21 Шілде, 2010

АДАМЗАТ ПРОБЛЕМАЛАРЫ – ОРТАҚ ПРОБЛЕМА

1084 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Бұрнағы күні Женевада БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның қатысуымен өткен Парламенттер спикерлерінің 3-ші бүкіләлемдік конференциясының ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған қазақстандық делегация да толық құрамда болды. Аталған халықаралық маңызы бар конференция Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропадағы штаб-пә­терінде ұйымдастырылғанын айта кету керек. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун конференцияға қатысу­шы­лар алдында сөз алып, күрделі әлем­де парламентшілердің үні ма­ңызды екендігін ерекше атады. Соң­ғы өткен конференциядан бергі уақытта қаржы мен азық-түлік дағ­дарысы орын алып, экономика өсі­мі төмендеді. Тиісінше трансұлттық қылмыстар артып, климаттың өз­ге­руі байқалып отыр. Сондықтан уа­қыт ұжымдық шешімдер қабылдау­ды талап етеді, дей келіп, БҰҰ Бас хатшысы халықаралық құжаттарды ратификациялау арқылы өз үлес­терін қоса алатын парламент­ші­лер­ге үміт артатынын ашық мәлімдеді. Ал Парламентаралық одақ президенті Тео-Бен Гурираб әлемде қару-жараққа жұмсалған қаржы қомақты екендігін, соның бір бөлігін адамдардың жағдайын жақ­сартуға жұмсаса, қауіпсіздік мә­се­лесі өзді-өзінен шешімін табар еді, деген ойын ортаға салды. Ядро­лық қаруды қысқарту бойынша ПАО мен БҰҰ бірлесе әрекет етіп отырғандығын тілге тиек еткен шешен демократия мықты парла­мент­сіз орнауы мүмкін еместігімен де бөлісе кетті. “Парламенттер БҰҰ-мен жұ­мысты қалайша ұйымдастырады” атты баяндама көпшілік назарына ұсынылды. Баяндаманы Біріккен Танзания Республикасы Ұлттық Ас­самблеясының спикері С.Ситта жасады. Бұдан кейінгі баяндамалар 2005 жылы өткен Парламенттер спикерлерінің бүкіләлемдік конфе­рен­циясынан кейінгі атқарылған жұмыстардың барысын саралауға арналды. Атап айтқанда, Оңтүстік Африка Республикасы Ұлттық ассамблеясының спикері М.Си­сулу­дың БҰҰ-ның Мыңжылдық декларациясында көрсетілген мақ­саттарға қол жеткізу барысы туралы баяндамасы көпшіліктің назарын өзіне аудартты. Демократиялық пар­ламенттердің жаһандық стан­дарт­тарын әзірлеу жөнінде Руанда Депутаттар палатасының спикері Р.Мукантабана айтып берсе, Пар­ламентаралық одақты нығайту және оның БҰҰ-мен өзара қарым-қатынасы жөнінде ПАО вице-пре­зиденті ой өрбітті. Бұдан кейінгі пікір­сайыс “Әлемдік дағдарыстағы пар­ламенттер: жалпыға ортақ игілік мүддесін жаһандық демократиялық жауапкершілікпен және есептілік­пен қамтамасыз ету” тақырыбына арналды. Артынан Швейцария Ұлттық кеңесінің төрағасы П.Брудерер-Висс, Жапония Өкілдер палата­сы­ның спикері Т.Йокомичи, ҚХР БХӨК Тұрақты комитетінің төраға­сы У.Банго, Франция Ұлттық ас­сам­блеясының спикері Б.Аккуера, Австрия Ұлттық кеңесінің төрағасы Б.Праммер, Иран Меджлисінің төрағасы А.Лариджани және Корея Республикасы Ұлттық ассамблея­сының төрағасы Хи Тхэ Пак сөз сөй­леп, қазіргі уақытта қалыптасып отырған жағдайға кеңінен тоқ­тал­ды. Осы топпен бірге сөз алған Қазақстан Республикасы Пар­ла­менті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мәселелер бойынша жеке-жеке әңгіме қоз­ғады. Біріккен Ұлттар Ұйымы Мың­жылдықтар декларациясын қабыл­дағанына 10 жыл өтіп, планетада өр­кендеу мен қауіпсіздіктің алғаш­қы қырлары көріне бастады, деді өз сөзінде Қ.Тоқаев. Бүгінгі таңда біз “нәтиже тарихы” мен драмати­ка­лық сәтсіздіктер барысына куә болып отырмыз. Мемлекеттер әр түрлі қауіптермен бетпе-бет келуде. Осы ретте Сенат Төрағасы Қазақ­стан Президенті Н.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан гендер­лік теңдік, жалпыға бірдей бастап­қы білім беру және кедейшілікпен күрес салаларында мыңжылдықтың үш мақсатын жүзеге асыруға бетбұрыс жасағанын жеткізді. БҰҰ-ның гендерлік теңдік саласындағы конвенцияларының негізгі қа­тысушысы ретінде Қазақ­стан Парламенті үстіміздегі жыл­дың басында әйелдер мен ерлердің тең құқықтығын айқындайтын заң қабылдады. “Біз ана мен бала өлімі деңгейін төмендету жөніндегі ха­лық­аралық стандарттарға қол жет­кізу үшін жұмыс істеудеміз. Қ.То­қаев сондай-ақ аймақтық ынты­мақтастық және қауіпсіздік мәсе­ле­сі туралы да ой-пайымын ортаға салды. Қазақстан осыдан 18 жыл бұрын Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес әзірлеу үдерісіне ұйытқы болып, нәтижесінде ол қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тиімді үн­қа­тысу тетігіне ұласты. АӨСШК-нің Түркияда өткен соңғы саммиті Ауғанстанды қоса алғанда аймақ­тың тұрақтылығына үлкен қауіп төндіретін проблемалар бойынша нақты шешімдер әзірлеу үшін ма­ңызды екендігін көрсетті. Өкінішке қарай, өткен жылы апиын өндіру көлемін 22 пайызға қысқартуға қол жеткізілгеніне қарамастан, бұл ел әлі күнге әлемдегі апиынның 92 пайы­зын өндіреді. Осы ретте Қа­сым-Жомарт Кемелұлы Ауғанстан студенттерін елімізде оқытуға 50 миллион доллар бөлінетінін, ЕҚЫҰ шеңберінде Қырғызстанға қолдау көрсетуге күш жұмсалып отыр­ғандығын да атап көрсетті. Ыстамбұлда өткен АӨСШК самми­тінде Қазақстан осы елге эконо­ми­калық көмектесудің жоспарын бір­лесе әзірлеу ұсынысын алға тарт­қан-ды. Алда Қазақстан мен Қыр­ғызстанда донорлық конферен­ция­лар өткізу жоспарланған. Бұл ретте Кеден одағына кіруге байланысты Парламент тарапынан 36 заңдық құжат қабылданғаны да мәлім етілді. “Біз БҰҰ Бас хатшысының ядролық қарудан азат әлем құрып, бейбітшілікке қол жеткізудегі бар­лық халықтардың ұмтылысын жүзе­ге асыру барысындағы бес бө­лімнен тұратын ұсынысын қол­дадық”, дей келіп, Қ.Тоқаев Қа­зақстан Президенті Н.Назарбаев­тың Вашингтон саммитіндегі ядро­лық материалдардың заңсыз айна­лымымен күрес жөніндегі аймақ­тық іс-әрекет жоспарын әзірлеу туралы бастамасы нақты ұсыныс­тар­дың бірі екендігіне назар аударт­ты. Сондай-ақ Қазақстанның этнос­аралық және конфессияара­лық келісім саласындағы табысы елдің айтарлықтай жетістігі ретінде танылып отыр. Әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлерінің үш құрылтайын өткізу діндер арасында үнқатысу саласындағы жаһандық тұғырнамаға айналды. Еліміз Испа­ния мен Түркия үкіметтері дамы­тып отырған Өркениеттер альянсы­ның “Достар тобына” қосылған. БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстан­ның 2010 жылды Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы деп жариялау туралы ұсы­нысына қолдау білдірді. Осы жәйттер туралы жан-жақты айтып өткен Қазақстан Респуб­ли­ка­сы Парламенті Сенатының Төр­ағасы еліміздің үстіміздегі жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізуді ұсынуы Ұйым жұмысына жаңа серпін бе­ріп, әлемдегі өзекті проблемаларды егжей-тегжейлі талқылауға жағдай туғызатындығымен түсіндірді. Қазақстан бастамасымен мамыр айында өткізілген Трансазиялық пар­ламенттік форум қауіпсіздіктің ортақ проблема екендігіне назар аудар­туымен маңызды болды. Бү­гінгі таңда Еуропа мен Азия қауіп-қатерлерге жалғыз өздері қарсы тұра алмайтындығын көрсетіп отыр. ЕҚЫҰ-ның жаңа еуразиялық өлшемдері жемісті бағытқа айналуы тиіс, ал ПАО бірқатар проблема­лар­ды шешуде өзіндік үлес қоса алмақ. Әлемнің 180 елінің парламент­ші­лері қатысып жатқан Парла­мент­тер спикерлерінің дүниежүзілік 3-ші конференциясы жұмысы аясында  Қазақстан Парла­менті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев  бұрнағы күні түс қайта бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Көпжақты Қазақстан-Белорус­сия ынтымақтастығын ары қарай дамыту перспективалары, Кеден ода­ғының құқықтық базасын же­тілдіру және екі ел парламент­тері­нің байланысын нығайту мәселесі Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Белоруссия Ұлттық жиы­ны Республика кеңесінің төр­ағасы Анатолий Рубиновпен кезде­суін­де кеңінен сөз болды. Кеден одағын, одан кейін оның базасында Біртұтас экономикалық кеңістік құру – бұл жаңа сапалық бетбұрыс, біздердің барлық саладағы Белорус­сиямен ынтымақтастықты жылжы­ту­дағы және интеграцияны нақты да­мытуға бағыттаудағы мүдделілігі­мізді дәлелдейді, деді Қ.Тоқаев. Иран Меджлисінің төрағасы Әли Лариджанимен кездесу бары­сында тараптар екіжақты қатынас­тар­дың үдемелі дамып отырған­дығына қанағаттанушылық білдірді. Сондай-ақ болашақта аймақтағы ынтымақтастық пен тату көршілік ахуалды нығайтудың маңызды фак­то­ры ретінде әр түрлі салада өзара ықпалдастықты кеңейту, парла­мент­аралық үнқатысуды қоса ал­ған­да мәдени-гуманитарлық байла­ныстарды дамыту барысы әңгіме өзе­гіне айналды. Қазақстан Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­­ларының құрылтайын, АӨСШК-ні қоса алғанда қазақ­стан­дық бастама­ларға Иран та­ра­пының қолдауын жоғары бағалай­ды, дей келіп, Қасым-Жомарт Ке­мел­ұлы әріпте­сін Қазақстанға рес­ми сапармен келіп қайтуға ша­қырды. Өзара тиімді энергетикалық мә­селелер, халықаралық және аймақ­тық проблемалар бойынша пікір алмасу Әзірбайжан Милли Медж­ли­сінің төрағасы Октай Сабир Оғлы Асадовпен болып өтті. Қа­сым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың баста­ма­сымен Түркітілдес мемлекет­тердің Парламенттік Ассамблея­сының құрылуына және дамытуға үлес қосып отырған әзірбайжандық тарапқа ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Хорватия Парла­мент­інің спикері Лука Бабич пен Нидерланды Сенатының төрағасы Рене Вандерлингпен кездесті. Кез­десу барысында екіжақты ынты­мақ­тасты нығайту және парламент­аралық байланыстарды дамыту барысы кеңінен талқыланды. Бұл кездесулерге қазақстандық делега­ция құрамында жүрген сенатор Орынбай Рахманбердиев пен Мә­жіліс депутаты Бағила Баймаған­бетова да қатысып отырды. Сондай-ақ Қ.Тоқаев Парла­мент­аралық одақ президенті Тео-Бен Гурирабпен кездесіп, онда Қа­зақстан тарапынан ПАО-мен ын­ты­мақтастыққа үлкен маңыз бері­ліп отырғандығы атап көрсетілді. Сонымен қатар, Сенат Төрағасы еліміздегі парламентаризмнің даму барысы, парламентаралық байла­ныс­тар мен БҰҰ, ЕҚЫҰ және ПАО сияқты халықаралық ұйымдар жұмысына еліміздің белсенді қа­тысып келе жатқандығы, Мың­жыл­дықтар дамуы мақсаттарының орын­далуы жайлы әңгімелеп берді. Швейцария Конфедерациясы Кантондары кеңесінің президенті Э.Фостер-Ваннинимен кездесу кезінде Қ.Тоқаев Женевада өтіп жат­қан шараны ұйымдастыруда Швейцария парламентінің үлесін жоғары бағалай келіп, бұл елдің халықаралық саясатта ықпалды орта­лыққа айналғандығын жеткізді. Чехия Парламенті Сенатының төрағасы П.Соботкомен болған өзара әңгіме барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы аймақтық қауіпсіздік мәселесін, әлемдік пар­ла­ментаризмді дамыту, қазіргі заман қауіптерімен күресте парла­менттік дипломатия мен депутаттар рөлін арттыру жайын сөз етті. Кеше ертеңгісін Қ.Тоқаев Бүкіл­қытайлық халықтар өкілдері Тұрақты кеңесінің төрағасы У Бангомен іс басындағы тамақтану мәзіріне қатысса, түс қайта тағы ар­найы жүздесті. Жүздесу бары­сын­да тараптар халықаралық істер­де бір-біріне қолдау білдіру бары­сына, тығыз экономикалық байла­ныстардың орнатылуына және саяси сенімге құрылған Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарына қана­ғаттанушылық білдірді. Сіздердің елдеріңіз жаһандық қаржы-эконо­ми­калық дағдарыстан шығуда әлемдік экономиканың “локомо­ти­ві­не” айналды, дей отырып, Қа­сым-Жомарт Кемелұлы БҚХӨ Тұ­рақты комитеті төрағасын Қазақ­стан­ға ресми сапармен келуге шақырды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.