Кеше Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссияның отырысы өтті.
Отырыста Комиссия мүшелері комиссия жұмысына қатысты ұйымдастыру мәселелерін, Ортсайлаукомның «Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімі туралы» 2015 жылғы 31 тамыздағы қаулысымен айқындалатын Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау ресімін талқылады. Аталған қаулыға сәйкес мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін, бірінші – Лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көлемі екі беттен аспайтын жазбаша тапсырма жазуы тиіс. Екінші – Лингвистикалық комиссия ұсынған көлемі үш баспа беттен аспайтын мәтінді оқуы керек. Үшінші – Лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көпшілік алдында кемінде он бес минут сөз сөйлеуі талап етіледі.
Отырыс барысында Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков аталған осы мәселелерге жеке-жеке тоқталып өтті. «Бүгін біз сынаққа түсетін сұрақтардың барлығын бекіттік, – деді Комиссия төрағасы. – Президенттікке кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгерген деңгейін анықтау үшін, біріншіден, кандидаттыққа ұсынылған адам Лингвистикалық комиссия ұсынған тақырыптардың бірін таңдап, көлемі екі беттен аспайтын жазбаша жұмыс жазады. Оны жазуға бір сағат уақыт беріледі. Егер ол Комиссияға берілген уақыттың аз екендігі жөнінде өтініш білдірсе, Комиссияның негізгі уақытқа тағы жарты сағат қосуларына құқығы бар. Комиссия екінші кезең сынағына байланысты қазақтың классик ақын-жазушыларының кітаптарын бекітті. Өтініш беруші сол кітаптардың бірін таңдап, көлемі үш баспа беттен аспайтын мәтінді ырғақ-нақышына келтіріп оқып береді».
Ал үшінші кезеңде кандидаттыққа ұсынылушы Лингвистикалық комиссия бекіткен тақырыпқа байланысты дайындалып, сол тақырып жөнінде 15 минут еркін сөйлеуі тиіс. Оған дайындалуға бір сағат уақыт беріледі. «Кандидаттыққа ұсынылушы осы үш сынақты тапсырған соң, Комиссия мүшелері өздеріне бекітілген бөлмеде бас қосып, тиісті қорытынды шығарады», – деді Мырзатай Жолдасбеков.
Комиссия төрағасына журналистер тарапынан сұрақтар да қойылды. Соның бірі – 2011 жылы өткен президенттік сайлауға қатысты болды. «2011 жылғы президенттік сайлауға кандидат ретінде тіркелуге өтініш бергендердің ішінде екі беттік жазба жұмысынан елуге жуық қате жібергендер де болды, – деді Комиссия төрағасы. – Өтініш берушілердің көпшілігі жұмыссыз жүргендер еді. Тіпті, тіркелуге келген бір азамат тиісті жарнаны төлеуге ақшасының жоқ екендігін айтып, оның орнына сексеуіл беруді ұсынса, енді бірі Комиссия мүшелерінен жарнаны төлеуге қаржылай көмек сұраған жағдайлар да кездескен еді».
Лингвистикалық комиссияның отырысына оның мүшелері мен Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттан басқа Орталық сайлау комиссиясының мүшелері байқаушылар ретінде қатысуға құқылы. Комиссияның шешімі Комиссия мүшелері санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады және отырыс хаттамасымен ресімделіп, отырыстағы Орталық сайлау комиссиясының мүшесіне кідіріссіз тапсырылады.
Отырыста Комиссия мүшелері қазіргі уақыттағы өлшемдер үміткердің мемлекеттік тілді білу деңгейін айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ, олар Комиссия жұмысы ашық және жариялы түрде жүзеге асырылатынын, ал бұқаралық ақпарат құралдары әр кандидат бойынша шешім қабылдау барысын байқау мүмкіндігіне ие болатыны да айтылды. Отырыстан кейін баспасөз орталығында Лингвистикалық комиссияның мүшесі, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Фаузия Оразбаева БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауаптар қайтарды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».