Балалардың білім дәрежесін тестілеумен анықтап, олардың болашағына бағдар беретін ҰБТ өз деңгейінде жыл сайын артықшылықтары және кемшіліктерімен өтіп келеді. Бұл тұрғыда лайықты баллды жинай алмай, келешекке сенімсіз қарай бастаған оқушылардың психологиясына салмақ болар білім жүйесіне биылғы жылы біраз өзгерістер енгендігін білдік.
Аталған тақырып төңірегінде, бірыңғай тестілеуге бір ай шамасында уақыт қалған кезде Білім және ғылым министрлігі тарапынан бірқатар мәліметтер берілді. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде бас қосқан министрлік өкілдері ағымдағы жылдың жаңалықтарымен таныстырды.
Үстіміздегі жылдан бастап кәмелеттік аттестатқа ҰБТ мен пән бойынша жылдық бағаның қорытындысы орташа арифметикалық жиынтығындағы құрамдық бағамен анықталатын болады, деді Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов. Мұндай аттестаттау мектептің жұмысын әділ бағалауға, мектеп бітірушілерге түсетін психоэмоционалдық жүктемені азайтуға мол мүмкіндік беретінін айтқан С.Нүсіпов мектепте үздік оқыған оқушы тестілеу кезінде психологиялық немесе басқа да жағдайларға байланысты төмен балл алып қалуы мүмкін екендігін, осы тұрғыда аттестатқа оның тестілеуден жинаған бағасы түсетіндігін мысалға келтіре отырып, осы жүйенің қазіргі таңда өзгергендігін тарқатып айтты. Бағаның арифметикалық жиынтығы деп отырғанымыз да тап осы, деген комитет төрағасы, 5-ке оқыған баланың тестіден 4 алып қалатын жағдайында, оның орта көрсеткіші 4,5 болатындығын тілге тиек етті.
Сонымен қатар, ол еліміздегі жалпы саны 155-ті құрайтын тест өткізу пункттеріне тағы да 10 пункт қосылғандығын айтты. Бұл мәселенің тасасында балалардың әртараптан автобусқа мініп, біршама жол жүріп, тестілеу пунктіне шаршап және толқып баратындығы себеп екендігін жеткізді. Сол себепті де, шалғай өңірлерде қосымша пункттер ашылған.
Сондай-ақ, лектер санының ұлғаюы және олардағы тестіленушілер санының 600-ге дейін кемуі есебінен, ҰБТ өткізу мерзімі 2 аптаға ұзартылғандығын атап өтті. Салыстырмалы түрде өткен жылы ҰБТ мерзімі бір аптаны құрап, лектегі білім алушылар саны 800-ге барған.
ҰБТ өткізу пункттеріне, тест өткізуді басқару және бақылау үшін 2000 министрлік өкілдері тағайындалды. Олар әр аудиторияға біреуден қатысады. Бұл техникалық құралдардың үздіксіз жұмыс жасауын қадағалау үшін де тиімді, деді С.Нүсіпов. Сонымен қатар, оның айтуына қарағанда, жасөспірімдердің психологиялық жас ерекшелігін есепке ала отырып, мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және күйзелісін барынша азайту үшін көпшіліктің назарына ұсынылатын ҰБТ қорытындысына шартты белгі қойылады. Яғни, бұрынғы дәстүр бойынша тестілеуден соң оның қорытындысы аты-жөні жазылып, тақтайшаға ілінбейді. Әр оқушыға жеке сәйкестендіру нөмірі және тестіленушінің жеке коды беріледі. Ол бітірушінің аты-жөнінің орнына жазылады. ҰБТ қорытындысы бір уақытта Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz сайтында жарияланатын болады.
Балалардың психологиялық ахуалы басты назарда және олардың келешекке деген сенімді қадамы маңызды екендігін айта отырып, С.Нүсіпов осының аясында ата-аналар мен мектеп мұғалімдерінің балаға қолдау көрсету қажеттігін көлденең тартты.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».