19 Шілде, 2010

ЕЛБАСЫ ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІНЕ ДАҢҒЫЛ ЖОЛ САЛЫП БЕРДІ

814 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Ғасырлар қойнауына үңілсек, қазақ даласынан талай-талай күймелі керуендер мен келісті көштер жүріп өткен. Халқымыз байырғы тұрмысында жазда жайлауға, күзде кері қыстауына көшкен. Көктемдегі көші жаңарудың белгісі болса, күздегі көші ырыс-берекемен оралудың айғағы болған. Сондықтан да халқымызда көшке қатысты мақал-мәтел де, мысалдар да өте көп. Жүгін жинап жүрген адамға: “Көш көлікті болсын!” деп тілек айтқан. Немесе сапарға аттанғалы жатқан жанға: “Ат-көлігің аман келсін”, деген. Өмірдің өзі көшуден, бір жүйеден екіншісіне ауысудан тұрады. Тіпті бір қоғамдық формацияны ұстанған елдің өзі де әркез жаңа заманға ла­йық­талып отырмаса, дер кезінде реформалар жүр­гізбесе, асау өмір ағымынан қалып қоятыны анық. 1991 жылы 16 желтоқсан күні әлемге жаңа тәуелсіз мемлекет келді. Ол – Қазақстан. Ел де түсіне білген адамға көш сияқты. Алыптар мен азулылар үстемдік құрып тұрған қоғамда өзіндік қоры жоқ, бұрынғыдан қалған мұрасы жоқ жас мемлекеттің жеке өмір сүріп кетуі өте қиын. Социалистік жүйеден нарық экономикасына ауыс­қан еліміздің алғашқы жылдардағы қадамы тауға қар­сы жүрген көш секілді көрінеді. Осы жолда кез­дескен қиындықтарда есеп жоқ. Дегенмен, білігі мен өмірлік тәжірибесі мол адам көшті бастаса, күймелі керуеннің бірде-біреуі шашау шықпай, жарға соқтықпай, шыңырау құзға құламай, алыс та болса жақын жолдармен жүре білсе, көздеген мақсатқа же­те­тіні даусыз! Міне, Қазақстан Рес­публикасының Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан На­зарбаев бас­таған біздің көшіміз өтпелі кез­ең­дердің өзектей жіңішке, соқтықпалы да соқпақты жолдарынан аман өтіп, бүгінгі күнге жетті! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған біздің мемлекетіміз алғашқы күннен бастап елімізге дос іздеді. Көптеген мемлекеттермен ынтымақтастық байланысымызды орнатып, сыртқы саясаттағы ұстанған достық пікірімізді жеткіздік. Соның арқасында Қазақстан әлемдік қоғамдастықта беделді мемлекеттің біріне айналды. Еуразия аумағында өзіндік пікірі бар мемлекет болуы, үстіміздегі жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, әлемді толғандырып отырған маңызды мәселелерді қарау үшін ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы ұсынысының қол­дау табуы   еліміздің асқақ абыройын танытты. Туған халқы “Елі сенген Елбасы”, деп Президенттің әрбір бас­та­масын қуана қарсы алып, қолдау білдіреді. Сондықтан да хал­қы­мыз дә­уір­лерге жол тарт­қан даңғыл жолда Қа­зақстан атты ұлы кө­шіміздің тізгінін ке­меңгер сая­сат­кер, жа­ңаша ой­лай бі­летін көшбасшы, әр­қашан нақты іске ба­ғыт­талған қадам ­ре­форматор Нұр­сұлтан Назарбаевқа сеніп тапсырды. Елбасы алғашқы күннен бастап Қазақ­стан­ның бар­лық өңірін аралап, халықпен жүз­десуді өзінің аза­маттық бір парызы деп санайды. Халық алдында қалай сөйлеу керектігін, сұ­рақтарға жүйелі де нақты жауап беріп, тұр­ғын­дардың сенімін ны­ғайтып, мінбеге шық­қанда өзін-өзі ұстай білуін көп адам Пре­зидентімізден үйреніп жүр десек, артық болмас. Жылы шырайлы жүз­десулерде Нұрсұлтан Әбішұлы қария­лардың алғысына бөленсе, жастардың бойына па­триот­тық сезімді ұялатып жүргеніне үнемі куә боламыз. Елбасымен өткен кездесулердегі алған әсерім жайлы, ұмытылмас оқиғалар туралы ой бөлісуді жөн көріп отырмын. Мен Қостанай облысында ұзақ жыл еңбек еттім. Өзімнің еңбек жолымда Н.Ә.Назарбаевтың үлкен рөл атқаратынын мақ­та­ны­ш­пен айтамын. Жиырма жыл Қостанай об­лыстық атқару комитеті төрағасының орын­ба­сары, облыстық партия комитетінің хатшысы, облыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарып, әлеуметтік салаға жататын білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт мәселелерімен тікелей айналыстым. Басшылық қызметке тағайындалу орталық органдардың келісімімен жүзеге асатыны анық. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев әркез менің канди­датурамды қолдап отырды. Мен үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Ко­митетінің Бюро отырысында идеологиялық мә­се­лелер бойынша алғаш рет есеп бергенім – ешқашан ұмытылмайтын оқиға. Отырысты Қа­зақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хат­шысы Н.Ә.Назарбаев жүргізіп отырды. Об­лыстағы әлеуметтік мәселелерді зерделеп алған едім. Жақсы дайындалғанмын. Бір өңірдің дамуына тікелей байланысты болғандықтан, өзіме жүктелген үлкен жауапкершілікті де нақты сезініп тұрмын. Дегенмен, ойымды түгел жеткізе аламын ба деген ішкі қобалжу сезімім де жүрегіме маза берер емес. Нұрсұлтан Әбішұлы менің есеп берер алдында толқып тұрғанымды бірден аңғарып: “Бағила, қысылмай айта бер. Облыста қандай жұмыстар істелді? Бюроға айтатын мәселелерің бар ма?” деп емін-еркін сұрақ қойды. Менен есеп алушы емес, бірқалыпты сұрақ-жауап арқылы өзімен пікір алмасуға шақырған адамдай көрінді. Сол сәтте ішкі толқынысым басылып, Қостанай өңірінің тыныс-тіршілігі жөнінде қысқаша баяндап бердім. Шешімін таппай тұрған мәселеге келгенде, елімізге алтын астықты беріп отырған үлкен ай­мақ­та облыстық теледидардың жоқ екенін мәлім еттім. Оның барлық заманауи құрал-жабдықтарын са­тып алуға қаражаттың болмай тұрғанын жеткіздім. Нұрсұлтан Әбішұлы отырысты қорытын­дылаған кезде: “Мәселе дұрыс көтеріліп отыр. Үлкен об­лыста телевизия болуы керек”, деді. Және де сол кезд­егі еліміздің Мемлекеттік телерадио комитетінің төраға­сы, сыншы-жазушы Сағат Әшімбаевқа бірден нақты тапсырма беріп, көмек көрсетуі керек екенін айтты. Осы оқиғадан кейін арада ай да өтпестен Сағат ағамыз Қостанай облысына арнайы келді. Об­лыс­тық телекомпания орналасуға лайықты ғимаратты көрді, содан кейін телестудияға қажетті жабдық­тар­мен көмектесті. Міне, Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей қолдауымен Қостанай облыстық телеком­паниясының іргесі осылай қаланған болатын. Халықтың Елбасымызды қалай құрмет­тейтінін мен жақсы білемін. Нұрсұлтан Әбішұлы облысқа сапармен келгенде, зауыттар мен фабрикаларда, оқу ор­ындарында, театр мен ауруханаларда қос­та­най­лық­тар оны айрықша жылы шыраймен қарсы алады. Елбасымыздың және бір қасиеті – шешендігі. Ол қағазға қарап сөйлемейді. Жаңа көзқарастары мен ұсыныстарын айтып, ара­сын­да өткір әзілдерді келтіріп, кез келген ауди­то­рия­ны өзіне бағындырып алады. Бұл Пре­зиденттің ойлау қабілетінің жоғарылығын және елдің барлық жағдайын өте жетік білетінін көрсетеді. Н.Ә.Назарбаев еңбексүйгіштігімен де ерек­шеленеді. Мәселен, бір күнде бірнеше шетелдік қонақтарды және сала басшылары мен еліміздің аза­маттарын қабылдайды, маңызды құрылыс ны­сан­да­рын аралап көреді, тұрғындармен кездесулер өткізеді. Бүгінде біздер – ел Парламенті Мәжілісінің депутаттары шетелге шыққанда немесе елімізге меймандар келгенде, сұхбаттасамыз. Шетел­дік­тер­дің Қазақстанға деген қызығушылығының арта түс­кенін көреміз. Әсіресе, біздің елде болған және Пре­зидентіміздің ұстанған бағдарын білетін шетел­дің танымал саясаткерлері, кәсіпкерлері, қоғам қайраткерлері, өнер адамдары, қарапайым азамат­тары Қазақстанның бүгінгі жетістігі мен алдағы жоспарлары жайлы сұрап біледі. Ондай тілеулес адам­дар Елбасымызды көреген реформатор, стра­тегиялық және жедел шешім қабылдайтын тұлға деп бағалайды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерген жаңа бастамасының бірі – “Балапан” бағдар­ла­масы. Балдырғандарды балабақшамен қамту мә­селесі өзекті болып тұрғаны анық. Елбасы осы мәселені шешудің нақты жолын көрсетті. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі еліміздің халықаралық беделін өсірді. Нұрсұлтан Әбішұлы халықаралық қарым-қатынастың одан әрі дамуына баса көңіл бөліп келеді. Шетелге шыққан ресми сапарларында көптеген келісімдерге қол қояды. Оның ішінде басым бөлігі шетелдік инвестицияны өзімізге тартуға бағытталған. Шетел инвесторларының дұрыс жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған, заңдық негіз қалыптасқан. Ал инвестиция еліміздің экономикасына серпін бе­ретіні анық. Бүгінгі таңда Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Корея, Франция, Италия және басқа мемлекеттерден елімізге инвестиция тарту туралы мәселелер шешімін тапты. Жүргізілген реформалар өз нәтижесін берді, Елбасы Қазақстанның қарқынды дамуына даңғыл жол салып берді. Тұрғындардың өмір сүру деңгейінің артуы, бейбітшілік пен ынты­мақ­тың орнығуы еліміздің әрбір азаматының ер­теңгі күнге деген сенімін нығайтты. Пре­зи­денттің барлық игі істің жүзеге асуы мен бас­та­маларында шынайы негіз жатыр. Мұның бағасын Уақыт пен халық беріп отыр. Қазақстанның бүгінгі табыстарының жемісін келер ұрпақ көреді деген сенімім мол. Бағила БАЙМАҒАМБЕТОВА,  Парламент Мәжілісінің депутаты.