05 Наурыз, 2015

Инженер, ғалым, педагог

530 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
07Біздің елімізде білім саласы секілді қарқынды түрде жаңарып, жаңғырып отыратын басқа бір саланы айту қиын. Реформалардың күрделі кезеңдерін өткерген білім саласы, әсіресе, жоғары білім саласы, өздерін қызметтің басқа да салаларында нәтижелі көрсете білген мықты ғалымдар мен педагогтардан айырылып қалдыЖоғары мектепте тек өз саласына мейлінше берілген және өз еңбегін шексіз сүйгендер, өздерін академиялық қабырғадан тыс елестете алмайтындар мен идея үшін қызмет ететіндер ғана қалды. Бүкіл өмірін еліміздің ірі жоғары оқу орнының гүлденуіне арнаған осындай ғалымдардың бірі, жоғары мектеп ұйымдастырушысы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Талқаұлы Айменов. Оңтүстіктің қасиетті топы­рағында туған ол, өн бойына туған  өлкесінің даналығын, дәс­түр­ге беріктігі мен адалдығын артығымен жия білді. Сол кездерде іссапармен осы өңірде жүрген Қазақстан Компартиясының жетек­шісі Ж.Шаяхметов «Ұлы ақын Жамбылдай болсын!» деген батасымен бірге ұлы Жамбылдың есімін берген екен. Қазақта тектілік деген ұғым бар. Тегіне тартпай қоймайды дейді. Тектілік ұрпақтың бойында атаның, әкенің қанымен, ананың сүтімен дарып, ұрпақтан-ұрпаққа жететін қасиет. «Сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған, жақсыдан жақсы туар жарқылдаған», деп атамыз қазақ бекер айтпаған. Жамбылдың әкесі Талқа Әуелұлы Айменов Қазақстанның белгілі мемлекет қайраткері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген гидротехнигі, 1945 жылғы Мәскеудегі Жеңіс ше­руінің қатысушысы, еліміз­дегі су шаруашылығы мен ауыл шаруашылығының ірі ұйым­дастырушыларының бірі болды. Ол ұжымшар төрағасы, жылжы­малы механикалық колонна, аудан басшысы, КСРО су шаруашылығы министрлігінің «Главриссовхозстрой» одақтық бірлестігінің жетекшісі, ондаған кеңшарлар мен 5 үлкен құрылыс тресін біріктірген Оңтүстік Қа­зақстан облыстық өндірістік-құры­лыс бірлестігінің төрағасы болып қызмет істеп, дербес зейнет­керлікке шықты. Тәкең ағамыз басқарған одақтық бірлестік республикамыздың оншақты облысында су қоймалары мен каналдар салып, мақта, күріш, көкөніс өсіретін жаңа кеңшарлар ашып,  ауыл шаруашылығының «алтын қоры» болып есептелетін суармалы егіншілікті дамытуда орасан зор үлес қосты. Тәкең ағамыз құшағы кең, кі­сілігі мен кішілігі тең, жүрегі дархан, көңілінен шуақ шашып тұратын текті азамат болатын. Сөйлесе тереңінен қозғап, ағы­нан жарылып, ақыл айтса шын пейілімен, жетеңе жеткізіп айтатын, үлкенге кішіпейіл, ініге мейірімді жан еді. Ол кісіде намысқа тиіп, ашу шақыру, адамдарды алалау деген болмайтын. Дәлелді сөзге тоқтап, дәлелсіз сөзге мойнын да бұрмайтын. Әкенің үлгісі балаға сабақ деген. Су шаруашылығы ұйымдастырушылары саң­лақ­тарының тұтастай бір буынын тәрбиелеген әке беделі, оның білім мен ғылым алдында бас июі мен өз балаларын сауатты мамандар ретінде биіктен көруі Жамбыл Талқаұлының таңдау жолын анықтап берді. Әке өсиетімен ол 16 жасында Қазақ химия-технология институтының инженерлік-құрылыс факультетіне түсті. Өмі­рінің осы кезеңі Жамбыл Айме­новтің тағдырына ерекше ықпал етіп, оның бойында ер мінезді, ұйымдастырушылық қабілетті, көшбасшылық талант пен адамдармен жұмыс істей  білуді қалып­тастырды. Жамбыл студенттер арасында ең жасы болатын. Институтта оқу үрдісі орыс тілінде болғандықтан қазақ мектебін бітірген балаға оңайға соқпаса да, институтты қызыл дипломмен бітіріп шы­ғып, 21 жасында ғылыми және оқытушылық қызметін бастады. Дәл осы жылдарда оның инже­нерлік таланты мен техникалық мәселелерді шешудегі соны тәсілдерді табу қабілеті байқалды. Ғылыми ізденіс жүргізу ше­берлігі оқу барысында байқалған Жамбыл институттың ғылыми кеңесінің шешімімен В.Куйбышев атындағы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтының аспирантурасына жолдама алды. Әйгілі ғалым-профессорлар Т.Штоль мен А.Абрамовтың жетекшілігімен тәлім алған Жамбыл Айменов атақты оқушылардың қатарын толықтырды. Оның ғалым ретінде қалыптасуына үнемі ғылыми зерттеу мәселелері жөнінде құн­ды кеңестер беріп отырған ҚР ҰҒА президенті, академик М.Жұ­рыновтың еңбегі орасан зор. 1982 жылдан 1985 жылға дейін Ж.Айменов жолдама бойынша Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтында доцент, құрылыс факультеті деканының орынбасары, институттың жас ғалымдар кеңесінің және Қазақстан ЛКЖО Жамбыл облыстық коми­тетінің жас ғалымдар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1985 жылы ҚазХТИ-ға құрылыс факультеті деканының орынбасары қызметіне қайта оралды, 1988-1993 жылдар аралығында аталған факультеттің деканы қыз­метін атқарды. Осы кезеңде оның ұйым­дастырушы және ғалым ретіндегі қабілеттері байқалды. Оның ғылыми жетістіктері Ре­сейде, Украинада, Германияда, Болгарияда, Өзбекстанда танылып, құрылыс өндірісінде қолданылды. Ұйымдастырушылық қабілеті мен мәселелерді қоюға мемлекеттік тұрғыдан келуі Ж.Айменовтің 1993 жылы институттың кешкі және сырттай оқыту жөніндегі проректор қызметіне тағайындалуына себепші болды. Осы қызметі барысында ол оқытудың аталған түрлерінің дамуына үлес қосты. Жамбыл өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыра отырып, 1996 жылы Ресейде докторлық диссертациясын қорғады және институттың ғылыми жұмыс және халықаралық қатынастар жөніндегі проректор қызметіне тағайындалды. Сол кездерде ол өз саласы бойынша Қазақстандағы екінші ғылым докторы еді. 1996 жылы Ж.Айменов Халық­аралық экология және табиғатты пайдалану академиясының ака­демигі, 1999 жылы Халық­аралық педагогикалық ғылымдар акаде­миясының, Халық­аралық психология, кәсіп­­керлік және менеджмент академиясының толық мүшесі болып сайланды. 1997 жылы профессор Ж.Айменов ХҚТУ президенті, ака­демик М.Жұрыновтың шақыр­туымен Ясауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік университетіне оқу ісі жөніндегі проректор болып ауысты, ал 2004 жылдан бастап ХҚТУ вице-президенті болды. 2004-2012 жылдар аралығында институттың директоры және университеттің вице-президенті қызметінде жүрумен қатар, ЖОО-ның дамуына, оның әлемнің жетекші университеттерімен халық­аралық және ғылыми байла­ныстарын нығайтуға, иннова­циялық оқыту тәсілдерін енгізуге қомақты үлес қосты. Бұл жылдары Ж.Айменов облыс пен республиканың қоғамдық өміріне белсене қатысты. «Нұр Отан» партиясының ұсынуы бойын­ша ол 2007 жылы облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланып, Түркістан қаласының дамуына, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының құрылысына, «Таза су» бағдарламасының жүзеге асырылуына үлкен үлес қосты. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Ж.Айменов 2000 жылы Отырар ауданының құрметті азаматы, ал 2008 жылы Түркістан қаласының құрметті азаматы атақтарына ие болды. Ж.Айменов меценат та болып табылады, ол өз меншігіндегі ұзындығы 36 км., ауданның көптеген мақта және жүгері алқап­тарын сумен қамтамасыз етіп отырған ірі гидротехникалық құры­лыс болып саналатын Т.Айменов атындағы магистралды каналды (бұрынғы «Көк-Мардан»)  Оты­рар ауданының коммуналдық меншігіне тегін аударып берді. 2012 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен Ж.Айменов М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың бірінші проректоры болып тағайындалды. Ірі көпсалалы ЖОО-ның бірінші проректоры ретінде Ж.Айменов ЖОО-ны жаңашаландыру, зерттеуші ЖОО мәртебесіне ауысу жөнінде қомақты ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстарын жүргізді. 38 жыл бойына республиканың ірі-ірі екі бірдей жоғары оқу орнындағы басқарудың күрделі  қызметі Жамбыл Талқаұлына ауқымды ғылыми-зерттеу және өнертабыстық жұмысын қоса атқаруға кедергі келтіре алмады. Профессор Ж.Айменов негізгі ғылыми бағытты айқындап алған соң, оларды жаңа технологиялармен біріктіруге кірісті. 2013 жылы оның ғылыми жобасы жалпы сомасы 36 млн. теңге болатын, ал 2015 жылы 22 млн. теңге болатын ҚР БҒМ гранттарын  ұтып алды. Жүргізілген зерттеу жұ­мыстарының нәтижелері бойынша Ж.Айменов 4 монографияны, 24 оқулық пен оқу құралдарын, 62 әдіс­темелік құралдар мен нұс­қау­ларды жарыққа шығарды.   Республиканың білімі мен ғы­лымына қосқан зор үлесі үшін Ж.Айменовке Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің Жар­лы­ғымен 2006 жылы «Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. ҚР Президентін кезектен тыс сайлау жүргізу кезінде 2011 жылы Ж.Айменов Н.Ә.Назарбаевтың сенімді өкілі ретінде Түркістан қаласы бойынша «Нұр Отан» партиясының қалалық штабында белсенді жұмыс жүргізді және 2012 жылы оның еңбегі Президент Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. 39 жыл бойына оқытушыдан ЖОО-ның бірінші проректорына дейінгі жолды жүріп өткен Жамбыл Айменов өзінің айналасына пікірлестер тобын жинап, оқушыларға ұлағатты тәрбие беріп, еліміздегі жоғары мектептің білікті мамандарының бірі бола білді. Қуаныш АЙТАХАНОВ, Парламент  Сенатының  депутаты, экономика  ғылымдарының  докторы.