19 Мамыр, 2015

Әке өнегесі

510 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы қарсаңында баспасөз беттерінде жарық көріп жатқан түрлі мақалалар еріксіз «әке» деген ұлы сөзді ойыңа әкеледі екен. Әке сөзінің мағынасы, әсіресе, соғыс жылдарында, қимастық, сағынышқа толы сезіммен, арқа тұту, жаудан қорғау, пана болу ұғымдарымен тереңдей түскен. Әкенің қоғамдағы орнын айшықтап, атын киелі ұғым деңгейіне көтерген сол тұстағы жетімдердің көңіл-күйі болатын. Оған, елге келген ауыр қайғы мен жарын жоқтаған жесірдің зары, жесірліктің тақсіреті бәрі-бәрі қосылып, сағынышпен сомдалған әкенің бейнесін биіктете берді. Соғыс аяқталған соң майдан даласында қалғандардың да, аман-есен оралғандардың да атағы асқақтай түсті. Өйткені, олар от пен оқ кешіп жүріп елге Ұлы Жеңісті әкелген еді. Ел тағдыры талқыға түскен тұста осылайша біздің әкелер өзінің де, елдің де намысын абыроймен қорғады. egemen (14)

Әкеміз Әшім Иманаев 1941 жылы 24 тамызда әскер қатарына алынып, 1942 жылдың күзіне дейін Қиыр Шығыста әскери қызмет атқарған. Шекараның ар жағынан жапондар оқ атып, арандатумен болады. Біз жақтан жеткен бұйрық – қарсы оқ атпау. Осындай қиын кездерде шыңдалған жас сарбаздар елге қызметін жалғастыра береді. 1942 жылдың күзінде дивизия Ленинград майданына ауыстырылады. Келе кескілескен ұрысқа кіріп кетеді. Көп ұзамай ауыр жараланады, жарақаты жазылғаннан кейін қысқаша дайындықтан өтіп, Ленинград майданына мергендер бөлімшесіне командир болып тағайындалады. 1943 жылы тағы ауыр жараланып госпитальға түседі. Сол жылдары Совет Одағының Батыры Ә.Молдағұлованы көргенін айтатын. Қаршадай қазақ қызы­ның мергендігіне, батырлығына таңға­лып, таңдай қағып отырушы еді. 1944 жылдың басын­да арнаулы бөлімде дайын­дықтан өтіп, жау тылына түсі­ріледі. Карпат тауларының бірін­де немістердің жанармай қой­масы бар екенін анықтайды. Жо­ғарыдан авиациямен жоюдың реті келмейді. Цистерналар ақ түске боялған, қармен түстес – аспаннан байқалмайды. Жаудың қоймасын бұзу тапсырмасы Әшім Иманаевтың тобына жүктеледі. Карпат тауларына парашютпен тасталады. Қалың қарда екі тәулік іздестіріп жанармай қоймасын табады. Түрлі азапты қиындықтардан өтіп, қойманы жарып, өздері қайта тауға шегінеді. Шебер ұйымдастырушылық пен тәжірибеліліктің арқасында жау шебінен аман-есен шығады.

1944 жылдары 2-ші Украина майданында соғыса жүріп, Белград, Будапешт, Вена қалаларын жаудан тазартады. Екінші рет 1944 жылдың соңында Австрия жерінде жау тылындағы соғыс қимылдарына қатысып, елеулі жетістіктермен аман-есен өз бөлімшесіне оралады. 1945 жылдың көктемі – соғыс аяқталып қалған кез. Кенеттен Чехословакияда майдан басталады. Соңғы күшін топтастырып, Гитлер қолындағы мемлекеттерінен айырылмау үшін жанталасады. Прага қаласына көптеген әскер жібереді. Чехословакия Кеңес өкіметінен көмек сұрайды. Сталин шұғыл түрде 2-ші Украина майданына Праганы азат етуді тапсырады. Әкеміз 2-ші Украина фронтында жүрген. 1945 жылдың 4-ші сәуірі күні ауыр жараланып, жеңісті Чехословакия жерінде қарсы алады. Талай қанды ұрыстарға қатысып, өзіне жүктелген тапсырмаларды ерлікпен орындап, І-ІІІ дәрежелі «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Вена қаласын алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, «Отан соғысы», «Данқ» ордендерімен марапатталды. Соғыстан кейін, 1946 жылы ауылға оралып зейнетке шыққанша әртүрлі шаруашылықта қызмет етті.

Әкеміз Үмітжан Тыма­қай­қы­зы­мен шаңырақ көтеріп, екеуі 10 бала, 34 немере, 51 шөбере сүйіп, 83 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Оның өмір жолы – біз үшін үлгі ғана емес, Отанға адал қызмет етудің өнегесі екені анық.

Қуаныш ҚАСЫМҰЛЫ.

Алматы.