21 Шілде, 2010

КЕЛЕШЕГІМІЗ КЕМЕЛ БОЛСЫН ДЕСЕК

638 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Әкім бол, халқыңа жақын бол! Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов облыста тіркелген БАҚ өкілдерімен кездесті Ағымдағы жылды ел тарихындағы бетбұрысты жылдардың бірі деп санауға болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал басшылығымен ел экономикасын индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы жақсы қарқынмен басталып, бүгінде республикада бәсекелестікке төтеп бере алатын өндіріс өнімдері мен халық тұтынатын тауарлар шығаратын ондаған кәсіпорындар жарыса іске қосылуда. Қазақстан Үкіметі жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыра алатын шетелдік және қазақстандық инвесторларды тартудың кешенді шараларын қолға алды. Жекеменшік және мемлекеттік әріптестік жалаң сөзден нақты іске айналды. Мұндай жақсы құбылыстар Қызылорда облысына да тән болып отыр. Өңірде бірінен соң бірінің ізін ала индустриялық жобалар іске асырылуда. Бұл тақырып облыс әкімі Б.Қуандықовтың жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуінде әңгіменің негізгі өзегіне айналған еді. Облыс басшысы кездесуде журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген болатын. Ендігі сөз кезегін әкіммен әңгімеге берелік. – Облысымыз бойынша республикалық индустрияландыру бағдарламасына он жоба ұсынылды: жетеуі бірінші жартыжылдықта орындалса, үшеуі екінші жартыжылдықта іске асады. Оның ішінде Елбасының қатысуымен жақын күндері ғана Ақшабұлақ кенішіндегі ілеспе газ өңдеу кешені­нің екінші кезегі іске қосылды. Нәтижесінде халықтың әлеуметтік жағдайы және көптеген экономикалық тұрғыдағы мәселелер өзінің оң шешімін табады деп күтілуде. Өздеріңіз білесіз­дер, бізде мұнай өнімдері саласы ілеспе газ өндірумен байланысты. Өткен жылдың өзінде 1 млрд. 580 млн. текше метр ілеспе газ өндірілді. Соның ішінде Ақшабұлақтағы кеніште 300 млн. текше метр ілеспе газ өңделді. Бүгінгі таңда об­лыс­та газдың бағасы еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда көп арзан. Сұйытылған газдың бағасы да төмен. Салыстырмалы түрде алсақ, көршілес облыстарда үлкен газ баллонының бағасы 1600 теңгеге дейін барса, бізде 800-900 теңге шамасында ғана. Осы кезге дейін ауада босқа жанып келген “Ақшабұлақ”, “Торғай Петролеум”, “ПетроҚазақстан” кеніштеріндегі газ мәселесі шешімін табуы керек. Жосалы кентіндегі мұнай қалдықтарын өңдеу зауытына байланысты айтатын болсақ, оны екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңде цистерна­лар ішіндегі мұнай қалдықтарын бумен тазалау цехы 2007 жылы іске қосылды. Бумен тазалаған­нан кейінгі шығатын мұнай қалдықтары ірі кә­сіпорындарға жіберілетін. Оны сол жерде өңдеп, жанармай шығарып отырса, бағасы да тиімді болар еді. Сонымен бірге қосымша жаңа жұмыс көздері ашылар еді. Екінші кезеңде “БИС” ком­паниясы осы мәселемен айналысуда. Министрлік тарапынан рұқсат берілді. Енді бұл компанияның жұмысын жалғастыруына мүмкіндіктері бар. Зауыт тәулігіне 70 тоннаға дейін бензин мен дизель отынын шығару қуаттылығына ие болады. АИ-92 маркалы бензин болмағанымен, АИ-76, АИ-80 маркалы бензин шығарса, сол жердегі қарапайым халыққа аса тиімді болар еді. Сонымен бірге жазғы дизель отынын шығарса, басқа жерден келетін дизель отынынан әлдеқайда арзан болары белгілі. Сондықтан оның өз-өзін тез арада ақтайтын мүмкіндігі бар. Ал енді нан зауыты жөнінде айтсақ, бірінші кезекте халықты арзан әрі сапалы өніммен қам­тамасыз ету мәселесі тұр. “Шапағат-сүт” компа­ниясы бұған дейін сүт өнімдерін шығарумен айналысып келді. Нан шығару зауытын ашу жөнінде олар өздерінің дайындықтарын білдірді. Сондықтан біз оны индустрияландыру бағдар­ламасының тізіміне енгіздік. Содан кейін тиісті ғимарат салынды. Түркия, Ресей мемлекет­терінен нан шығаратын зауыттар мен цехтарға стандартқа сай қондырғылар алып келдік. Қазіргі кезде монтаждау жұмыстары толықтай аяқталып, бірінші кезегі іске қосылды. Жұмыстары өте жақсы, нанның 15 түрін шығарады екен. Нанның бағасы Қызылорда қаласында 35 теңге. Биыл ақпан айының басында Вице-премьер Өмірзақ Шөкеев облысқа жұмыс сапарымен кел­ген болатын. Сол кезде Жаңақорған ауданында қиыршық тас өндірумен айналысып жатқан кен орындарына алып бардық. Негізінен бұл құрылымдар өздерінің жұмысын 2005 жылдары бастағаны белгілі. Соңғы 4-5 жылдай кезеңде ауқымды жұмыстар атқарылды деп айтуға толық негіз бар. Олар енді халықаралық жол құрылы­сына қатысуға сақадай сай тұр. Осы жол құры­лы­сына қажетті инертті заттарды – қиыршық тас пен құмды қоспаны толығымен өзіміз қамтамасыз етуге, сөйтіп жол құрылысы бағасын төмендетуге толық мүмкіндігіміз бар. Екіншіден, бұл құрылыстың сапалы жүруіне барлық жағдайды жасап отырмыз. Әрине, бұл салада Қазақстанның талаптары бар, біз сол талаптарды алға тарта отырып, жұмысты үйлестіріп келеміз. Енді битум зауыты туралы бірер сөз. Бұған дейін Қызылорда облысында битум зауыты болмаған. Оны бірінші болып “УАД” компания­сы қолға алып, осы бірінші жарты жылдықта іске қосып отыр. Қазіргі кезде онда өнім шығарылып жатыр. Зауыттың қуаттылығы “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық көлік дәлізі құрылысына кететін битумның үштен бірін қамтамасыз етуге толық мүмкіндігі бар. Шығарылып жатқан өнімнің сапасы жақсы, аталмыш жол құрылысына пайдалануға болатыны туралы нық сеніммен айтуға болады. Елбасы тапсырмасына сәйкес Қазақстанда бес тауарлы-сүт фермасы салынуы тиіс. Соның ішінде алғашқысы болып біздің Қазалы ауданын­да тауарлы-сүт фермасы салынуда. Ол іске қосылғаннан кейін, жанындағы сүт өнімдері цехы жұмыс жасай бастағанда жылына 11 мың тонна сүт өндірілетін болады. Олардың бәрі пакет қал­таға салынып, облысқа таратылады. Ол облыс тұр­ғындарының сүт өнімдеріне деген сұранысының 67-68 пайызына дейін қамтитын болады. Бұл нысанға республикалық “Қазагро­қар­жы” лизинг арқылы қаржылық қолдау көрсетіп отыр. Қазір “ПетроҚазақстан” компаниясы әрқай­сысы 25 мгвт электр энергиясын өндіретін екі газ турбиналық электр стансасы жобаларын іске асыруда. Осы екінші жартыжылдықта олардың жұмыстары толық аяқталып, іске қосылатын болады. Бұлар қазіргі кезде жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында жүргізілуде. Қондырғылар іске қосыл­ған­нан кейін олардың өнімдері негізінен сол жер­дегі “ПетроҚазақстан” мен “Торғай Петро­леум” компаниялары және басқа да компаниялар қажеттілігіне жұмсалатын болады. Енді екіншісі – “Кристал Менеджмент” компаниясының жүзеге асырып жатқан газ турбиналық электр стансасы. Бұл станса 87 мгвт электр энергиясын өндіре алады. Егер онда қосымша қондырғылар қойылатын болса, оның қуатын 100 мгвт-ға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Бірақ біз әзірге 87 мгвт деп межелеп отырмыз. Ақшабұлақтағы газ өңдеу кешенінің екінші кезегін іске қосу кезінде электр стансаның келесі жылы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығының қарсаңында іске қосылатыны туралы Елбасына баяндадым. Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша үстіміздегі жылы еліміздің барлық облыстары мен екі қаласына инновациялық-индустриялық дамуды ынталандыруға 14 миллиард теңге бөлін­ген. Бұл қаражат еліміз бойынша әділетті үлгі бойынша аймақ халқының санына байланысты беріледі. Біздің облысқа 571 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаржылар қандай да бір жобаларды қаржыландыруға берілмейді. Олар банк несиелерінің ставкаларын субсидиялауға, несиелерге кепілдікке, экспортқа жұмыс істейтін кәсіпорындарды (дайын өнім немесе шикізат өндіретін) қолдауға, импорт алмастыруға, сондай-ақ инфрақұрылымды дамытуға бағытталады. САРАТС жобасының екінші кезеңіне байланысты қазіргі күні оның техника-экономикалық негіздемесі әзірленіп, сараптамаға берілудің алдында тұр. Мен осы негіздемені сараптамаға беруді тоқтата тұру жөнінде Үкіметке ұсыныспен шықтым. САРАТС-2 жобасы аясында атқарылатын жұмыстар қатарында Көкарал бөгетінің деңгейін Балтық жүйесі бойынша 42 метр деңгейінде ұстап тұру, Сарышығанақтағы суды 46-шы белгіде ұстайтын үлкен гидроқон­дырғы салу, Ақлақта ГЭС салу жоспарланған. Өткен жылы екінші кезеңнің техника-экономикалық негіздемесі бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Су шаруашылығы комите­тінің