Бүгінде ақпарат қызметінің қажеттілігі уақыт төрінде тұр. Бұл ХХІ ғасырдың талабы әрі жаңалығы да. Сондықтан ақпарат құралдары қай кездегіден де көп. “Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады” демекші, дөңгеленген дүние дүрмегіндегі аласапыран заман көрінісі осындай әр басылым бетінде әртүрлі өріледі. Сондай ақпарат құралдарының арасында бүгінгі қоғамның болмыс-бітімін елеп-екшеп, оқырмандарына салиқалы да салмақты ой тастап, шындықтың ауылынан ұзамай, халықтың сөзін сөйлейтін “Халық” газетінің алған асуы мен шыққан шыңы сөз етуге тұрарлық.
Биыл 10 жасқа толып отырған “Халықтың”, ондағы еңбек етіп жүрген өрімдей жастардың өрлігі, өмірге деген көзқарасы талайды тамсантып, сүйсіндіріп келеді. Артында тіреп тұрған тірегің, мол қаржы тастап тұратын қазаншың болмаса, керуеніңді тізіп, көшке ілесудің өзі ептілікті, іскерлікті, жинақылықты талап етеді. Дегенмен, мұның бәрі шығармашылық жұмыстың күш-қуаты бойында тасыған, қиындықтан жасымаған жігерлі басшы Аманжол Сақыпұлы басқаратын ұжым мүшелерінің әрбірінің бойынан табылып, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, өткір мақалалары арқылы ондыққа дөп тигізіп келеді.
Басылымның басты ұраны ретінде “Халық – Құдайдың бір аты” атты үкілі сөзді бетперде тұтқан басылымның елмен, жұртшылықпен бірауыздылығына талай тәнті болдық. Осыдан біраз жыл бұрын облыстағы экологиялық үстемақыны алып тастау жөніндегі билік тарапынан болған қисынсыз бастамаға алғашқы болып “Халық” газеті араша тұрды. Баспасөздің бірқатары бұғып қалғанда, экологиялық аймақтағы қордаланған проблеманың сеңін бұзып, құс қанатындай қаламның шындықпен суарылғанда мұз қақырататын сүймендей болатынына оқырманның көзін жеткізіп, әділдік жағына шыққан беделді басылым сөзінің дұрыстығы дәлелденді. Бұдан екі жылдай бұрын облыстық мешіт айналасындағы дау-дамайға да алдымен араласып, бас имамның тарапынан етек алған уаһһабилік ағымның жолын кесіп, таза дінді ұстанған мұсылман жамағаттың жанынан табылды. Сондықтан да, халық сөзін сөйлеп, мына өмірдің өзіндей тұздығы мол, ащы сөзді басылым бетінде бедерлеген соң ба, оқырман да өзекке теппей, өзімсіне оқиды.
Газеттің соңғы жылдың сорабында өзінің бет-бейнесін күрт өзгертіп, айтарлықтай жаңару мен жаңғыртудың жолына түскенін бүгінде түйсігі түгел жұрттың көбі айтып жүр. Мұны редакцияға күнделікті ертемен шалынып тұратын қоңыраулар мен арнайы келіп жататын хаттар астарындағы ойлар мен пікірлер де толық қуаттайды. “Халықтың” халық көңілінен шыққандығы сол, биылғы екінші жартыжылдықта басылым таралымын 8000-ға жеткізіп, оқырман санын ұлғайтып отыр. Мұның өзі – жұртшылыққа түзу сөз бен ақиқат ақпарат беруге ұмтылып отырғандықтың белгісі.
Басылымның қозғамайтын тақырыбы жоқ. Ақпараттар ағыны, саяси сараптама, ұрпақ тәрбиесі, жастар мәселесі, білім мен ғылым, кәсіп пен нәсіп, салауат пен сергектік, құқықтық сауат ашу, жұлдыздар әлемі, тіл мен діл – “Халық” газетінің басты тақырыбы. Сонымен бірге оқырманның келелі ойына да, татымды тұжырымына да ойып тұрып орын беріледі. Яғни, редакция мен оқырман арасында өзара шығармашылық байланыс бар деп сеніммен айтуға болады. Шағын да жас ұйым, бірақ шындық ауылынан шыққан жандар еңбегі бет-бейнесі айқындалған басылымның “Тұлпар”, “Тұмар”, “Тағдыр”, “Тұсаукесер”, “Тылсым”, “Ойпырмай”, “Салауат”, “Сергек” секілді арнайы беттерімен де көптің көңілінен шығуының өзін өмірдің күнгейі мен көлеңкелі тұстарын, тіршілік тамырының бүлкілін айна-қатесіз көрсетуінен деп ұғыныңыз.
Шындықтың шарайнасы, ақиқаттың алдаспанына айналған үнжария ел бірлігі мен ынтымағын арттыруда, жаңарудың берік ұстамды саясатын насихаттауда да өз мүмкіндігі деңгейінде жұмыс жасап келеді. Оған жыл сайын мемлекеттік тапсырыс орындайтыны айқын дәлел. Бұл жаңару жолындағы мемлекеттің бағытты іс-қимылдарын халыққа жеткізу болса, әрі билік тарапынан медиа-холдинг дәрежесіндегі ұжымның қызметіне деген сенімділікті танытады.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы.