05 Наурыз, 2015

Сайлау учаскелері тас-түйін дайын болулары тиіс

391 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің мәжіліс залында Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов облыстық, аудандық және қалалық сайлау комиссияларының төрағасы, хатшыларымен кездесті. Алқақотан жүздесуді Оңтүстік Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев жүргізіп отырды. Бақыт Сәрсенбайұлы өзінің шағын баяндамасында Орталық сайлау ко­миссиясының кезектен тыс пре­зи­дент­тік сайлауға байланысты атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Бүгінге дейін президенттіктен үміткер ретінде бес азамат тіркелгенін, ертең қарбаластыққа жол бермеу үшін жұмысты бүгіннен бастап қызу жүргізу жайын айтты. Облыстық, қалалық, аудандық сайлау учаскелерінде жұмыс­қа тыңғылық­ты қарауды, сайлаушы­лардың тізімін мұқият алуды, сайлау өтетін 26 сәуірде сапарда болатындары ­болса, оларды есептен шығарып, бар­ған аумағында дауыс бере алатындай куәлікпен қамтамасыз етуді тап­сырды. Бақыт Сәрсенбайұлының қадап айтқаны, сайлаушылар тізім бойынша толық түгенделіп, дауыс беруіне барынша жағдай туғызу керек. Тағы бір ескерткені, ЕҚЫҰ өкілдері келгенде сайлау учаскелерінің төрағалары көңіл жықпастыққа, кеңқолтыққа салып, құжатын сұрамай, мәлімет береді екен. Бұл қателік кейін ЕҚЫҰ өкілдері тарапынан сынға ұшырап жатады. Әлібек Өмірәлиев Оңтүстіктің кезектен тыс президенттік сайлауға сайлау учаскелерінің толық дайын екендігін баяндады. Орталық сайлау комиссиясының нормативтік құжаттарға, тағы басқа мәселелерге толық көмек беріп отырғаны үшін рахмет айтты. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, білек сыбанып сайлауды тыңғылықты өткіземіз», деп мәлімдеді. Аудандық, қалалық сайлау учаске­лерінің төрағалары, хатшылары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген Бақыт Мелдешов Оңтүстіктің қашанда сайлауда белсенділік танытатынын, ұйымшылдығын, бірлігін атап өтті. – Мемлекет басшысының кезектен тыс сайлау өткізу туралы Жарлығынан кейін Орталық сайлау комиссиясы уақытпен санас­пай жұмысқа кірісіп кетті, – деді Бақыт Мелдешов журналистерге берген сұхбатында. – Облыстарға, аймақтарға негізгі құжаттарды жеткізіп беріп, облыстық, аумақтық сайлау учаскелерінің төраға, хатшыларымен кездесіп, қай жұмыс­тарға назар аударылу керектігін тү­сін­­­діріп жатырмыз. 5 наурызға дейін барлық сайлау учаскелерінің шекарасы айқындалып, ақпарат құралдарында жарияланады. Сайлаушылардың тізімін түгендеуге облыстық әкімдік, жергілікті мәслихаттар көмектеседі. Ел президентінен үміткерлер бар. Оларға қол қоюларды жинауға сайлау парағы беріледі. Қысқасы, сайлаушылардың тізімі түгенделіп, жұмысқа тас-түйін дайын отыру керек. Сайлау комиссия­сы учаскелері мереке күндері де күнтізбелік кесте бойынша жұмыс жасайды. Бүгінгі мақсат – кезектен тыс пре­­зиденттік сайлауды үлкен жауап­­кершілікпен өткізуді ұйымдастыру. Осылай деген Орталық сайлау комиссиясының хатшысы қажет көмекке, түсінбеген сұрақтарға өзінің қай уақытта да жауап беруге дайын екендігін жеткізді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.