21 Шілде, 2010

АПТА АЙШЫҚТАРЫ

444 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Прокуратураның жаңа ғимараты Атырау облыстық прокуратура қызметкерлері үшін бой көтерген жаңа ғимараттың құрылысы аяқталды. Бес қабатты жаңа ғимараттың жалпы аумағы – 3870 шаршы метр. Мұнда үлкен және кіші мәжіліс залдары, тергеу-криминалистік әдістемелік бөлмелер, компьютерлік тестілеу курстарына арналған бөлме, мұражай жасақталған. Басты ерекшелік, бейнемәжіліс, сондай-ақ, селекторлық байланыс жүйесі орнатылған. Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына Бас Прокурор Қайрат Мәми қатысты. – Облыстық прокуратура қызметкерлерінің жаңа ғимаратта алаңсыз жұмыс жасауына барлық жағдай жасалған. Енді ел заңдылықтарының қатаң қа­дағалануына толық негіз бар, – деген Бас Прокурор облыстық про­куратура ұжымына 40 компьютерді сыйға тартты. Сонымен бірге, жаңа ғимарат құрылысының мерзімінде аяқталуына қолдау біл­діргені үшін облыс әкімі Б.Рысқалиевке Бас про­куратураның құрмет грамотасын тапсырды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы. Оралхан оқулары екінші мәрте өтті Катонқарағай ауылында көркемсөздің кербұғысы, жазушы Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы қатарынан екінші жыл кіндік қаны тамған өлкесінде болып өтті. Оған биыл қалалар мен аудандардан іріктеу сайысында топ жарған 15 үміткер келді. Олар проза, драма, поэзиялық шығармалардан үзінділер оқып, өздерінің шеберліктерін қазылар алқасының тезіне салды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Манарбек Мұхаметжанов осы қызметтің тізгінін ұстағалы Кенді Алтайда көп істер атқарылып жатыр. Ел мен жер өздерінің тарихи атауларына ие болуда. Мем­ле­кеттік қызметтегілер арасындағы тіл сайыстары да қызықты әрі тартысты өтуде. Бас жүлдеге Курчатов қаласынан келген орыс қызы Инга Пу­тин­цева ие болды. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыс етілді. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы. Өнеркәсіп көрмесі өрісін кеңейтті Ақтөбе қаласындағы “Алатау” кешенінде өтіп жатқан “Еуропа-Азия. Шекарасыз ынтымақтастық” атты ІХ Қазақстан-Ресей өнеркәсіп көрмесіне еліміздің барлық аймақтарынан және Ресейдің бірқатар облыстарынан 150-ге жуық кәсіпорын, шағын және орта бизнес субъектілері қатысуда. Жыл сайын көрменің аясы кеңейіп, оған қатысушылар қатары артып келеді. Биыл тоғызыншы рет өткізіліп отырған көрмені ұйымдастырушылар – Ақтөбе облысының әкімдігі, Орынбор облысының үкіметі, Орынбор қаласының әкімшілігі, көршілес екі облыстың сауда-өнеркәсіп палаталары, Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы, “УралЭкспо” қоғамы. Көрмеге бірінші рет Белоруссияның “ҚузЛитМаш” компаниясы өз өнімдерін әкеліпті. Өнеркәсіп көрмесіне қатысушылар өзара тиімді келісім-шарттар жасасты.Оны облыс әкімі Елеусін Сағындықов пен Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг бастаған делегациялар аралап көрді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы. Демирел атындағы жаңа университет Жетісу жерінде жоғары оқу орындарының қатары жаңасымен толықпақ. Іргелі оқу орны Қаскелең қаласының кіреберісіне орын тебетін болады. Оған тапсырыс беруші де, нысанды салып жатқан да түрік ағайындар. Болашақта Сүлеймен Демирел атындағы университет қалашығына айналатын оқу орнындағы сегіз факультетте 7000 студент дәріс алмақшы. Қазіргі кезде университет құрылысының біршама жұмысы игерілген. 2500 студентке жатақхана берілсе, 120 оқытушы 5 қабатты тұрғын үйдегі пәтерлермен қамтамасыз етіледі. Демек, жаңа университет келер жылы шә­кірт­терге есігін айқара ашатын болады. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. Мал сою цехы іске қосылды Зеленов ауданы Трекин ауылында жаңа мал сою цехы салынып, іске қосылды. Оның базасында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен мамандар бас қосып, семинар-кеңес ұйымдастырды. Онда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Марат Оңғарбековтің атап өткеніндей, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұндай нысандарды облыстың өзге де ауылдарында тездетіп ашудың маңызы зор. Лабораториялық-санитарлық сараптама жүргізуге лицензия алған, қазіргі заманғы малдәрігерлік қадағалау талаптарына толық сай келетін аталмыш цех ауысымына 30-50 бас мал соя алады. Оны іске қосқан “Жәрдем” шаруа қожалығының басшысы Серікқали Әжиевтің айтуынша, нысан құны 18 миллион теңгені құраған. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы. Жол апатынан сақтандырады Солтүстік Қазақстан облыстық жол полициясы жол қозғалысының қауіпсіздігі мақсатында арнайы акцияларды жүйелі өткізіп келеді. Солардың бірі облыс орталығын қамтыды. Шара барысында апатқа ұшыраған көліктер эвакуаторларға тиеліп, колонна құраған күйі орталық көшелермен жүріп өтті. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге үнпарақтар таратылып, абай болудың жай-жапсары түсіндірілді. Биылғы 6 айда 112 жол апаты болып, 23 адам көз жұмған. 130 адам дене жарақаттарын алған. Олардың 12-сі – балалар. МАИ қыз­мет­керлерінің айтуларынша, жол жүру ережесінің бұзылуына алдымен жаяу жүргіншілер кінәлі. Жүргізушілер арасында жылдамдықты асы­ру, қарсы бетке шығып кету фактілері жиі кездеседі. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.