Биыл Конституцияға 20 жыл толып отыр. Бұл мерекенің әр қазаққа маңызы зор. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы тәуелсіз ел болуды армандап өтті. Бүгінгі күнге жету үшін қазақ халқының басынан сан қилы қиындықтар өтті, тәуелсіздік үшін күресті. Ақырында бүгінгідей мемлекет құрылды.
Еліміздің өсіп-өркендеуі, әлеуметтік-экономикалық дамуы азаматтық құқық пен адам еркіндігін қамтамасыз ететін заңдар мен заңнамаларға тікелей байланысты. Ата Заң ел азаматтары үшін қастерлі де қадірлі, қасиетті құжат – біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Конституцияның қағидалары мен нормаларына сүйене отырып Қазақстан орасан табысқа қол жеткізді. Біз Ата Заңға сүйене отырып еліміздің іргетасын бекіттік, дамудың даңғылына түстік. Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты, тарихи таңдау жасап, бағыт-бағдарын, жүрер жолын айқындады. Ата Заңымызды қастерлеп, қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде берік те мықты мемлекеттігімізді орнатып, тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік.
Бірлігі жарасқан еліміздің тірлігі де қарқынды. Конституция тағдыр тоғыстырған көпұлтты халқымыздың татулығы мен тұрақтылығына тұғыр болды. Қашанда ынтымағы жарасқан біртұтас мемлекет биіктерді бағындыратыны анық. Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болуда. Әрбір қазақстандық азамат біздің Конституциямызда жария етілген демократиялық құндылықтардың сақталуына жауапты. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің қамтылғанын айғақтайды. Біз ұлан-ғайыр байтақ даланы ақ білектің күшімен қорғап қалған батыр бабаларымыздың асқақ аманатына адал болуымыз қажет. Елі азат, жері тұтас қуатты мемлекет құруды армандап кеткен ата-бабаларымыздың арманын ақиқатқа айналдыру бақыты біздің ұрпаққа бұйырған. Ендеше, елімізді қарқынды дамытып, әлемнің маңдай алды мемлекеттерінің қатарына қосу, біздің азаматтық борышымыз. Отанымыздың басты байлығы – тыныштық пен бейбіт өмірге Конституцияның негізінде қол жеткіздік. Темірқазығымыз бен тірегімізге айналған бас құжат мемлекет қауіпсіздігінің, азаматтардың құқығы мен бостандығының негізі.
Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің негізгі заңының асқақ рухы мен маңызын, Конституцияны қалыптастыру тарихын жақсы білуі керек. Конституцияны құрметтеу және сақтау арқылы және оның тарихы мен маңызын білуімізбен ғана біз өз елімізді, Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Қазақстан қоғамының ұзақ жылдарға арналған өркенді дамуының бағытын нық айқындап берген Конституцияға біздің де айтар алғысымыз мол. Өйткені, біздің Ата Заңымыз — Қазақстан халқының саналы таңдауы, өркенді дамуымыздың кепілі.
Ата Заңды басшылыққа ала отырып, тәуелсіздігіміз бен мемлекетімізді нығайту жолында ғасырлық мәні бар ауқымды істер атқардық. Біз айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Еуразияның жүрегіне орналасқан елордамыз руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде әлемге танылды. Еліміздің саяси, экономикалық және мәдени тұрғыдан жетістіктерге жетуі де Ата Заңымыздың арқасы. Конституциямыз арқылы тәуелсіз Қазақ елін әлемге паш еттік. Әділдікті найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен орнатқан халқымыз бүгінгі күнге мақтанышпен қарайды. Ата Заң қабылданған 20 жылдың ішінде еліміздің экономикасы мен халықтың әлеуметтік тұрмысы, халықтың құқықтық сауаты адам танымастай өзгерді. Еліміз Ата Заңның бұл тойын бағыты айқын, мақсаты бір, ұлттар мен ұлыстардың татулығы жарасқан мемлекет ретінде қарсы алғалы отыр.
Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция бұл күнде біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Осы жылдар ішінде тәуелсіздік туын желбіретіп, дербес, егеменді елдердің қатарына қосылып, алға қарай дамуымыздың жаңа сатысына көштік. Құндылықтарымыздың негізін айнытпай орындаудың нәтижесінде аз ғана уақыттың ішінде тұғыры берік, туы биік мемлекеттігімізді орнатып, тәуелсіздігімізді паш еттік. Ата Заңымыз біздің еліміздің бірлігінің және тұтастығының белгісі болды. Ата Заң сот билігінің ұйымы мен қызметінің негізгі қағидаттарын бекітті. Егемен еліміздің тәуелсіз сот жүйесін жетілдіруде аталмыш заң, ғасыр жүгін арқалады десек, асыра айтқандық емес. Ата Заңымыздың әрбір бабы көз қарашығындай сақталып, мүлтіксіз орындалуына ел Президенті кепіл болып келеді. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған жан-жақты саясатының нәтижесінде елімізде сот-құқықтық реформа да өте жоғары қарқынмен дамып келеді.
Біз Мәңгілік Ел боламыз деп, кемел мемлекет құруды көздеген халықпыз. Сот төрелігінің әділдігі мен жедел, әрі толық орындалуы – кез келген елдің кемел болмысының көрінісі. Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыру керек. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз. Ендеше Тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекетіміздің жүрегі болған Ата Заңымыз мәңгілік болсын. Еліміз шырқау шыңдарға, алар асуларға алқынбай жете берсін. Ата Заңымыздың ғұмыры ұзақ, халыққа тигізер шапағаты мол болсын!
Мейрамбек ТАЙМЕРДЕНОВ,
Алматы облыстық сотының төрағасы.
ТАЛДЫҚОРҒАН.