...одақ құрылды
Облыс әкімі Сергей Дьяченко “Ақмола облысының құрылыс саласы кәсіпорындары одағы” бірлестігінің құрылтай жиналысына қатысып, құрылысшылар алдында тұрған міндеттерді нақтылады. Елбасы Жолдауына сәйкес, “Әр өңірдегі әрбір индустриялық жоба биліктің ғана емес, жұртшылықтың да бақылауында болады. Бұл орайда, бүгін құрылып отырған жаңа одақ ықпалды іс-әрекетімен танылуы тиіс”, деп атап көрсетті ол.
Облыс құрылысшылары, сала жүгін мойнына алған жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар, көрші Петропавл қаласының өкілдері қатысқан жиында “Зеленстрой” ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Г.Осиненко, облыстық құрылыс басқармасының бастығы М.Косачев, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту басқармасының бастығы М.Қойшыбаев және басқалар сөз сөйледі.
Одақтың басқарма төрағасы болып Т.Шапағатов сайланды.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.
...аурухана пайдалануға берілді
Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында Іле ауданының Құйған ауылында жаңа аурухана үйі пайдалануға берілді. Оған 74 млн.теңге қаржы жұмсалып, құрылысты “Тұмар” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары сапалы салып, мерзімінде ел игілігіне ұсынды.
Аурухананың ашылуын халық қуанышпен қабылдап, аудан әкімі бастаған көпшілік оның ішкі жағдайымен танысып, ақ халатты абзал жандардың жаңа медициналық құрал-жабдықтарды меңгергендігін өз көздерімен көрді.
Жиынға қатысқандар Мемлекет басшысына алғыстарын жеткізіп, денсаулық сақтау саласына жасалған қамқорлыққа ризашылықтарын білдірді. Енді басы ауырып, балтыры сыздағандар ат сабылтпай, өз ауылында емделуіне мүмкіндік туды.
Күмісжан Байжан, Алматы облысы.
...ескерткіш ашылды
“Ұлтымның намысы – менің намысым”. Сидней Олимпиадасының қаһарманы Бекзат Саттарханов осылай деп еді. Ардакүреңінің үзеңгісіне аяқ салған күйі қайтпас сапарға аттанып кеткен ұланның Отаны, өз ұлты дегенде шығарда жаны басқа болатын. “Қазақ – рухы биік халық. Өз жұртыма Олимпия ойындарының үш алтынын сыйлаймын”, дегені де құлақ түбінде жаңғырады да тұрады. Елім деген ерді ұмыту мүмкін емес қой.
Түркістан қаласының әкімі Қайрат Молдасейітов жарады. Ол өз елін әлемге мәшһүр еткен Бекзат Саттархановқа ескерткіш орнатуға мұрындық болды. Енді киелі Түркістан шаһарына кіре берістегі Бекзат ескерткіші бірден көзге түседі.
Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.