Редакцияға хат
Мен “Егемен Қазақстанның” ең қарт оқырмандарының бірімін. Редакцияға жолдап отырған осы мақаламда қаламгер замандасым Құрманғали Ұябаев туралы сөз қозғамақпын. Ол Ұлы Отан соғысынан кейін “Социалистік Қазақстанда” еңбек еткен азамат еді. Атап айтқанда, Құрекең 1950 жылдан 1965 жылға дейін мұнда очеркист, бөлім меңгерушісі, басылымның Павлодар, Ақтөбе облыстары бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарды. “Социалистік Қазақстанға” келгенше ол ақын болып қалыптасқан-тын. Бұл талант иесі туралы Сәбит Мұқанов Жазушылар одағының кезекті съезінде: “...алда көп үміт күттіретін талантты қазақ ақындарының бірі” деп Құрманғали Ұябаевты атап, азамат ақын ретінде баға бергені бар. Одан соң жазушы Өтебай Қанахин, ақын Сырбай Мәуленов және басқалары Қ.Ұябаевтың шығармашылығына құрметпен қарағанын өз басым жақсы білемін. Өйткені, Құрекең лирикалық өлеңдердің шебері болған. Ол эпик ақын ретінде “Сағат”, “Тағдыр туралы сөз”, “Жер мен адам” атты поэмалар жазып, 14 кітаптың авторы атанған жан еді. Шебер аудармашы ретінде Пушкин, Мицкевич, Антокольский, Твардовский өлеңдерін қазақ тілінде сөйлеткен.
Амал не, осы әйгілі ақын, шебер тәржімеші ұмытылып, атаусыз қалып келеді. Азаматтың есімі өзі туып-өскен өңірдегі бір мектепке де берілген жоқ. Мерейтойлары тек аудандағы ауылдық жиын көлемінде ғана аталып жүр. Биылғы датасы ауызға да алынбай отыр. Редакцияға хат жазудағы мақсатым – Қазақстан Жазушылар одағы мен Алматы облыстық әкімдігі жоғарыдағы жәйттерден хабардар болса деймін. Хабардар болып қана қоймай, ол өмірге келген аудандағы бір білім ұясына оның атын бергізуге мұрындық болса оң болар еді. Бұдан ақынның бір кездегі еңбек еткен орны – бұрынғы “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газеті де сырт қалмас деп ойлаймын.
Үсенбай ТАСТАНБЕКОВ, Қазақстанның құрметті журналисі.
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы.