05 Наурыз, 2015

Тұтынушылық пиғыл тақырға отырғызады

306 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Қазіргі күні көптеген экономистер әлемде жаңа үлкен дағдарыс толқыны орын алуы мүмкін деген қауіпті болжамдар білдіруде. Олар оның бірқатар белгілерін АҚШ экономикасында қазіргі қалыптаса бастаған жағдайға қарап аңғаратындықтарын айтады.

Борыш тұңғиығында

жахан-1АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесінің бұрынғы басшысы Алан Гринспен бұл ел экономикасы қиын жағдайда тұрғандығын жеткізді. Федералдық резервтік жүйенің қазіргі басшысы Джанет Йелленге қарағанда ол еңбек рыногының қысқаруымен қатар жүріп жатқан АҚШ-тағы экономика өсімі ерте ме, кеш пе, әйтеуір инфляцияның бас­талуына алып келеді деп санайды. «Қазіргі кезеңде біз көпшіліктің күтіп отырғанына қарағанда әлдеқайда ертерек инфляцияға тап болатын боламыз. Өйткені, қаржы рыногына қысым қазірдің өзінде басталып кетті», деп ескертті ол. Иә, ұзақ мерзімді капитал салымының күрт төмендеуі бұл үдерістің қайта қалыпқа келуіне бөгет жасайтыны анық. Бұл қауіпті құбылыс болып есептеледі. Негізгі капитал күткендегіге қарағанда тым баяу өсу үстінде. Ал мұның өзі өнімділікті арттыру ісінде қиындықтар пайда болғандығын көрсетеді. Алан Гринспен барлық проб­леманы осымен түсіндіреді. Оның айтуынша, ұзақ мерзімді капитал салымының азайып кетуі инвесторлар көңілінде үлкен алаң бар екендігін білдіреді. Өйткені, болашақтың қандай бағытқа бет алатынын ешкім болжап біле алмай отыр. Сондықтан, экономикаға ұзақ мерзімді салым салуға ешкім де онша ниетті емес. Сонымен қатар, Гринспен ел экономикасына қарағанда, ондағы қаржы рыногының жедел қалыптаса түскендігін атап көрсеткен. Мұның өзі болжанып отырған қауіптің расқа шығатындығын көрсетеді. «Қаржы рыногы өте шапшаң қарқынмен қалпына келуде және ол ұзақ мерзімді бағыт ұстап отыр. Мұның өзі енді бір сәттері едәуір жағдайда түзету енгізудің қажет болатындығын көрсетеді. Бұл оқиға қашан орын алады? Оны мен тап басып айта аламаймын», дейді Гринспен. АҚШ Федералдық резерв жүйесінің бұрынғы басшысының пікірі бойынша, таяу уақыттарда Америка экономикасы өзінің қаржы секторында банкроттар серия­сына тап болады. Өйткені, қазіргідегідей дағдарыстар жүз жылда бір қайталанады және өте ауыр жүреді. Сондықтан да, қазіргідегідей жағдайда экономикалық өсімнің баяулауына таңғалуға болмайды. Қайта оның бар екендігіне қуану керек. Ал мұндай жағдайда, үкіметке жеке банктерге көмектесу жөн болып табылады. Бірақ рыноктың шектелмеуін ойластыру керек. Гринспеннің пікірінше, бұл дағдарыс АҚШ-та жылжымайтын мүлік бағасы тұрақтанған кезде ғана барып аяқталады. Бірақ АҚШ-тың өзінің негізгі басты артықшылығы болып табылатын доллардан айырылып қалу қаупі бар. «Бүкіл әлемде доллар ерекше құрмет­пен пайдаланылады. Бұл – құндылықтың бас­ты көзі. Егер біз осы қаржы жолымен одан әрі жүре беретін болсақ, онда біз қазіргі жағдайды жалғастыра түсеміз», деп тұжырымдайды ойын Гринспен. Өкінішке қарай, Гринспен АҚШ экономикасындағы терең дағдарысты болжап отырған жалғыз маман емес. Мәселен, Dagong Қытай рейтинг агенттігі де 2008 жылғы жағдайдан әлдеқайда кең көлемде және әлдеқайда қуатты жаңа әлемдік дағдарыстың болатындығын айтып, содан сақтандыруда. Агенттік мамандарының пікірінше, бұл оқиға таяудағы екі жылдың ішінде орын алуы мүмкін. Агенттік басшысы Гуань Цзяньчжун былай дейді: «Мен таяудағы бірнеше жылдың ішінде жаңа әлемдік қаржы дағдарысымен бетпе-бет келеміз деп есептеймін. Оның дәл қай уақытта болатындығын кесіп айту қиын. Бірақ келе жатқан жойқын ауыртпашылықтың барлық белгілері қазірдің өзінде байқалып қалып отыр. Мәселен, борыш берешектері барған сайын артып барады. Ал АҚШ, Еуропалық одақ, Қытай және дамушы елдер экономикаларының даму ырғағы барған сайын тұрақсыздана түсуде». Сарапшылардың пікірінше, дамудың қазіргі моделі өзін өзі толық сарқып бітті. Бұл модель қарыз қаражаттарын тұтынуға негізделген болатын. Енді осы үдерістің өзі жаңа дағдарысқа алып келеді. Қарыздар мен несиелер экономиканы талқандайды. Айтпақшы, көптеген дамушы елдер соңғы жылдары Батыстың осы бір мысалынан үлгі алып, тұтынуды несие беру арқылы ынталандырып келді. Мұның ақыры экономика үшін қайда апарып соғатындығы қазір Әзербайжан мысалынан көрініс беріп отыр. Бұл елде банктердің тұтыну кредиттерін берумен барынша шұғылданып кеткендігі сондай, оған шектеу қоюға ел президенті Ильхам Әлиевтің өзі араласуға мәжбүр болды. Ол банктерден тұтынушылық несиелерді бере берудің орнына нақты экономикаға қаржы салуды, яғни осы істі несиелендіруді талап етті. Қытай агенттігі талқылап отырған мәселе көптеген экономистердің де назарындағы іс болып табылады. Бұл жағдай әлемнің әр түкпірінде бірқатар уақыттан бері сөз болып келеді. Сондағы айтылғандарға назар аударатын болсақ, Батыс әлемі өздерінің жоғарыдағыдай әрекеттерімен жағдайды одан әрі ушықтыра түскендігін байқаймыз. Орталық банк­тер ақша басуды жалғастырып келе жатқан рыноктардың барлығында дамудың бұзылу үдерісі бар. Ең басында Жапония банкі осы әдіспен өзінің борыш рыногын құртқан болатын. Бұдан кейін еуропалық облигациялық рынокта ставкалар рекордтық төменгі шекке дейін түсіп кетті. Тіпті, кейбір жағдайларда кері аумаққа дейін шығып кетті. Осы жағдай Еуропалық орталық банктің әрекеттері арқылы қайталанды. Ал енді долларға келетін болсақ, ол бүгінгі таңда негізгі резервтік валюта болып табылатындықтан, үлкен проблема бас көтеруде. Шағын елдерде жұмыссыздық жағдайы белең ала бастаса болды, сол елдің басшылығы бұл проблеманы сауда операцияларының ірі профициті есебінен, яғни экспортқа жұмыс істеу есебінен шешуге ұмтылады. Бұл үшін өздерінің ұлттық валюталарын басып шығарып, оларға АҚШ-тың қазынашылық қағаздарын сатып алады. Сөйтіп, өз валюталарының долларға қатысты бағамының құлдырауына ықпал етеді. Сөйтіп, америкалық дефициттің есебінен профицит пайда болады. Бұл ақыр аяғында бүкіл әлем үшін қисық дамудың өріс алуына алып келеді. Өйткені, енді бүкіл әлем үшін борыштардың шектен тыс көлемде өсуі арқылы ғана шешілуі мүмкін аса ірі көлемдегі теңгерімсіздік орнайды. Ал ол ақыр аяғында дағдарысқа алып келетін болады. Біз қазір доллар ендігі кезекте АҚШ үшін басты артықшылық қана емес, сонымен қатар, үлкен ауыртпалыққа айналатын шекке дейін жеттік. Өйткені, әлем АҚШ-та қаржы тапшылығының орын алуын талап етіп отыр. Әйтпеген жағдайда, басқа елдер өздерінің валюталық қорларын қалыптастыра алмайтын болады. Сонымен, алда келе жатқан үлкен дағдарыстан АҚШ құтыла ала ма? Әлем экономикасының жағдайы осыған байланысты болады деп есептейді көптеген экономистер.

