2015 жылғы 28 сәуір, Астана қаласы
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидаларын және Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек
ұйымдарына бекіту қағидаларын бекіту туралы
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 45-бабының 4-1-тармағына сәйкес бұйырамын:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін оны күнтізбелік он күннің ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықты орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жариялаған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрі Т.ДҮЙСЕНОВА.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі №281 бұйрығына 1-қосымша
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексі 45-бабының 4-1) тармағына сәйкес әзірленді.
2. Осы Қағидалар алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету тәртібін айқындайды.
3. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек (бұдан әрі – МСАК) – адам, отбасы және қоғам деңгейінде көрсетілетін, қолжетімді медициналық қызметтер көрсету кешенін қамтитын тәуліктік медициналық бақылауынсыз дәрігерге дейінгі немесе білікті медициналық көмек:
4. МСАК мыналарды:
1) анағұрлым көп таралған ауруларды, сондай-ақ жарақаттарды, улануларды және басқа шұғыл жағдайларды диагностикалау мен емдеуді;
2) отбасын, ана, әке болу мен балалық шақты қорғауды, соның ішінде отбасын жоспарлауды;
3) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз етуді;
4) профилактикалық іс-шараларды және қауіп факторларын айқындауды;
5) ауруларды ерте анықтауға скринингтік зерттеулерді;
6) халықтың кең таралған патологиялық жағдайлар мен саламатты өмір салтын қалыптастыру туралы хабардар болу деңгейін арттыруды;
7) негізгі инфекциялық ауруларға қарсы иммундауды;
8) халықты гигиеналық оқытуды және сумен қауіпсіз жабдықтау мен халықтың оңтайлы тамақтануы жөніндегі түсіндіру жұмыстарын;
9) инфекциялық аурулар ошақтарындағы санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізуді қамтиды.
2. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету тәртібі
5. Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті МСАК мамандары (жалпы практика дәрігері, учаскелік терапевт дәрігер (педиатр), учаскелік мейіргер (жалпы практика мейіргері), фельдшер, акушер:
1) медициналық пунктте;
2) фельдшер-акушерлік пунктте;
3) дәрігерлік амбулаторияда (Отбасы денсаулығы орталығында);
4) емханада көрсетеді.
6. МСАК күндізгі стационар мен үй жағдайларында да көрсетіледі.
7. Дәрігердің немесе орта медицина қызметкерінің үйге шақыртып қызмет көрсетуін учаскелік қызмет (жалпы дәрігерлік) бөлімшесінің меңгерушісі, ол болмаған кезде учаскелік дәрігер (жалпы практика дәрігері) үйлестіреді.
Үйге шақыртып қызмет көрсету үшін көрсетілімдер мыналар болып табылады:
1) пациентке өз бетімен МСАК ұйымдарына баруға мүмкіндік бермейтін жіті ауырсыну жағдайы;
дене қызуының 38 Цельсий градустан жоғарылауы;
жай-күйінің айқын бұзылуы бар артериялық қысымның жоғарылауы;бірнеше рет қайталанып іштің өтуі;
қозғалысы шектелген омыртқаның және аяқ буындарының қатты ауырсынулары;
бастың айналуы, қатты жүрек айнуы, құсу;
2) пациенттің өз бетінше емханаға баруына мүмкіндік бермейтін созылмалы ауырсыну жағдайлары (онкологиялық аурулардың ауыр ағымы, (I – II топтағы) мүгедектік, сал болу, аяқ-қолдың парезі);
3) айналасындағыларға қауіп төндіретін жіті инфекциялық аурулар;
4) тасымалдауға болмайтын пациент;
5) МСАК ұйымдарының жұмыс уақытында жедел медициналық жәрдем станциясынан берілген шақыртуларға қызмет көрсету.
8. МСАК ұйымының медицина қызметкерінің пациенттің үйіне, оның ішінде аула аралау (пәтер аралау) арқылы баруы:
1) жіті аурулар, созылмалы аурулардың өршуі кезінде оның жағдайын, ауру ағымын бақылау және қажетті зерттеп-қарауларды және (немесе) емдеуді уақытылы тағайындау (түзету) мақсатында;
2) инфекциялық ауру індетінің пайда болу қаупі орын алғанда немесе инфекциялық аурумен ауыратын науқастар анықталған жағдайда халықтың жеке тобының, олармен байланыс жасаған немесе инфекциялық ауруды жұқтыру күдігі бар адамдардың патронажы кезінде жүзеге асырылады.
9. МСАК деңгейінде денсаулық сақтау саласында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің мынадай: профилактикалық, диагностикалық, емдік, уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамаcы бойынша мемлекеттік қызметтер түрлері көрсетіледі.
10. Профилактикалық қызметтер: профилактикалық қарап-тексерулерді, иммундауды, саламатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттауды, ұтымды және дұрыс тамақтану жөніндегі ұсынымдарды, отбасын жоспарлауды, диспансерлеуді және динамикалық байқауды, жүкті әйелдерді, балаларды, оның ішінде жаңа туған нәрестелердің патронажын, әлеуметтік-психологиялық консультация беруді қамтиды.
11. Диагностикалық қызметтер: МСАК маманының қарап-тексеруін, зертханалық және аспаптық зерттеулерді қамтиды.
12. Емдік қызметтер: жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуді, денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкес емдік манипуляцияларды, белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікті дәрілік заттармен және амбулаториялық деңгейде арнайы емдік өнімдермен қамтамасыз етуді қамтиды.
13. МСАК көрсету кезінде уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасы жүргізіледі. Уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасын дәрігер «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 59-бабының 2-тармағына сәйкес жеке тұлғаның еңбекке жарамсыздығын ресми тану және оны ауыру кезеңінде еңбек міндеттерін орындаудан уақытша босату мақсатында жүргізеді.
14. МСАК «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы № 2136 қаулысымен бекітілген ТМККК шеңберінде көрсетіледі.
15. МСАК:
1) бекіту фактісіне қарамастан шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсеткен жағдайда;
2) жоспарлы түрде – бекітілуі, алдын ала жазылуы немесе жүгінуі бойынша көрсетіледі.
16. МСАК ұйымына алғаш жүгінген кезде МСАК ұйымының тіркеу орнында бастапқы медициналық есеп құжаттары болып табылатын амбулаториялық науқастың медициналық картасы немесе баланың даму тарихы ресімделеді.
МСАК ұйымдарында пайдаланатын бастапқы медициналық есепке алу құжаттамасы «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» 2010 жылғы 21 желтоқсандағы № 907 Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) жүргізіледі.
Бастапқы медициналық есеп құжаттамасының сақталуын қамтамасыз етуді аға тіркеуші, ал фельдшерлік-акушериялық және медициналық пункттерде –МСАК маманы жүзеге асырады.
17. Ауруының жағдайы мен сипатына байланысты МСАК ұйымына қабылдауға келе алмайтын азаматқа МСАК мамандары не шақыру тіркелген күні МСАК мамандарының өтінімі бойынша бейінді мамандар медициналық көмекті үйде көрсетеді.
18. МСАК көрсету кезінде емдеуші дәрігер дәрілік заттарға рецепт жазады. Дәрілік заттар нақты дәріхана ұйымы көрсетілмей денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен бекітілген үлгідегі рецепт бланкілеріне ғана жазылып беріледі.
19. Аталған қызмет түріне медициналық білімі бар аттестатталған мамандарды (дәріхана объектілері жоқ елді мекендердегі дәрігерлік амбулаториялар, медициналық және фельдшерлік-акушериялық пункттер) қоспағанда МСАК ұйымдарының медицина қызметкерлерінің дәрілік заттарды және биологиялық активті қоспаларды беруіне жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 28 сәуірдегі №281 бұйрығына 2-қосымша
Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидалары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексі 45-бабының 4-1-тармағына (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес әзірленді.
2. Осы Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының азаматтарын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсететін алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына (бұдан әрі –МСАК) бекіту тәртібін айқындайды.
3. Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту – Кодекстің 34-бабында көрсетілген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету бойынша МСАК ұйымдарының міндеттемелерін тіркеу.
4. МСАК көрсететін медициналық ұйымдарға нақты бекітілген халықтың саны, аумақтық қызмет көрсету учаскелері, учаскелік қызметтің (жалпы практика қызметі) дәрігерлері мен орта медицина персоналы туралы ақпаратты «Бекітілген халық тіркелімі» порталының дерекқорында медициналық ұйымдардың басшылары айқындайтын жауапты медицина қызметкері қалыптастырады.
Бекітілген халық тіркелімнен МСАК ұйымдарының бөлінісінде бекітілген халықтың саны туралы ақпарат Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша қызмет берушілерді таңдау қағидаларының талаптарына сәйкес келетін МСАК ұйымдары арасында ТМККК орналастыру және Кодекстің 34-бабының 4-тармағына сәйкес айқындалатын тәртіпте оның шығындарды өтеу үшін негіз болып табылады.
3. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына азаматтарды бекіту тәртібі
5. МСАК ұйымдарына азаматтарды бекіту медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы бойынша басқа әкімшілік-аумақтық бірлікте орналасқан жақын жердегі МСАК ұйымына бекітілетін шекаралас аумақтарда тұратын азаматтарды қоспағанда, тұрақты немесе уақытша тұрғылықты, жұмыс істейтін, оқитын жері бойынша бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде дәрігерді, медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы негізінде жүзеге асырылады.
6. Азамат МСАК ұйымының біреуіне ғана бекітіледі.
7. Медициналық ұйымға бекітілу талоны азаматтың МСАК ұйымына бекітілгені туралы куәландыратын құжат болып табылады. Бекітілу талонын медициналық ұйымның медициналық тіркеушісі береді.
8. МСАК ұйымына бекіту еркін нысандағы өтініш пен жеке басын куәландыратын құжат (жеке куәлігі, паспорт, туу туралы куәлік, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген өзге де құжат) негізінде МСАК ұйымының жұмыс кестесіне сәйкес кез келген күнтізбелік уақытта жүзеге асырылады.
9. МСАК ұйымы бекітуді азаматтар өзі жүгінген кезде жүзеге асырады.
Отбасының әрбір мүшесінің жеке басын куәландыратын құжаттарын көрсеткен кезде отбасы мүшелерінің біреуінің жазбаша келісімі болған кезде еркін нысандағы өтінішінің негізінде отбасы мүшелерін бекітуге жол беріледі.
10 Адамдарды бекіту МСАК ұйымдарында олардың тікелей немесе жазбаша жүгінуі бойынша сонымен қатар «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жеке куәлігі болған кезде жүзеге асырылады.
Он сегіз жасқа толмаған адамдарды бекіту, бекітілетін адамның және оның заңды өкілінің жеке басын куәландыратын құжат болған кезде оның заңды өкілдерінің еркін нысандағы өтінішінің негізінде жүзеге асырылады.
11. МСАК ұйымдарына азаматтарды бекітуді өзгерту:
1) тұрақты немесе уақытша тұрғылықты, жұмыс істейтін және оқитын жері әкімшілік-аумақтық бірлік шегінен тыс жерге өзгерген кезде;
2) МСАК ұйымы қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайларда;
3) азамат дәрігер мен медициналық ұйымды жылына бір реттен жиі емес еркін таңдаған кезде;
4) жыл сайын 15 қыркүйектен бастап 15 қараша аралығында халықты МСАК ұйымдарына бекіту науқаны кезеңінде (бұдан әрі – Науқан) жүзеге асырылады.
12. Азаматтар тікелей жүгінген кезде оларды МСАК ұйымдарына бекіткен кезде бұрын бекітілген МСАК ұйымдарынан есептен шығару «Бекітілген халық тіркелімі» порталының дерекқоры арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.
МСАК ұйымдарына «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық форматта бекітілген кезде бұрын бекітілген МСАК ұйымдарынан есептен шығару автоматты түрде жүзеге асырылады.
13. Кодекстің 34-бабында көрсетілген адамдар МСАК ұйымына бекітуді еркін таңдау кезінде оларға осы ұйым мамандарының үйде қызмет көрсету мүмкіндігі алдын ала келісіледі және бекіту анықтамасында (талонында) көрсетіледі.
14. Науқан кезеңіне ТМККК шеңберінде бекітілген халыққа жаңа әлеуетті қызметті берушілердің қызметті көрсету алдағы жылға ТМККК көрсетуге шарт жасасқан кезде қызметті берушіні таңдау жөніндегі комиссияның шешімі бойынша алдағы жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылады.
Кодекстің 34-бабында көрсетілген жаңа әлеуетті қызметті берушілерге бекітуге ниет білдірген адамдар осы уақытқа дейін ағымдағы жылы бекітілген ТМККК шеңберінде МСАК ұйымдарында медициналық көмек алады.
15. ТМККК шеңберінде МСАК көрсететін жекеше медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларға бекіту осы Қағидаларға сәйкес МСАК ұйымдарына бекітумен бірдей жүзеге асырылады.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 4 маусымда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №11268 болып енгізілді.