АСТАНА. 5 наурыз. Ертең теннистен 2015 жылғы Дэвис кубогының Әлемдік тобында ойнайтын 16 мемлекет жарыс жолына шығады. Бұл сында Қазақстан өз алаңында Италияны қабылдайтыны белгілі. Соған байланысты бүгін қос ел арасындағы жекпе-жектің жеребесі тартылды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Жеребеге сәйкес, беташар ойын Михайл Кукушкин мен Симоне Болелли арасында өтеді. Миша еліміздің нөмірі бірінші теннисшісі. Ал АТР рейтингінде ол 58-орында тұр. Қарсыласы үздік 50 теннисшінің қатарына енеді. Яғни, Болелли қазіргі таңда әлемнің 49-ракеткасы.
Екінші ойында кортқа Андрей Голубев пен Андреас Сеппи шығады. Голубев АТР рейтингінде 91-сатыда тұр. Ал 35-орынға сенімді жайғасқан Сеппи Италия командасында нөмірі бірінші теннисші. Жыл басында жасыл құрлықта өткен Австралия ашық біріншілігінде Андреас төртінші айналымға дейін жетіп, көпшіліктің назарына ілікті.
Жұптық айқаста ұлттық құраманың капитаны Диас Досқараев Александр Недовесов пен Андрей Голубевке сенім артып отыр. Жарыстың екінші күні сынға түсетін қос теннисші Фабио Фоньини мен Паоло Лоренцци жұбына қарсы ойнайды.
Үшінші жарыс күні жанкүйерлер Кукушкин мен Сеппидің және Голубев пен Болеллидің тартысына куә болады. Десек те, алдыңғы ойындардың нәтижесіне байланысты бұл күні ойын бағдарламасына өзгеріс енуі мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, аталған сайыс Әлемдік топтың алғашқы айналымы. Қазақстан-Италия ойыны 6-8 наурыз аралығында Астанадағы «Дәулет» Ұлттық теннис орталығында өтеді. Бұл күні жарыс жолына шығатын өзге елдер жайында айтар болсақ, Германия өз алаңында Францияны қабылдаса, Ұлыбритания АҚШ-пен шеберлік байқасады. Сондай-ақ, Чехия-Австралия, Аргентина-Бразилия, Сербия-Хорватия, Канада-Жапония және Бельгия-Швейцария елдері өзара жарыстың келесі айналымына берілер жолдаманы сарапқа салады.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: daviscup.com.