басшылары өткізген бұл жиындарда мамандар, жергілікті азаматтар кейбір мәселелер төңірегінде өз алаңдаушылықтарын білдірді. Кейбір компоненттер жайында келіспеушілік­терін айтты. Осы ретте экономикалық және эко­ло­гиялық жағынан тиімді нұсқаларды қарас­тыруымыз керек болатын. Біз Сарышығанаққа қондырғылар салмауды, Көкарал бөгетін мүмкін болғанша 42-ден 50-ге дейін көтеруді ұсынып отырмыз. Бөгеттегі су деңгейін 50-ге дейін көтерсек, онда өткізу құрылғысы жабылады. Бұл ретте көлдер арқылы бұрынғы үлкен теңізге құятын жерден апаттық су өткізу құрылғысын салу керек. Сонда тұщы су тұзбен араласып, минералдылығы төмендейді. Балықтың мигра­ция­сына жағдай туып, шабақтар өседі. Әрине, оған көп қаржы керек. Біз Сарышығанақта салынуы жоспарланған тиімсіз құрылыстардан, Ақлақтағы ГЭС-те үнемделген ақшаны Көкарал бөгетін көтеруге жұмсау туралы айтып отырмыз. Кіші теңіздегі су деңгейі 7-8 метрге барғанда Арал қаласына жақындайды. Жылына 4 млрд. текше метр су жіберіп тұрсақ Арал 10 жылда толады. Онда халықтың әлеуметтік-экономи­калық жағдайы мүлде өзгереді. Бірінші жартыжылдықтағы жеті жоба туралы жоғарыда айттық. Екінші жартыжылдықта бір қиыршық тас зауыты, Қазалы ауданындағы тауарлы-сүт фермасы, “ПетроҚазақстанҚұмкөл ресорсиз” АҚ-тың газ турбиналық стансасы жыл соңына дейін іске қосылады. Бұған қоса Шиелі ауданында қамыстан жасалатын ДСП тақтай цехы, Қызылорда қаласында еуропалық технологияға негізделген темір-бетон зауыты жұмысын бастайды. Ал алдағы жылы Ақшабұлақ кенішінде 87 мВт-тық газ турбиналық электр стансасы салынады. “Бейнеу-Шымкент” газ құбырының біздің облыс аумағынан өтетін бөлігінің ұзындығы 888 шақырым. Ол жеті аудан және Қызылорда қаласының аумағынан өтеді. Елбасы тапсырмасына сай тартылып жатқан құбырдан Қызылорда облысының бүкіл елді мекендеріне газ жеткізіледі. Және біз бұған бағдарлама қабылдап, қаражатын бекітіп алғанбыз. Бұл жұмыс 2028 жылға дейін атқарылып бітеді деп белгіленген. Барлық техникалық мүмкіндіктері шешілгеннен кейін бұл жұмыс 2010 жылы басталады деп күтілуде. Негізінен бізде осы жұмыс аясында облыс елді мекендерінің 95 пайызы газбен қамтамасыз етіледі. Өңірде құрылыс индустриясын өркендетуге айрықша көңіл бөлінуде. Тұрғын үй бағдарла­масы бойынша Қызылорда қаласында 5 жалға беру, 3 ипотекалық тұрғын үйлердің құры­лыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге олардың екеуі аяқталып, ел игілігіне берілді. Жыл аяғына дейін қалған 6 үй беріледі. Сонымен қатар Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес қаладағы жалпы аумағы 500 га “Астана” ауданының түбегейлі жоспарлау жобасын әзірлеуге бюджеттен 40,9 млн. теңге бөлініп, бүгінгі күні жобалау жұмыстарын жүр­гізіп жатыр. Бұған қоса Байқоңыр қаласының, Төретам кентінің және Ақай ауылының әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге арналған кешенді жоспар әзірленіп, Үкіметке ұсынылуда. Одан әрі республикалық және жергілікті бюджеттен салынып жатқан білім беру, мектепке дейінгі даярлық нысандарының, балалардың тынығу лагерінің құрылысы туралы айтылды. “Жол картасы” бойынша 26 білім нысаны күрделі жөндеуден өткізілуде. Жыл басынан бері облыста 930 орындық 15 мектепке дейінгі мекеме ашылды. Биыл ба­ла­бақшаларда 2415 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастыруға қаржы қаралды. Нәтижесінде облыс мектепке дейінгі мекеме желісін көбейту бойынша республикада алдыңғы орынға шықты (республика бойынша 38,7 пайыз болса, облыстық көрсеткіш 39,1 пайыз). Бұл барлығымыздың ынтымақтаса атқарған жұмыстарымыздың, ортақ еңбегіміздің нәтижесі, деді әкім. Енді біздің алдымызда аймақ ахуалын одан әрі жақсарту мақсатында жылдың ең басты оқиғасы болған Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауынан туындайтын тапсырмалар­ды жүзеге асыруды жүйелі жалғастыру міндеттері тұр. Алға қойылған мақсат-міндеттер асқан жауапкер-шілікті, тиянақтылықты қажет етеді. Сондықтан да жергілікті атқарушы органдар, аймақтың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени салаларын дамытуда барлық күш-жігерін жұмылдыратын болады. Жазып алған Еркін ӘБІЛ, ҚЫЗЫЛОРДА.