21 Шілде, 2010

ГУМАНИТАРЛЫҚ ЖӘРДЕМ БЕРІЛЕДІ

498 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсету мақсатында кеңес өтті. Оған қос мемлекеттің бірқатар үкімет мүшелері мен ведомстволар өкілдері қатысты. Отырыста Ө.Шөкеев Қырғызстанға арналған дағдарысты еңсеру жоспарын әзірлеу жұмыстары 26 шілдеге дейін аяқталатынын айта келе, дағдарысты еңсеру бағдарламасын әзірлеуге жауапты Қырғызстан делегациясы келіп отырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол Қазақстан тарапынан бүгінде дағдарысқа қарсы жоспардың алдын ала жобасы мен оны жүзеге асыру іс-шаралар жоспары әзірленгенін де назардан тыс қалдырмады. Бұл ретте бірінші Вице-премьер Қырғызстанға арналған дағдарысқа қарсы жоспардың жобасын әлі де пысықтауды Экономикалық даму және сауда вице-министрі Қуандық Бишімбаевқа жүктеді. Қырғыз елі үкімет мүшелерімен өткен бұл басқосуда Ө.Шөкеев: “Үкімет басшысы Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсету мақсатында екі қаулыға қол қойды. Енді өзгесі Төтенше жағдайлар министрлігіне байланысты. Атап айтсақ, жедел түрде Қырғызстанға көмір мен құрылыс материалдары жеткізілуі тиіс”, – деді. Жиыннан кейін еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко журналистерге берген сұхбатында қырғыз тарапының өтініші бойынша қос қаулы шеңберінде аталған мемлекетке құрылыс материалдары жеткізілетінін және Шұбаркөл көмірінің қырғыз электр стансасына жол тартуы жоспарланып отырғанын айтты. Министрдің сөзіне қарағанда, осы аптаның соңына қарай гуманитарлық көмектің алғашқы вагондары жөнелтілмек. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.