Елбасымыз Н.Назарбаев жақында ғана Жамбыл облысына келген сапарында Тараз химия-техникалық колледжінің жұмысымен танысып, дуалды жүйеге мейлінше ден қоюды атап өткен болатын. Шынында, үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі бағдарламаның жүзеге асырылуы алдымен өнеркәсіп орындарына байланысты десек, кәсіпорындардың дамуы техникалық және кәсіптік білімі бар білікті мамандарға тәуелді. Айталық, Австралия, Бельгия, Нидерландыда оқушылардың 70 пайызы жұмысшы мамандығын меңгеретін болса, Германия, Швейцария, Норвегия, Швеция елдерінде бұл көрсеткіш 60 пайызды құрайды. Яғни, дамыған еуропалық мемлекеттерде жұмысшы мамандықтарына көңіл бөлінеді.
Елімізде кәсіптік-техникалық мамандықтарды таңдаушылар қатары 10 пайыздан аспай отырғандықтан оқытудың дуалды жүйесін енгізудің ұлттық моделін қалыптастыру мен мемлекет экономикасының инновациясына білікті мамандарды даярлаудың маңыздылығы, өнеркәсіп пен оқу орындарының арасындағы байланысты нығайту техникалық және кәсіптік білім беруде туындап отырған мәселелердің бірі. Қазіргі Қазақстан үшін бұл өзекті мәселені шешу техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқыту педагогтарының арнайы кәсіптік дайындығын қажет етеді. Осыған орай, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты дуалды оқыту жүйесі туралы жоғары кәсіптік құзыреттілігін арттыруға, тәжірибе алмасу, мәселелердің шешу жолдарын қарастыруға бағытталған техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің оқытушыларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруда. Облысымызда өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап дуалды оқыту жүйесін енгізуде эксперименттік алаң мәртебесін 25 техникалық және кәсіптік білім мекемелері алды. Осы колледждердің жұмыстарымен танысу, дуалды оқыту жүйесін енгізудегі әлеуметтік серіктестердің рөлін және өндірістердегі оқушылардың теориялық білімдерін практикада қолдануларын зерделеу мақсатында курс тыңдаушыларына көшпелі тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылуда.
Мысалға, Жамбыл политехникалық және №1 колледжде өтетін тәжірибелік сабақтар тыңдаушыларға мемлекеттің, бизнес пен болашақ маманның мүдделерін біріктіретін дуалды оқыту жүйесінің моделімен танысуға, дуалды оқыту жүйесін енгізуде туындаған қиындықтар мен олардың шешу жолдарын қарастыруға қатысты мәселелерді шешуге мүмкіндік беруде. Әлеуметтік серіктестің дуалды оқыту жүйесін ендірудегі тәжірибесін зерделеу, кәсіби білікті кадрларды дайындауда әлеуметтік серіктестіктің рөлі туралы сұрақтар аясында «Қазфосфат» (ЖЖФЗ) ЖШС-нің оқу орталығында өтетін сабақтарда қарастырылады. Мұндай тәжірибелік сабақтар тыңдаушылардың біліктіліктерін арттырып қана қоймай, техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелерде дуалды оқыту жүйесін енгізуде жасалынып жатқан жұмыстарды нығайта түсуге қосымша серпін береді.
Гауһар ТӘЖІБАЕВА, Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты басқару және білім сапасы кафедрасының аға оқытушысы.