Ақан Сатаев «Оралу» картинасын түсіруді аяқтады
Кинематография шежіресінде соғысқа кеткен ұлдарын күтумен өткен қасіретті аналар өмірі туралы картиналар жеткілікті. Алайда, фильм режиссері Ақан Сатаев қазірге уақытша атауы «Оралу» деп аталатын кинолентаның тұжырымдамасы мүлде бөлек болатынын, Кеңес өкіметі тұсында түсірілген туындыларды қайталамайтындығын айтып отыр. Сөз ретіне қарай айта кетейік, біз бұған дейін Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы мен «Новый мир Продакшн» кинокомпаниясы тізе қосып түсіріп жатқан бұл ірі киножобаның бас продюсері Әлия Назарбаева екендігін жазғанбыз. Жаңа фильмнің жұртшылық көңілінен шығуына мүдделілік танытып отырған Әлия Нұрсұлтанқызы дүйсенбі күні Алматы іргесіндегі Шамалған ауылындағы түсіру алаңына арнайы келді. Фильм продюсері бес мемлекеттің мамандары атсалысқан картинаның кадрларын көріп, актерлермен сұхбаттасты.
– Бұл фильм мұң мен сағыныш туралы. Осы картина арқылы біз халқымыздың ауыр кезеңдегі тарихы: ашаршылық, күштеп ұжымдастыру, жұт, одан кейінгі Ұлы Отан соғысын, бертінгі кезеңдегі ауыртпалықтарды да көретін боламыз. Фильмде осының бәрі барынша қамтылып, бізден кейінгі ұрпақ та ата-бабаларымыздың басынан өткенін білсе дейміз. Меніңше, мұның бәрі өте маңызды. Сондықтан түсіру тобына, актерлерге, журналистер мен операторларға, сценаристерге алғысым шексіз, – деді бас продюсер Әлия Назарбаева.
Ал журналистер фильмнің соңғы түсірілім күнінде картинаның ең маңызды көріністері: жаңа елді мекеннің бой көтеруі, ауылдағы жүздесу және анасы мен ұлының кездесуі сынды сюжеттерге куә болды. Бұл үшін Шамалған іргесінде арнайы декорациялар тұрғызылған екен.
БАҚ өкілдері киноға түсіп жатқан Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова, Еркебұлан Дайыров, Алтынай Нөгербек, Берік Айтжанов, Болат Әбділманов сынды актерлермен кездесіп, рөлдері жайлы пікір алысты. Бұрын киноға түсіп, тәжірибе жинақтап, тіпті танымал болып қалған өнер иелері бұл фильмнің күрделі болғандығын, актер ретінде өсуге айтарлықтай септескенін жасырмай айтты.
Жобаның түсіру жұмыстары биыл ақпан айының ортасында басталған болатын. 80 күнге созылған негізгі түсірілімдер Қазақстанда (Алматы қаласы мен Алматы облысында), сонымен қатар, Белоруссияда (Минск қаласында) жүргізіліпті. Айта кететін жайт, Минск түбінде майдан даласындағы ірі шабуыл-шайқас қойылымдары, соның ішінде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ең алапат, сұрапыл ұрыстардың бірі – Днепр үшін шайқасы түсірілген. Фильмнің жұмыстарына киностудияның бұрынғы сәтті жобаларына қатысқан, табысқа жеткен алдыңғы қатарлы кино мамандары тартылып, Белоруссия, Ресей, Украина және Әзербайжан елінің ең үздік киношеберлері арнайы шақырылыпты. Көпшілік бейнеленетін көрінісіне 500-ден астам адам қатысып, 300 әскери техника мен қару-жарақ әкелінген. Сонымен қатар, кәсіби каскадерлер мен пиротехниктер тартылған. Басты кейіпкерлер мен эпизодта түскен актерлердің киімдері осы фильм үшін арнайы тігілген. Олар сол заманға сай келеді. Фильм режиссері Ақан Сатаев барлық кезде тарихшылар мен мамандардың кеңесіне сүйеніп отырғандығын айтады.
Бұл кинотуынды ананың перзентіне деген шексіз махаббаты туралы, ұлының Отанына деген адалдығы жайлы. Үлкенге сыр, кішіге өсиет айтатын фильм. Қысқасы, балалар үйі, ашаршылық, тұтқында болған жылдар бас кейіпкер Ілиясты анасына қырық жылдан кейін жеткізе ме, жеткізбей ме? Өмірдің ауыртпашылығына төтеп берген, қиын-қыстау күндері сұрапыл соғыстың мехнатын көрген, жат елде тұтқында болған Ілияс атамекенге орала ма? Бөтен жерде айдауда жүрсе де, жат елдің зорлық-зомбылығын көріп, қиянатпен, жалғыздықтың тауқыметін тартса да, бас қаһарман атажұртын аңсап, анасын сағынып, туған жеріне қадам басатыны күмән туғызбайды.
Отаншыл болуға үндейтін «Оралу» фильмі биылғы желтоқсан айында экранға жолдама алмақшы.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суретте: фильмді түсірушілер
мен оған қатысушылардың бір тобы.