01 Сәуір, 2015

Заң үстемдігі салтанат құрады

250 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
ERA_7246 Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың соттардың тәуелсіздігін нығайту және азаматтардың соттарға деген сенімін арттыру бойынша Судьялардың VI cъезінде берген тапсырмаларын орындау мақсатында Жоғарғы Сот жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасын әзірлеген еді. Ол өткен жылдың соңында Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді. Бұл Кодекс жобасын әзірлеу үшін Жоғарғы Сотта еліміздің судьялары, Бас прокуратура, Ішкі істер, Әділет, Қаржы министрліктерінің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, адвокатура, нотариат, жеке сот орындаушыларының өкілдері мен азаматтық құқық саласының белгілі ғалымдарынан құралған ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Кодекс жобасын сапалы әзірлеу мақсатында бірқатар дамы­ған шет мемлекеттердің азаматтық іс жүргізу заңнамалары зерделеніп, олардың маңызды нормалары ұлттық ерекшеліктеріміз бен қоғамдық дәстүрлі қарым-қатынастар тұрғысынан қарас­тырыла отырып, осы заң жобасына енгізілді. Жергілікті соттардың судьялары мен мемлекеттік құ­рылымдардан ғана емес, қо­ғамдық ұйымдар мен ғылыми қауымдастық өкілдерінен келіп түскен 800-ден астам ұсыныстар мен қатар, Жоғарғы Соттың ресми сайты арқылы келіп түскен 200-ге жуық пікір-таластар талқыланды. Осы жерде мұндай ауқымды және күрделі заң жобасының қысқа мерзім ішінде – бір жылдың көле­мінде әзірленгенін айта кетуіміз қажет. Кодекс жобасын әзірлеу барысында шетелдік сарапшылардың да пікірі ескерілді. Атап айтқанда, Адам құқықтары жөніндегі Еу­ро­па конвенциясының «әділ сот талқылауы кепілдігі бірінші саты­дағы сотта қамтамасыз етілуі тиіс»; «сотқа қолжетімділік шексіз ша­ғымдану құқығын емес, әділ процесс барысында сот шешімін шығаруды білдіреді»; «шектеулер легитимді мақсаттарды – сот төрелігі жүйесінің тиісті түрде жұмыс жасауын қамтамасыз ету­ді, сот ресурстарын үнемдеуді көздеуі тиіс» деген ережелері мен ұсынымдары өз қолдауын тапты. Дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу тәртіптеріне, сотта тараптарды татуластыру рәсімдеріне ерекше көңіл аударылды. Оның өзіндік себептері де бар. Сот статистикасына жүгінсек, 2014 жылы республика соттарында 1 177 133 азаматтық және әкімшілік істер қаралған. Жыл сайын соттарда қаралып жатқан азаматтық істердің саны едәуір арта түсуде. Осы соттарда қаралып жатқан азаматтық істердің ең кемінде екі тарабы барын ескерсек, барлығы шамамен 2-2,5 млн. адам жыл сайын соттарда сабылып, алтын уақыттарын өткізеді екен. Еңбекке жарамды, қоғамға пайда әкелуге мүмкіндіктері бар осыншама азаматтардың өз кәсіптерімен немесе жеке рухани дамуы үшін әртүрлі іспен айналысу орынына өзінің көршісімен, әріптесімен немесе қандай да басқа танысымен дауласып, соттасу үрдісі бәсеңдемей отыр. Міне, осы орайда 1999 жылы қабылданған қолданыстағы Аза­маттық іс жүргізу кодексі бүгінгі күн талабына сай емес, себебі, оның көптеген нормалары сот процесінде тараптарды татуласуға, бітімгершілікке келтіруге бағыт­талмаған, керісінше сотқа келген дау бойынша судьяны тек қана шешім шығаруға міндеттейді. Әрине, сот шешіміне екі тараптың бірі разы болмайды, жеңілген жағы апелляциялық, кассациялық сот сатыларына шағымданып, арадағы дау одан әрі үдей түседі. Жаңа кодекс жобасына сот медиациясы мен партисипативті рәсімдер институы енгізілді. Партисипативті рәсімде адвокат­тардың кәсіби өкілдік ету рөлі өзектіленіп, тараптардың татуласуына кедергі келтіретін адвокаттардың қызметіне тос­қауыл қойылады. Өкінішке қарай, өздерінің қызметін теріс пайдаланатын кейбір адвокаттар тараптарға заң кеңесін дұрыс берместен, татуласудың мүмкіндігі бола тұрса да, тараптарды одан әрі дауласуға итермелейтіні жасырын емес. Оның себебі – арадағы дау қаншалықты созыла түссе, оның жұмысы мен қызметіне алатын ақысы да соншалықты арта бермек. Жаңа кодекске сай жаңа нормалар қабылданған соң адвокаттардың жауапкершілігі артып, олар өз қызметінде тараптарды татуластыруға, бітімгершілікке келтіруге ынталы болады. Әрине, медиацияны жүргізуді кәсіби медиаторға немесе судьяға тапсыру құқығын тараптар өздері шешеді. Сот медиациясының бір артықшылығы – азаматтық іс шеңберінде талап-арыздың