Кеше Астанадағы «Шабыт» шығармашылық сарайында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов «ЖОО-ның 2014 жылғы ең үздік оқытушысы» деп танылған 42 университеттің 200 оқытушысына мемлекеттік гранттарды табыс етті.
Дәстүрлі сайысқа өткен жылы республиканың 90 жоғары оқу орнынан 545 үміткер қатысқан болатын. Білім министрі атап өткендей, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын иеленгендердің денін ғылыми атағы бар оқытушылар құрайды. Атап айтқанда, 70 пайызға жуығы профессорлар мен ғылым докторлары, қалғандары – доценттер, ғылым кандидаттары және PhD докторлары.
Үздік деп танылғандардың арасында астаналық оқытушылар да бар. Солардың 14-і Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім береді. Олардың 9-ы ғылым докторы, 5-уі ғылым кандидаттары. Мамандықтары да әр саладан: физика, жаратылыстану, әлеуметтік ғылымдар, экономика, механика-математика саласы. Олар грантты иеленіп, ғылыми жаңалықтарын өмірге енгізуге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ, бұл мемлекеттік грант отандық оқытушыларға Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Испания, Бельгия, Польша, Австрия, Ресей секілді мемлекеттердің жетекші жоғары оқу орындарында сынақтан өтуге жағдай жасайды.
Базарбек ТҮКІБАЙ.
АСТАНА.