3-4 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Арнайы уәкілі, Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков Литвада болды және 2017-2018 жылдарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі лауазымына Қазақстанды ілгерілету жөніндегі біздің еліміздің өтініші аясында Литваның Сыртқы істер министрі Линас Линкявичюспен, Сейм төрағасының бірінші орынбасары Видас Гедвиласпен, Үкімет канцлері Альминас Мачюлиспен және Көлік және коммуникациялар министрі Римантас Синкявичюспен кездесті.
Сыртқы саясат ведомствосы басшысымен кездесу барысында И.Адырбеков Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017-2018 жылдарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болу жөніндегі Қазақстанның өтінішін қолдау бойынша Литва Республикасының Президенті Д.Грибаускайтеге арналған жолдауын табыс етті.
Жүздесуде саяси және экономикалық салалардағы екіжақты қатынастар дамуының келешегі де талқыланды. Сауда және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету барысында екі елдің әлеуетін ескеру қажеттігі атап өтілді.
И.Адырбеков Видас Гедвиласпен кездесуінде екі ел арасындағы өзара қатынастарды, оның ішінде парламентаралық байланыстарды ұлғайту мәселелері туралы пікір алмасты, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.