Өскеменде қазақ күресінен Азияның VІ чемпионаты мәреге жетті. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Моңғолия, Түркіменстан, Тәжікстан, Сирия, Иемен, Ирак, елдерінің балуандары қатысты.
Чемпионаттың ашылуында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөз алып, бұл спорт додасының балуандардың шеберлігінің өсуіне, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастардың нығаюына жол ашатынын, дамыған елдердің Қазақстанды жақын танып-білуіне мұрындық болатынын атап өтті. Ал Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров болса ерекше толқып, өзінің осыдан 45 жыл бұрын қазақ күресі әліппесінен тәлім алып, үлкен өмірге жолдама алғанын тілге тиек етті. Ол кездегі қазақ күресі мен қазіргі деңгейді салыстыруға келмейді, арасы жер мен көктей деді.
Ал осы саланың дамуына ерекше үлес қосып келе жатқан Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев болса, Елбасы Н. Назарбаевтың: “Қазақ күресін олимпиялық ойындар деңгейіне дейін көтеруге күш салуымыз керек”, деген бағасына орай алда көп жұмыстар атқару қажеттігіне тоқтала келіп, дүбірлі жарысты өткізуге бастама көтерген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаевқа ризашылығын білдіріп, Құрмет грамотасын табыс етті. ФИЛА-ның өкілі В.Грищанков та өз сөзінде қазақ күресін бүкіл әлем жұртшылығы танып біле бастағанын, биылғы жылдың маусымында Ресейдің Мәскеу қаласында өткен Халықаралық күрес федерациясының (FІLA) кезекті жиынында Қазақ күресі федерациясының бірауыздан мүшелікке қабылдануы, жасап жатқан істердің дұрыс бағытта екеніне назар аударды.
Бұл жолғы Азия чемпионатына 11 мемлекеттен 98 балуан келді. Айта кету керек, қазір қазақ күресімен 50-ден астам мемлекеттерде балуандар шұғылданады. Оның 30-ында қазақ күресі федерациялары жұмыс істеп тұр. Cерік Төкеевтің айтуынша, бұл жолы да дүбірлі додаға көптеген мемлекеттерден осы жарысқа қатысуға тілек білдірушілер аз болмаған көрінеді. Бірақ “медальдың екінші жағы” бар дегендей, олардың барлығын шақырып, жол шығынын, қонақ үй, басқа да ұйымдастыру мәселелерін шешу үшін қаржы жағы тапшылық ететін сияқты.
– Алдағы қарашада Астанада қазақ күресінен дүние жүзінің чемпионаты өтпек. Міне, соған Азия чемпионатына тұңғыш рет қатысып отырған Иемен, Ирак, Сирия сияқты көптеген Африка, Азия, басқа да құрлықтардан өкілдер шақыру ойда бар, дейді Серік Адамұлы.
Енді екі күнге созылған қазақ күресі жанкүйерлеріне не сыйлады, алға қарай жылжу бар ма деген сауалдарға келейік. Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласының өкілі Қуаныш Салықбаевты қазір спорт десе елеңдей қалатын жанкүйерлер жақсы біледі. Қазақ күресінің өркендеуіне осы азамат өлшеусіз үлес қосып келеді. Жақын арада қамал бұзатын қырыққа толатын Қуаныштың осы жолғы қарқыны мен екпініне ешкім шақ келмеді. Ол 90 килодан жоғары салмақта финалда өзбекстандық белгілі балуан Ботир Ходжаевпен белдесті. Бірден шабуылға шығып екі бүкке ие болды. Алайда, Ботир мұның алдында алған жарақаты салдарынан жарысты тоқтатуға мәжбүр болды. Сөйтіп, Қуаныш осымен үшінші мәрте Азия чемпионы атанды. Қуаныш Салықбаев абсолюттік салмақта 90 килода чемпион атанған Мұсылманбек Қажымұқановпен де күш сынасты. Бір минөтке жеткізбей оны да ұтты. Ал абсолюттік салмақта 18 балуан тіркелген.
90 килода М.Қажымұқанов финалда Сириядан келген Меткал Алмаранимен белдесіп, таза ұтып кетті. Ал 82 кило салмақта ақтөбелік әлем чемпионы Бақтыбай Қисықов қарсыластарын алып та, шалып та жықты. Ол ақтық сайыста ирактық Муртачха Кемалдан басым түсті. Тағы бір әлем чемпионы астаналық Естен Ерлан 66 кило салмақта Сириядан келген Ейк Абдулғанидан басым түсіп, алтыннан алқа тақты. Жалпы, осы жолғы чемпионатта Сирия, Ирак, Иемен елдері балуандарының шеберлігінің өсіп қалғанын аңғардық. Сөйтіп, бұл жолы барлық салмақтарда қазақстандықтар алдарына жан салмады. 54 килода Б.Раисов Бақытжан Өкеевті ұтса, 77 килода Ербол Мырзабосынов иемендік Матер Зейедті ұтып, чемпион атанды. Ал 60 кило салмақта қазақстандық Ғани Келдіқұлов – алтын, қырғызстандық Санжар Османәлиев – күміс, түркіменстандық Зерип Зауратжан мен Бауыржан Мырзалиев (Қазақстан) қола алқаны иеленді. Жарыста жүлдегер атанғандар ақшалай, заттай сыйлықтарға ие болды. Оларды Олимпиада чемпионы Ж.Үшкемпіров, Туризм және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Мәлік Сапашев, кикбокстан әлемнің бес дүркін чемпионы Асқар Можанов, федерация президенттері С.Төкеев, Р. Нұртаев, тағы басқалар табыс етті.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, ӨСКЕМЕН.
Суреттерде: Азия біріншілігінің ашылу салтанаты; семейлік Қуаныш Салықбаев 90 килодан жоғары, абсолюттік салмақта да чемпион атанды.
Суреттерді түсірген автор