05 Наурыз, 2015

Қаржы қадағалануы тиіс

182 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
100-850Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған бюджетті оңтайландыру жайындағы Елбасы тапсырмаларының орындалу барысына қатысты кезекті брифинг болып өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері Омархан Өксікбаев пен Серік Оспанов қатысты. «Бүгінгі әлемдік экономикалық жағдайдың мән-жайы өздеріңізге мәлім. Жаһандық дағдарыстың әсері Қазақстанды да шарпып өтіп отыр. Жасыратын ештеңесі жоқ, экономикамыздың дамуына ықпалды әсер ететін шикізат өндірісі болғандықтан, солардың әлемдік бағасының күрт төмендеуі біздің жоспарланған бағдарламамызды өзгертуге мәжбүр етті», деген Омархан Өксікбаев өткен аптада Мәжілісте бекітілген 2015-2017 жылдарға арналған бюджет туралы заң жобасына тоқталды. Мәселен, онда 2015 жылдың бюджет кірісі 939 млрд., ал шығыс 610 млрд. теңгеге оңтайландырылған. Сондай-ақ, осы оңтайландырулардың орнын мүмкіндігінше толтыру үшін және әлемдегі дағдарыстың ел экономикасына әсерін азайту мақсатында Елбасының Жолдауында жарияланған «Нұрлы Жол» бағдарламасы бекітіліп, сол бағытқа Ұлттық қордан 3 бюджет жылына 10 млрд. долларға жуық қаражат көзделгенін еске салды. Нақтылай айтқанда, 2015 жылы 423 жарым млрд. теңге жұмсалмақ. Осы көлемді қаражат еліміздің қаржы секторының дамуына да өз әсерін тигізбек. Жалпы, оңтайландыру үдерісі ең алдымен кез келген мекеменің бюджеттік әкімшілік істерінен бастау алады. Олар өздерінің алдында берген бюджеттік тапсырыстарын қайта қарап, соның ішінде Елбасының тапсырмасына орай нені шегере тұрып, қай жос­парды келер жылдың еншісіне қалдыруға болатындығын ескеріп өз мүмкіндіктерін қарастырып, бе­кіткен. Сол арқылы республикалық бюджеттің шығыстары оңтай­ландырылған. Оның ішінде ең алдымен жаңа басталғалы тұрған жобалар мен құрылыстар, ақпараттық бағдарламаларды оңтайландыру ісі, түрлі конференциялар мен симпозиумдар өткізуге бөлінетін қаражаттар бар, дейді депутаттар. Сонымен қатар, брифингте ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап көтерілуі тиіс азаматтық қызметкерлер жалақысының өсуін кейінге қалдырудан 180 млрд. теңге шамасында қаражат үнемделетіндігі айтылды. Ал енді осы оңтайландыру үдерістерін кім, қалай бақылайды? Оны бақылау әрбір мекеменің өзіндегі бюджеттік әкімшілік және Қаржы министрлігінің комиссиясы мен оны бекіткен Республикалық бюджеттік комиссия құзыретінде болып табылады. Сонымен қатар, дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыру аясында Ұлттық қордан бөлінген қаражатты қоғамдық ұйымдар бақылауы керек. «Бізде қаржылық бақылау органдары бар, олар – Есеп комитеті, өңірлерде мәслихаттардың тексеру комиссиялары, ішкі бақылауда – Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау комитеті. Сондықтан, Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың мақсатты түрде жұмсалуын бақылау – олардың тікелей міндеті», дейді депутаттар. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы бұл бақылауды «Нұр Отан» партиясына да жүктеген болатын. Өйткені, оның әр өңірде филиалдары бар. Сондықтан, партия қаражаттың тиімді жұмсалуын толық қадағалай алады. Бұл жұмыс негізінен басталып та кетті, өңірлерде комиссиялар жасақталды. Қазір бұл комиссиялар жұмыстарына кірісіп те кетті», деп түсіндірді бұл ретте О.Өксікбаев. Ағымдағы жылы «Нұрлы Жол» бағдарламасының аясында кәсіпкерлікті қолдау мақсатында екінші деңгейлі банктер арқылы 100 млрд. теңге бөлінді және «Даму» қоры сияқты қаржы институттарынан 92,5 млрд. теңге тартылуда. «Жол картасы» аясында жұмсалатын 51 млрд. теңге осы қаржы секторы арқылы өтеді. Егер өткен жылы бөлінген 200 млрд. теңгені есептесек, қаржы секторы Үкіметтен зор қолдау тауып отыр. Дегенмен, депутаттар осындай қолдауларға қарамастан қаржы институттары шағын және орта бизнесті қолдауға көп көңіл бөлмей отырғанын айтты. «Қаржы институттарының мемлекеттен осыншама қолдау көріп отырғанына қарамастан, өзін өзі дамыту арқылы шағын және орта бизнесті қаржыландыру саласында атқарып жатқан істері шамалы. Оған дәлел – Парламент депутаттарына келіп жатқан көптеген ақпараттар. Осы тұста, Үкімет назарын аударғымыз келетіні, екінші жақтың, нақты айтқанда, қаржы институттарының да жауапкершілігін арттыру жолын қарастыру керек. Сырт көзге олар мемлекеттің экономикалық саясатынан алыс қалған сияқты көрінеді. Еліміз егемендік алғалы қаржы секторы Елбасымыздың тікелей қамқорлығында болып, көп істеріне қолдау көрсетіліп отырды және әлі де солай. Оған дәлел жоғарыда айтылды. Ал енді соған жауап беретін кез келді», деді. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».