22 Тамыз, 2015

Ардагерлер – Алакөлде

795 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_2766 Шығыс өңірі маржандарының бірі – Алакөл. Шипалы су шара­па­тының даңқы жыл санап артып келеді. Сәйкесінше, көл жағалауындағы инфрақұрылым да жақсарғанына куә болып жүрміз. Жақында Үржар ауданының 75 ардагері Алакөл жағалауындағы «Үржарайым» демалыс лагерінде тегін демалды. Былтыр аталған демалыс үйінде 50 қария демалған болатын. Келер жылы демалушы қарттар қатарын биылғыдан да көбейту көзделіп отыр. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» атты ардагерлердің басқосуы мен демалысына Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин ұйытқы болды. Аудан басшысы аталған шараның ашылуында ардагерлерге мемлекет тарапынан зор көңіл бөлінетінін, Алакөл жағалауындағы демалыс соның бір айғағы екенін атап өтті. Ауданның 27 ауылдық округінен келген ардагерлер қатарында ұзақ жылдар бойы туған елі мен жерінің дамуына үлес қосқан қарттар, соғыс және еңбек ардагерлері, «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері бар. Бір аптаға созылған демалыс маусымында жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетіп, ардагерлер дәрігерлік тегін тексеруден өтті. Сондай-ақ, ауыл кітапханаларының қыз­меткерлері қарияларды әдеби кітаптармен қамтамасыз етсе, аудандық спорт бөлімі ардагерлер арасында шахмат, дойбы және басқа да спорт түрлерінен жарыс­тар ұйымдастырды. Ал аудан өнерпаздары күнделікті мерекелік концерт ұсынды. Аталған шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Василий Ахаев Ұлы Отан соғысынан кейінгі ел экономикасын оңалтуға айтарлықтай үлес қосқан тыл және еңбек ардагерлерінің қоғамдағы орны зор екенін, бүгінде ардагерлерге мемлекет тарапынан әлеуметтік жеңілдіктер, түрлі шипажайларға денсаулықтарын түзетуге жолдамалар беріліп жатқанын жеткізді. – Бұл – өскелең ұрпақ үшін тағылымы мол шара. Өңіріміздің ардагерлері бас қосып, жігерлі жастық шақтарын еске алысып, арқа-жарқа болып жатыр. Таяуда Астанада өткен семинар-кеңеске қатыстым. Жиында жергілікті атқарушы органдар мен ардагерлер ұйымдарының өзара іс-қимылын өрістету жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді. Бүгін осы шараның іс жүзіне асырылғанына куә болып отырмыз, – деді Василий Иванович. «Үржарайым» демалыс ке­шенінде бір-бірімен қау­қыл­дасып, әзілдесіп, арқа-жарқа отырған қарияларды сөзге тарт­тық. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрланбек Сандыбаев, Ақшоқы ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ниязхан Жұмаділов бүгінде Үржардың үр мекенге айналып, гүлденіп, көркейіп келе жатқанын атап өтсе, Қарабұлақ ауылының ақсақалдары Махади Рахимов, Әбілхамит Ысқақов ұзақ жылғы еңбекті ескеріп, ақысыз-пұлсыз демалыс ұйымдастырған аудан басшылығына алғыстары шексіз екенін жеткізді. Науалы ауылының тұрғыны Тілеухан Оразиманова 10 бала өсіріп, тәрбиелеген «Ардақты ана», «Алтын алқа» иегері екен. Елу жыл бойы мал шаруашылығында еңбек еткен әже 25 немере-шөбере сүйіп отырғанын, ел аман, жұрт тыныш болса, жанға барақат та болатынын айтты. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы.