05 Наурыз, 2015

«Катюшаның» жүргізушісі

339 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
УОС-ЦВ1945 жылдың 24 маусымы күні Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысты Ұлы Отан соғысы кезінде жауға қарсы қолданылған әрі гитлершілердің зәресін ұшырып, естерінен тандырған ең жойқын әрі ең отты қару қайсысы екенін білесіз бе? Меңжан аға маған бұл сұрақты қойған кезде сәл тосылып қалғаным рас еді. Бұл – америкалық студебеккер машинасына орнатылған БМ-13 қондырғысы. Бұл атау көпшілікке беймәлім болғанымен, аталған қондырғы «Катюша» деген атпен барша отандастарымызға кеңінен мәлім, деп жалғастырды майдангер өз әңгімесін менің жауабымды күтпестен. IMG_6560Меңжан Абдрахманов со­ғыс­қа 1944 жылдың аяғында шақы­рылып, Солтүстік-батыс май­даны құ­рамындағы маршал Мерец­ков қолбасшылық жасайтын 7-армияның 52 гвардиялық мино­метшілер пол­кінде жүргізуші ретінде ұрыстарға қатысқан. Ол Карелия мен Балтық бойы мемле­кеттерінде соғыстың ауыр жүгін басынан өткереді. БМ-13 қондыр­ғысының ерекшелігі – мұнымен жау шептері мен экипаждарын атқылаған кезде біздің өзіміздің өмірімізге де қауіп-қатер төнеді. Бұл сәттерде қазылған окоптар мен шұң­қырларға тығылып үлгермесек, «Катюша» бәрімізді жермен-жексен қыла алады, дейді отты күндерді тағы бір ой санасынан өткізген соғыс­тың қарапайым жүргізуші жауынгері. Меңжан Ғабұлұлының 52 гвар­диялық минометшілер полкі Балтық мемлекеттері азат етілгеннен кейін, 1945 жылдың сәуір айында, күтпеген жерден Мәскеудің түбіндегі Железнодорожное елді мекеніне ауыстырылады. Осы кезде минометшілерге су жаңа студебеккер машиналары беріледі. Бұл қалай, деп бұған бәрі аң-таң қалысады. Өйткені, олар мұның бәрі алдағы Жеңіс шеруіне әзірліктің басы еке­нін сол сәтте білген жоқ еді. 1945 жыл «Катюшаның» жүргі­зушісіне екі бірдей қуанышын ала келеді. Алдымен оған Жеңіс күнін 9 мамырда Мәскеуде қарсы алу бақыты бұйырды. Сол күнді ол былайша еске алады. Біреулер қуаныштан жүздері жайраңдап күліп жүрсе, екінші бірі қорыққан мен қуанған бірдей дегендей, дәл осы қуаныштан еңкілдеп жылап жүрді. Үшінші бір әскери құрамалардың өкілдері жеңістің құрметіне аспанға тарс-тұрс еткізіп оқ атып жатты. Танысын, танымасын бірін бірі құшақтап, бірін бірі беттерінен сүйіп жүрген тұрғындардың санында есеп жоқ еді. Меңжан Абдрахмановтың бұдан тұп-тура 70 жыл бұрынғы екінші бір бақыты – 1945 жылдың 24 маусымы күні Мәскеуде, Қызыл алаңда өткізілген Жеңіс шеруіне қатысқаны.Бұл жағымды хабарды оларға дәл сол Жеңіс күні полк командирі, гвардия подполковнигі Пушкарев жеткізді. Ол ең алдымен полктің жеке құрамын көптен күткен Жеңіс күнімен құттықтады. Содан кейін полк бөлімшесіне айрықша құрмет ретінде жеңімпаздар шеруіне қатысу мүмкіндігі берілгенін жеткізді. Ұрыста – тұрыс жоқ дегендей, келесі күннен бастап Мәскеудегі әскери жаттығу жұмыстарын жүр­гізетін арнайы плац – алаңда әзірлік басталып кетті. БМ-13 қондыр­ғылары орнатылған студебеккерлер Қызыл алаңнан жүріп өткен кезде бір-бірінің арасындағы белгілі бір қашықтықпен аралықты дәл әрі мұқият сақтауға тиіс. Шерудің тәртібі осындай. Түйіп айтқанда, «Катюшалардың» арасы бір-бірі­нен көп те емес, аз да емес – бес метр болуы қажет. Студебеккер жүргі­зушілеріне қойылған екінші талап – тазалық. Егер қондырғыларға шаң қонып тұрғаны байқалса, бұл үшін берілетін ескертудің салмағы өте ауыр болды. Ақыры, 1945 жылдың 24 мау­сымы келіп жетті. Дәл сол күні Меңжан Абдрахмановтың бөлімшесі таң сібірлеп ата бастағанда сап құрып, өз аяқтарымен Қызыл алаңға қарай бағыт алды. Шеру күндізгі сағат тұп-тура 11.00-де басталды, дейді тоқсанның төріне шықса да еңкеймей, таяқ ұстап көрмеген майдангер аға. Реактивті қондырғы шеруінің алдыңғы қорабы алынып тасталған жеңіл автокөлік маши­насының үстінде подполков­ник Пушкарев келе жатты. Ол бұй­рық беру бағытындағы ерекше екпінмен минометшілер бөлімшесі жүргізушілеріне тиісті бағыт-бағдар беруінен бір танған жоқ. Оның жан-жақтарына, оңдарың мен солдарыңа бұрылып алаңдамаңдар, тек алдағы жол­дарыңа қараңдар деген бұйрық сөздері бұларға ап-анық естіліп тұрды. Сол күні Мәскеудің ауасы бұ­лыңғыр тартып тұрды. Ен­дігі бір сәтте Жеңіс шеруіне қатысу­­шылардың бет-жүздеріне жаң­бырдың майда тамшылары тиіп өтті. Осылайша бізге арқа тұсымыздан жан-жақтарыңа бұрылмаңдар деген тәртіп түсіп тұрса да дәл Қызыл алаңның ортасына келгенде Лениннің мавзолейі жағына көзім­нің қиығын тастап үлгердім. Әйтсе де көзді ашып-жұмғандай бұл қысқа сәтте Кеңес өкіметі бас­шы­ларының сұлбаларынан басқа анық ештеңе байқай алмадым, деп еске алады 1945 жылдың 24 сәуірі күні Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатыс­қан қазақстандық майдангер М.Ғ.Абдрахманов. 41Келесі күні олардың полкі жапон милитаристеріне соққы беру үшін Қиыр Шығысқа аттанып кетеді. Сөйтіп, ол мұнда әскери қызметін одан әрі жалғастырып әрі екінші рет соғысқа қатысып, елге тек 1950 жылы ғана оралады. Меңжан аға күні бүгінге дейін өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келеді. Ол қазіргі күні зайыбы Шакура Нұрмұхамбетқызымен бірге он бала, жиырма немере, он егіз шө­бере сүйіп отырған бақытты әулеттің бас иесі. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ. Суреттерде: tмайдангер Меңжан аға. Орал. 2015 жыл. tЖүргізуші М.Аб­­драх­­манов. Прибалтика. 1945 жыл.