көлемінен тыс сол дауға байланысты көптеген мәселелерді медиацияны қолдану арқылы шешуге болады. Медиация ке­зінде талап қоюдың мәнін және негіздемесін бір мезгілде өзгертуге рұқсат етіледі. Басқа татуластыру рәсімдері кезінде талап қоюдың мәнін және негіздемесін өзгертуге жол берілмейтіндіктен, сот медиациясын қолданудың артықшылығы – талаптың мәнін және негіздемесін өзгерту үшін жаңадан талап-арыз берместен, туындаған даудың төңірегінде осы дауға байланысы бар бірнеше мәселелерді (туындаған сұрақтарды, талаптарды) түпкілікті шешуге мүмкіндік береді. Әсіресе, бұл балалардың тәрбиесі, туыстар арасындағы мұрагерлік туралы, көршілер, еңбек ұйымдары арасындағы туындаған және тағы басқа дауларды шешу кезінде тиімді құрал болып табылады. Мысалға, баланы асырау үшін алимент өндіру туралы істің шеңберінде қосымша талап-арыз бермей-ақ, баланың тұрғылықты жерін анықтау, ортақ мүлікті бөлу сияқты мәселелерді сот медиациясы шеңберінде біржолата шешуге болады. Сонымен қатар, міндетті түрде жоғары заң білімі бар адамдардың өкіл ретінде сотқа жіберілуі туралы прогрессивті ережелер сақ­талып қалды. Тараптарды процестің алғашқы кезеңдерінде бітімгершілікке келуге ынталандыру үшін төленген мемлекеттік бажды кері қайтару тәсілдері көзделіп отыр. Сот тәжірибесінен көрсеткендей, кейбір құқықтық білімі жоқ адамдардың өкіл ретінде сотқа қатысқанында заң нормаларын дұрыс білмегендіктен, сенім білдірген тараптардың мүддесін тиісті дәрежеде қорғай алмай, сол тараптың өзіне қарсы ұстанымдар жасауы немесе процессуалдық қа­теліктерге жол беруі жағдайлары кездеседі. Жаңа кодекстің жобасында тараптардың өкілі ретінде тек қана жоғары заң білімі бар адамдардың сот процесіне қатыса алатыны қаралып отыр. Ал сот процесінде тараптар татуласып немесе бітімгершілік келісімге келіп жатса, іс бойынша төленген мемлекеттік баж кері қайтарылады. Бұл норманың өзі тараптарды татуластыруға материалдық тұрғыдан ықпал жасап отыр. Мәселен, қолданыстағы Азаматтық іс жүргізу кодексінде дауды бітімгершілік келісіммен аяқтаған күннің өзінде мемлекеттік баждың қайтарылуы көзделмеген. Көптеген даулар іс бойынша төленген мемлекеттік баж шы­ғындары жеңілген тарапқа жүктелетін болғандықтан, тату­ласуға мүмкіндік бола тұра, бітімгершілікпен аяқталмайды, яғни тараптар қандай жолмен болсын сот процесін жеңіп шығуға тырысады. Мұның өзі осы даудың бірнеше сот сатыларында айлап, жылдап қаралуына әкеліп соқтырады. Елімізде жүргізілген сот-құ­қық­тық реформа аясында осыдан 14 жыл бұрын мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар құрылып, кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың арасындағы экономикалық дауларды қ­арау мәселесі өз деңгейінде ше­шіліп келеді. Жыл сайын эко­номикалық соттарға түсіп жатқан талап-арыздар санының артуы еліміздегі кәсіпкерліктің жоғары деңгейде дамып келе жатқанының, мемлекетіміздің кәсіпкерлікті дамыту үшін қа­жетті шаралардың барлығын жасап отырғанын айғақтайды. Жоғарғы Сот 2014 жылдың екінші жартыжылдығында экономикалық соттардың жұмысына қатысты бизнес субъектілерінің пікірін білу мақсатында әлеуметтік сауал­нама жүргізді. Зерттеу нәтижесі бойынша экономикалық соттарда істері қаралып жатқан кәсіпкерлер бұл соттардың жұмысын жақсы жағынан бағалап, жауап берген респонденттердің 84,6 пайызы істерінің сапалы және уақтылы қаралып жатқанын, экономикалық соттардың судьяларының кәсіби деңгейінің жоғары екендігін атап көрсеткен. Ел экономикасындағы инвес­тициялық ахуалды жақсарту мақ­сатында және азаматтар мен ұйымдардың соттарға деген се­німін арттыру үшін облыстық сот деңгейінде мамандандырылған инвестициялық сот құру ісі қолға алынуда. Бұл сот құрылған жағ­дайда сот процестерін қысқа мер­зімде, барынша жеңілдетілген жағдайда жүргізіледі деп күтілуде. Себебі, инвесторлардың істерін қарайтын соттар олардың алтын уақыттарымен санаса отырып, істерді қысқа мерзімде және сапалы қарауға міндетті. Демек, Азаматтық процестік кодекстің жаңа нұсқасы қабыл­данған жағдайда азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және олардың заңды мүдделерін сот арқылы қорғау тетіктері одан әрі дамып, жоғары деңгейдегі құқықтық мемлекет құруға ұмтылған қоға­мымызда заң үстемдігі әрдайым салтанат құрады деп сенеміз. Нұржан ҚАЙЫПЖАН, Жоғарғы Соттың судьясы.