмыз”, деп шақырған белгілі режиссер Сергей Әзімов екен. Оның алдында Созақтағы “Катко” уран компаниясында 3 жыл “тілмаш” болған тәжірибесі бар көрінеді. Өкімет “өз күндеріңді өздерің көріңдер” деген соң өзекті жанға нан табу керек те баяғы. Күйеуі Равиль Сабыров болса марқұм болып кетіпті. Одан бір ұл, бір қызы бар. Ұл – суретші, қыз – құқық қорғаушы. Дәмелі деген немересінің тілі балдан тәтті.
Айпақшы, Машат шатқалына кіреберістегі кино түсіріп жатқан ауылға Шымкенттен бір топ әйелдер де келіпті желпілдеп. Жерар Депардьемен сөйлесеміз дейді. Французша! Актерге: “көрдіңіз бе, месье, біздің Шымкенттің әйелдері Дулатидің ғана емес, сонымен бірге Дюманың тілінде де сайрайын деп тұр”, деген ем, қазақтың мінез-құлқын біліп қалған ол балаша мәз болды да қалды.
Ең бастысы, әлгі әйелдер – Шолпан Алтайбаева дәріс берген байырғы студенттер болып шықты. Ұстаздарымен: “Шолпан Жүсіпқызы, шынымен сіз бе!?” деп, шұрқырай амандасып, қуана құшақтасып жатыр. “Ұстаз бақыты!” деген осы ғой. Шолпанның мұң ұялап, сыр тұнған көзі лезде жайнап шыға келді.
“Тақиялы періште” фильміне, ондағы айдай сұлу Айшаға қайта оралайықшы. Өз басым бұрын ылғи Әмина апай мен баласы Тайлақтың қылығына мәз болып отыра беріппін. Әйтпесе, бұл фильмде жеке-жеке сөз ететін көптеген қаһармандар бар ғой. Олардың ішінде Айша-Шолпанның бейнесі де өзі аттас жұлдыздай жарқырап тұр. Ол сомдаған бейнедегі нәзіктік қандай, сұлулық қандай, ең бастысы — қазақ қыздарына тән ақылдылық пен жібектей мінез қандай, шіркін!.. Мен фильмді қайта көргенде осындай ой түйдім.
Сіздер де “тірлік көп, жұмыс бастан асады” деместен, бір көріп шығыңыздар.
Суретте: актриса, ұстаз Шолпан Алтайбаева.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Суретті түсірген Алтынбек Қартабаев.