19 Мамыр, 2015

Терінің қатерлі өсінділерінен абай болыңыз

868 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстанда терінің қатерлі өсінділеріне шалдығу дертінің асқынып тұрғанын дәрігерлер кейінгі кезде ыстық жақта демалудың сәнге айналып бара жатқанымен түсіндіреді. Жазғы маусым демалыстарының қарсаңында қазақстандық онкология және дерматология салаларының жетекші мамандары теріде пайда болатын қатерлі дерттің алдын алу туралы дабыл қағып отыр.

Бүкіл әлем бойынша мамыр айында меланомамен күрес күні атап өтіліп келеді. Осыған байланысты Астана және Алматы қалаларында терінің қатерлі ауруын емдеу және алдын алу туралы ғылыми-тәжірибелік конференциялар өтті.

Ерте диагноз қою және емдеу әдістерінің үнемі жетілдіріліп отырылуына және емделушілердің аман қалу мүмкіндіктерінің артуына қарамастан, дүниежүзінде бұл аурудан жыл сайын шамамен 55 000 адам көз жұматын көрінеді. Бұл дертке шалдыққандар деңгейі бойынша Австралия мен Жаңа Зеландия көш бастап келеді. Меланома дертіне шалдығу дүниежүзінде тез таралуда. Меланома тері ісігінің барлық түрінің небәрі 4 – 10%-ын құрағанымен, оның өлім-жітім дәрежесі жоғары болып табылады.

Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында меланома дертіне шалдығу бойынша бірінші орында тұр. 2013 жылғы деректер бойынша, Қазақстанда меланома дертінің айтарлықтай жоғары көрсеткіштері Алматыда, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыс­тарында тіркелген. Жыл сайын Қазақстанда меланомадан 150 адам көз жұмады екен.

2012 жылы 286 емделушіге меланома диаг­нозы қойылған, 2013 жылы дертке шал­дыққандар саны 326-ға дейін артқан, 2014 жылы емделушілер саны 340 адамды құраған.

– Ауруды ерте диагностикалаудың және емдеудің түрлі әдістері жыл санап артып, жетілдіріліп келе жатқандықтан, науқас­тарды емдеу мүмкіндігі артып отырса да, тұрғындарды ақпараттандыру және сақтандыру деңгейі төмен болып тұр, – деп көрсетті Астана қаласы Онкология орталығының директоры Мұхтар Төлеутаев.

– Теріде пайда болатын қатерлі өсінді­лермен күресу тек қана медицина қарасты­ратын мәселе емес, ол – ауқымды ықпалды талап ететін түйткіл. Сондықтан да, мемлекеттік институт, кәсіби тәуелсіз ассоциациялар және бизнес сияқты үш жақтың бірлесіп күш жұмылдыруы – арнайы мамандар дайындап, тұрғындар арасында онкологиялық аурулардың алдын алу туралы ақпарат таратуда таптырмайтын шешім болмақ.

Республикада онкологиялық аурулармен күреске үлкен көңіл бөлінген, қатерлі ісік­терді ерте кезеңдерінде анықтауға мүмкіндік беретін бірқатар скринингтерді қосқанда, арнаулы бағдарламалар жұмыс істейді. Қазақстанда және бүкіл дүниежүзінде тері меланомасын анықтау бойынша арнаулы скринингтік бағдарламалар жоқ. Ерте диагноз қоюдың ең тиімді әдісі тері қабаттарын үнемі тексеруден өткізу болып қалады.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бас дермато­венерологі, «Қазақстан дерматовенеро­лог­тары мен дерматокосметологтары ассоция­циясының» президенті Гүлнар Батпенова:

– Онкологқа уақтылы қаралып, ауруды мұқият емдеген жағдайда теріде пайда болатын қатерлі өсінділерге шалдыққан науқас­тардың 95%-ын толықтай емдеуге болады. Осы жайттарды ескере отырып, ең маңыз­дысы – ауруды ерте аңғарып, терідегі қатер­сіз ауру­лардың алдын алып, қатерлі өсінділерге жол бермеу екенін түсінген абзал, – дейді.

Меланоманың дамуын қоздыратын басты фактор – ультракүлгін сәулелердің ұзақ әсері. Айтпақшы, күн сәулесінің өмір бойғы әсері жиналып, қосыла беретінін ұмытпаған да жөн. Сонымен қатар, меланоманың дамуында пигменттік дақ жарақаттарының әсері үлкен, атап айтқанда, бұл жерде әңгіме киімнің, аяқ киімнің қажауы, кесіп алған жаралар туралы болып отыр.

Егер тәуекел топтары туралы айтатын болсақ, оларға терісі күнге тез күйетін аққұба терілі, секпілі және меңдері бар адамдар жатады. Көбінесе күн сәулесінің әсері, әсіресе, демалыс уақыттарында, меланома дертіне шалдығу тәуекелін арттырады. Сонымен қатар, жоғары қатер факторларына балалық және жасөспірім шақтағы күнге күю және жақын туыстардың арасында меланома дертіне шалдығу жағдайлары жатады.

