19 Мамыр, 2015

Маршал Жуков медалін алған майдангер Ораз Құсайынов өмірінен деректер

305 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сұрапыл соғысқа өзі сұра­нып аттанып, майдан даласын­да қайсар­лығымен көзге түскен­дердің бірі – се­мейлік Ораз Құ­сайы­нов. Ол 1941 жылы өзіне ама­лын тауып екі жас қостырып жаз­дыра­ды да 1942 жылы ақпан айында Семейде жасақталған 30-ди­визияның 125-атқыштар полкі­нің құрамына алынады. 1942 жылдың мамырынан бастап 145-атқыштар дивизиясының 559-атқыштар полкінің миномет есептобы командирі ретінде алғаш рет ұрысқа араласады.

Калинин майданында қай­сарлығымен дараланған жас қазақ жігіті 1944 жылы Харьковтегі әс­кери-саяси училищені соғыс уақытындағы жеделдетілген бағдарлама бойынша кіші лейтенант шенімен бітіріп шығады. Жолдамамен 2-Украин майданында 53-армияның 230-атқыш­тар полкіне келеді. Осы әскери құ­рамда Белоруссия мен Мол­да­вия жерлерін Карпат тауларын фа­шистік езгіден азат етуге қаты­сады. Әйгілі парти­зан құ­ра­маның жетекшісі Сидор Ар­темьевич Ковпакты білмей­тіндер аз шығар. Міне, Ораз Құсайы­нов соның Украина жерін қорға­ған отрядында да шайқасады. Онда түнгі барлауларға шығып, дұшпан­нан тіл әкелумен айналыса­ды. Ру­мыния, Венгрия, Польша, Че­хос­ловакиядағы ұрыстарда болады.

Сол уақытта кері шегініп бара жатқан Гитлер әскері Венгрияның Сомбатхей қаласын бекініске айналдырып одақтастар әскерін тоқтатпақ ниетте екен. Жау стра­тегиялық маңызы бар бұл нүктені қалайда ұстап тұруды ойлап, «SS» дивизиясының ең таңдаулы жендеттерін орналастырған. Сон­дықтан адам шығынын азайту мақсатында кеңестік әскер бас­шылығы қалаға Ораз Құсайынов бастаған барлаушылар ротасын жібереді. Сомбатхейдің әр шаршы метрі үшін болған қанды қыр­ғыннан Ораз Құсайынов қана аман қалған екен. Ұрыстан оққа ұшқан солдаттарды жинап жүргендер оны топырақтың астынан тауып алған. Аталған жерлерден жау­ды қуып шығуға атсалысқаны үшін және тағы да басқа ерліктері үшін бас қолбасшы Сталиннің атынан 20-ға жуық алғыс хат алған. Оған бүгінгі дейін сақталған құжаттардың түпнұсқасы дәлел.

Соғыстың қатал заңында әбден шыңдалған Ораз Құсайынов 1944 жылдың қыркүйегінде 6-шы әуе десантының атқыштар пол­кіне комсорг болып келеді. Осы құрамда Чехословакияның астанасы Прагадан 6 шақырым жердегі ор­манда неміс армиясын күл-тал­­қан етіп же­ңіп, кезекті ұрыс алдын­­дағы бір сәткі үзілісте неміс фа­­шистерінің тізе бүккені, Рейхстаг төбесіне кеңестік қызыл ту тігілгені туралы хабарды естиді. Міне, қаншама адамның өмірін қыршынынан қиған Ұлы Отан соғысы ол үшін осылай жеңіспен аяқталады.

Одан кейін Ораз Құсайынұлы тапсырмамен Қиыр Шығысқа жапондармен айқасуға аттанады. 1946 жылы елге оралады. Сол жылы Мәшкен атты арумен тұр­мыс құрып, мағыналы өмір бас­тайды. Өз туған жері Абыралы ауда­нындағы «Социалистік шаруа» газетінде редактор, Абай аудан­дық партия комитетінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқа­рады. Одан кейін де халық шаруа­шылығының түрлі саласында абыройлы еңбек етеді. 1975 жылы Семей қаласына қоныс аударған соң сондағы құрастырмалы темір-бетон комбинатында жабдықтау бөлімін басқарып, 1983 жылы зейнеткерлікке шығады. Қай салада қызмет жасаса да ол өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін принципшілдігімен ерекшеленді.

Соғыс жылдарында ие болған «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендері және тағы да басқа көптеген медальдар, бейбіт кезде алған мара­паттарының барлығы да оның тек майдан даласында ғана емес, бейбіт өмірде де нағыз еліне жанашыр ер азамат деуге лайық еке­ніне айғақ бола алады. Ал 1995 жылы 26 мамырдағы Тәуелсіз Мем­ле­кет­тер Достастығына қатысушы мемлекеттердің басшылары кеңе­сінің шешіміне сәйкес Ораз Құсайынов «Кеңес Одағының маршалы «Г.К. Жуков медалімен» марапатталды.

Бүгінгі таңда майдангерлер аға отбасының жеті баласы бір-бір шаңырақтың ұйытқысы болып, саналы ұрпақ тәрбиелеп отыр. Әр салада жемісті еңбек етіп жатқан олардың барлығы да жоғары білімді мамандар. Бұл да болса етігімен қан кешкен, көпті көрген әкенің өнегесінің нәтижесі шығар. Қазір олардан 17 немере, 14 шөбере тарап, өмірін жалғастырып жатыр. Балаларының айтуы бойынша Ораз ақсақал көзі тірісінде оларға соғыс туралы көп айта бермейді екен. «Соғысты қайтесіңдер, Алла ондай сұмдықты көрсетпесін», деп отыратын деседі. Тек Жеңіс күндері, яғни 9 мамырда ғана бірқатар естелік айтыпты. Ол бүгін біздің ержүрек азамат туралы материалымызға арқау болуда.

Ерсін ОРАЗОВ.

Шығыс Қазақстан облысы.