Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жұмысы» тақырыбында брифинг өтті.
Оған Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Шолпан Есімова, Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Сәдуақасова, «деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталығы» қоғамдық қорының президенті Юлия Денисенко қатысты.
2011 жылы құрылған орталықтың жетекшісі Айгүл Сәдуақасова өз сөзінде Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының алдағы уақытта мемлекеттік этносаясатты іске асыру және Қазақстандағы этноконфессиялық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша білім беру іс-шараларын өткізуді назарда ұстайтынын атап өтті. «Сондай-ақ, бұл орталық этносаралық және толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін нығайту мен дамыту жөніндегі стратегиялық тұжырымдаманы әзірлеумен, Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық қатынастары бойынша ғылыми-зерттеу базасын қалыптастырумен айналысатын болады», – деді ол өз сөзінде.
Шолпан Есімова Елбасы «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде бес халықтық реформаны іске асыруда Академияның рөлі айрықша екеніне тоқталды. «Мемлекеттік қызметті кәсібилендіру кадрларды оқыту жүйесіне тікелей байланысты. Мемлекеттік басқару академиясы еліміз үшін басқарушы кадрларды дайындауда негізгі рөл атқарып отыр. Академияның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясында елімізді табысқа жетелейтін басқарушы кадрлардың негізгі буынын сапалы дайындау мақсатына баса назар аударылған», – деді Ш.Есімова.
Брифингке қатысушылар аталған орталық аясында этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы ғылыми-зерттеулерді үйлестіру, этносаясаттың өзекті бағыттары бойынша Ассамблеяның қызметін ғылыми-сараптамалық тұрғыда қамтамасыз ету жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Бүгінде орталықтың жұмысына отандық, сондай-ақ, Оңтүстік Корея, Қытай, Болгария, Испания, Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерден сарапшылар арнайы шақырылады екен. Түрлі халықаралық ұйымдармен де тығыз ынтымақтастық орнатылған. Алдағы уақытта орталық мамандары Астана, Ақтөбе, Орал, Петропавл мен Талдықорған қалаларында 5 семинар өткізуді көздеп отырған көрінеді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».