Австрияда жұмыссыздар көбейді

People stand in a queue to enter a government job centre in Madrid January 5, 2010. Spain's Labour Ministry announced unemployment figures on Tuesday, and said the number of people registered as jobless hit 3.9 million in December, up 54,657 from the month before. REUTERS/Paul Hanna (SPAIN - Tags: EMPLOYMENT BUSINESS POLITICS SOCIETY)Қазіргі күндері Австрияда жұмыссыздар саны артып барады. Бұл елде жұмыссыздық деңгейі 10,3 пайызға жеткен. Бұл өткен жылдың осы мерзімінен 5,8 пайызға артық. Жаңа жұмыс орнын іздеу үшін қайтадан білім алып жатқан жұмыссыздар саны 466 226 адамды құрайды деп жазады «Die Presse». Соған қарамастан, аталған елге Румыния мен Болгариядан жұмыс іздеп келушілер саны да көбейе түсуде. 2014 жылдың соңында олардың саны 40 мыңға дейін жетіп, 38 пайызға ұлғайған. Австриялық әлеуметтанушылардың мәліметі бойынша, шетелден келіп жатқандардың арасында көбінесе түріктер, сербтер, хорваттар жұмысынан жиі айы­рылады. Оның үстіне, елдегі жас және неғұрлым білімді адамдардың орнын гастарбайтерлердің басуы үдерістік сипат алып отыр.

Еңбек нарығындағы жаңа шиеленіс

 Британияда «нөлдік» еңбек келісім­шартымен жұмыс істеп жүрген адамдар саны қазіргі күні 697 мыңға жетіп отыр. Өткен жылдың осы мерзімімен салыс­тырғанда 110 мың адамға артық деп хабарлады осы елдің ұлттық статистика комитеті. a5f86-clip-158kbБірқатар сарапшылар бұл жағдайдан қауіпті құбылысты байқап отыр. Өйткені, осы арқылы еңбек нарығында әлеуметтік қорғалмаған жұмысшылардың қарасы көбейгендігі байқалады. «Нөлдік» келісімшарт әдетте, ең төменгі сағаттық еңбекті де қамтамасыз етпейді. Сөйтіп, мұн­дай жұмысшылардың тапқан жалақысының деңгейі ең төменгі жалақының белгіленген шамасынан да азайып қалып отыр. Әрине, мұндай жұмысқа көбінесе келімсек адамдардың, жұмыссыз жүрген жастар мен әйелдердің ғана келісетіндігі белгілі. Елде рецессия орын алған кезде көптеген компаниялар өз шығындарын қысқарту мақсатында осындай әдіс-тәсілдерге барған болатын. Енді ол қалыптасқан жағдайға айналып барады. Тіпті, экономикадағы өсім тұрақтанған кездің өзінде көптеген коммерциялық фирмалар осы әдіске барып отыр. Елдегі заңдылықтар бойынша бір адам бір жұмыс орнына аптасына 40 сағат еңбек етуі керек. Нақ осындай көлемдегі жұмыспен қамтылмағандықтан, адамдар енді әр жерде үш «нөлдік» келісімшарт бойынша жұмыс істеуге мәжбүр болуда. Сарапшылар бұл жағдай бұдан әрі орын ала берсе, еңбек нарығында әлеуметтік шиеленіс күшейе түседі деп есептейді. Дайындаған Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».