Бұл қауіпті дерт төңірегінде сөз алған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің онкология кафедрасының меңгерушісі, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онкология кафедрасының доценті Нұрлан Балтабеков:

– Меланоманы неғұрлым ерте аңғарса, солғұрлым оны емдеу жеңілге тиеді. Қазіргі таңда бүкіл әлем бойынша таргетті препараттан барынша көмек ала алатын науқастарды айқындайтын мамандандырылған медицинаны дамыту қарқынды түрде қолға алынып отыр, – деп атап өтті. – Аурудың даму сатысына қарай оны емдеудің түрлі тәсілдері пайдаланылады. Олардың қатарына хирургия, сәуле терапиясы, химиотерапия, иммунотерапияны жатқызуға болады. Бүкіл әлем бойынша ең тиімді емдеу тәсілі болып саналатын таргетті терапия бүгінгі таңда Қазақстанға да енгізіле бастады.

Терінің қатерлі өскіндеріне қарсы күрес мәселелерінің шешімі тек қана медициналық міндет болып саналмайды, ол кең ауқымды тұрғыдан қарауды қажет етеді. Сол себепті, үш тараптың – мемлекеттік институттардың, тәуелсіз кәсіби қауымдастықтар мен бизнестің күштерін біріктіру Астана және Алматы қалаларында Меланомаға қарсы күрес күндерінде оқыту семинарларын өткізуде аса маңызды болып табылады.

– Біздің компаниямыз елдің денсаулық сақтау жүйесімен серіктестікте және тәуелсіз кәсіби қауымдастықтармен бірлесе отырып, тұрғындардың, косметолог және дерматолог дәрігерлердің арасында меланомаға қарсы күреске арналған оқу-ағарту жұмыстарын жүргізуді өзінің әлеуметтік борышы деп санайды, – деп атап өтті «Рош Қазақстан» бас директоры Георгий Рамишвили. – Мамандарды заманауи диагностика әдістеріне оқыту – адам өмірін ұзарту және адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша міндеттерді орындау жолындағы маңызды қадам. Меланома қас-қағымда дамуымен ерекшеленеді, сондықтан, дұрыс әрі заманауи диагностика адамдардың өмірін құтқаруда шешуші рөл атқарады.

Қоғамның кең ауқымын ауру туралы, оның алдын алу, қорғаныс шаралары тура­лы хабардар болуын арттыру үшін конфе­ренцияға қатысушылар Қазақстанда Мела­номаға қарсы күрес күнін және тұрғын­дар­дың арасында аурудың жүйелі диагности­ка­сына бағытталған акцияларды жыл сайын өткізу қажеттігін құптау үшін қарар қабыл­­дады. Осы шаралар аясында, сонымен қатар, дәрі­­герлерді даярлауды және олардың осы ауру­ды анық­тауына және емдеуіне бағыт­­талған білік­тіліктерін жетілдіруді жалғастыру қажет.

Меланоманы қалай анықтауға болады? Алғаш рет меланоманы 1806 жылы стетоскопты ойлап шығарған белгілі француз ғалымы Лаэннек жеке ауру ретінде бөліп қарастырған. Лаэннек қара ісік деп атаған ауру­дың бірнеше жағдайын сипаттаған және «les melanoses» терминін (грек тілінен melas, «қара» дегенді білдіреді) енгізген. Бүгінгі күні меланома – көбінесе теріде, сирегірек көздің тор қабығында, шырышты қабатында таралатын қатерлі ісік. Қатерсіз меланомалар болмайды, олардың барлығы қатерлі. Бұл – кез келген жас­та пайда болатын ауру. Дегенмен, ол аға буын өкілдерінде, 40-50 жас аралығында жиірек кездеседі. Меланома «онкология сұлуы» деген қасіретті атауға да ие. Әдемі келген қара мең аққұба теріде әшекей сияқты көрінеді. Шын мәнісінде, мең қою болған сайын, оның меланома қауіптілігі солғұрлым жоғары. Терінің бетіне шығатын аса қара пигменттік дақтардан сақтану қажет. Сонымен қатар, егер меңнің немесе пигменттік дақтардың саны артса, не болмаса пішінін өзгертіп, үлкейсе, сақ болған жөн. Меланоманың қатерлілігі оның тез күшейіп, болжанбайтындығында.

Меланоманың алдын алу шаралары қан­дай? Меланома өршуінің алдын алу бойынша медиктер келесі кеңестер береді: сағат 11-ден 15-ке дейінгі аралықта тура күн сәулесінің түсуінен сақтаныңыз, теріні толы­ғымен жауып тұратын жеңіл киім киі­ңіз, жиегі жалпақ немесе күнқағары бар бас киім киіңіз, кең ауқымда әсер ететін және коэффициенті SPF > 15 болатын күннен қорғайтын кремдер пай­даланыңыз, солярийге бармаңыз, оқтын-оқтын тері қабатын өз бетіңізбен тексеріп қарап қойыңыз, күмән тудыратын жағдайлар байқасаңыз, дәрігерге көрінген жөн. Тері мела­номасы диагнозын тек қана дәрігер қоя алады.

Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.

АСТАНА.