ҚАРАҒАНДЫ. 5 наурыз. Бүгін Қарағанды облыстық ауданаралық мамандандырылған қылмыстық істер соты кісі өлтіруге әрекет жасаған Қарқаралы ауданы бұрынғы әкімінің ұлы мен оның досының соңғы сөзін тыңдады. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Сот алдына келген бұрынғы әкімнің баласы Нариман Батырбеков пен оның досы Қайрат Ордашевқа кісі өлтіруге әрекет жасады деген айып тағылып отыр.
Өткен жылғы 29 қазан күні олар май құю бекетінде студент Санат Хасеновті жабылып соққыға жығады. Домкратмен басынан ұрғаннан кейін есінен танып қалған жігітті «өлдіге» санаған екі дос оны өздерінің «ВАЗ» көлігінің жүк салғышына салып алып, орманға әкетеді. Сол жақта студенттің үстінен киімдерін шешіп алып, өзін айдалаға қалдырып кетеді. Осында жігіттің көлігі мен киімдерін өртейді.
Бірақ арада біраз уақыт өткеннен кейін Санат есін жинайды. Үстінде ешқандай киімі жоқтығына, күннің суықтығына, жердің қар басып жатқанына қарамастан, жас жігіт бір кезде орман шетіндегі жолды да тауып алады. Оған көлік тоқтатып, мінудің орайы келеді Мұның жайына қаныққан жүргізуші бірден ауруханаға тартады.
Аталған қылмысты жасауға аудан әкімі ұлының қатысы бар екені көп ұзамай белгілі болып қалады. Осы жанжалдан кейін Нариманның әкесі Нұрлан Батырбеков алдымен еңбек демалысын алады, артынан жұмыстан да шығады.
Ақырында Батырбеков пен Ордашевтің сот алдында жауап беретін кезі де келді. Олардың екеуі де жасаған қылмыстарын мойындады. Келесі аптада бұл іске де нүкте қойылады.
Прокурор айыпталушылардың әрбірін 11 жылдан бас бостандықтарынан айыруды сұрап отыр. Ал сотталушылар бүгінгі соңғы сөздерінде өздеріне жеңілдік беруді өтінді. Бұрынғы әкімнің баласы тіпті зардап шегуші мен өзінің ата-анасынан кешірім сұраған кезінде көзіне жас та алды.
«Менің ойымда Санатты өлтіру болған жоқ, - деді Нариман Батырбеков. – Шынын айтсам, орнына келмес нәрсе жасап алғанымды білгенімде, қатты қорқып кеттім. Осының бәрін бірден әке-шешеме айтуым керек еді. Мен сасып қалдым. Енді жасаған жағымсыз тірліктерім үшін Санаттың ата-анасынан, өзімнің әке-шешемнен кешірім сұрағым келеді».
Қайрат Ордашев те кешірім сұрап, зәбір көрген жігіттің ата-анасына бірнеше рет басын иді.
«Мені адамша түсініңіздер, сен ешқашан мұндайды жасаған емеспін, алда да жасамаймын, - деді Қайрат Ордашев. – Мен Санатты танымаймын, оны кім екенін, қайдан екенін білмеймін. Менің онымен бұрын кикілжіңім болған емес. Мен бірден құқық қорғау органдарына баруым керек еді, бірақ қорқып қалдым».
Аталмыш іс бойынша үкім 10 наурыз күні шығарылады.
Айқын Несіпбай.
Дерек, сурет: egemegen.kz.