25 Тамыз, 2015

Бәсекелестікті қамтамасыз етеді

236 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Перминов2Біздің қазіргі заманғы үлгідегі тепловоз, электровоз, вагондар шығаруға маман­данған үш кәсіпорнымыз – «Локомотив құрастыру зауыты», «Тұлпар-Тальго», «Электровоз құрастыру зауыты» экономикалық дағдарысты қатты сезініп отыр. Қиындықтарға қарамастан біздің зауытымыз 2009 жылдан бері «Evolution» сериясындағы 290 локомотив шығарды. Біз өнімдерімізді «ҚТЖ» ҰК» АҚ сұранысы бойынша ғана емес, экспортқа да шығарамыз. Біздің тепловоздарымыз Ук­раина, Тәжікстан, Қыр­ғызстан, Түрікменстан темір жолдарында жүйткіп жүр. Бүгінгі таңда Әзербайжан тарабы лизинг арқылы он локомотив алуға сұраныс беріп отыр. Бұл әрине, өз кезегінде Қа­зақстан Үкіметінің қол­дауы­мен жүзеге асырылып отыр. Ұлттық қордан Қазақ­станның Даму банкінің еншілес кәсіпорны «БРК-Лизинг» АҚ арқылы ұзақ мерзімді қаржы бөлінді. Шикізаттар мен біздің жо­ғары сапалы жинақтаушы материалдарымызға бағаның көтерілуі тапсырыстардың төмендеуі, ол өз кезегінде өндірістік көрсеткіштердің төмендеуіне әкелді. Қазақ­­стандық үлесті көбейту мен Еур­азиялық экономикалық одақ кәсіпорындарының өнім­­дерін пайдалану қазіргі жағдайды жақсы жағына қарай түзеуі тиіс. Қазіргі қолданылып жатқан дағдарысқа қарсы шаралар мен жаңа ақша-несие саясатына көшу отандық өнімдердің бәсекелестікке төзімділігін қамтамасыз етеді.  Виктор ПЕРМИНОВ, «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ вице-президенті. Астана.

Әр қиындықтың бір жақсылығы болады

Кажайхан БижановДағдарыс атаулы келеді, кетеді. Оған еліміздің эко­номикалық тұрғыда иммунитетінің беріктігін бұрын да байқадық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің салиқалы саясатымен елімізді мұндай қиындықтардан сан мәрте алып шыққаны бәрімізге мәлім. Иә, өтпелі кезең өтеді, кетеді. «Бұдан да жаман кезімізде тойға бар­ғанбыз» дейді халық даналығы. Сол себепті халқымыз бұл қиындыққа да қыңбай, шыдамдылық пен сабырдың, төзімділіктің арқасында еңсеретіндігіне сеніміміз кәміл. Елбасы индустриялық-инновациялық саясаттың жаңа жағдайларға бейімделуі қажеттігін атап өтті. Алдағы уақытта бұл бағытта орасан зор жұмыстар атқарылатыны, оның бәрі халықтың мүддесімен сәйкестендірілетіні күмән туғызбайды. Расында да жер-жаһанға көз жүгіртіп, айналамызда, өзге мемлекеттерде орын алып жатқан экономикалық-саяси ах­уал­дарға көз жүгіртсек, ауыртпалықтың зардабын шеккен елдерді байқай түсеміз. Ал біздің Отанымызда жұртшылық бір мақсат пен бір мүдденің айналасына топтасып, тату да бақытты ғұмыр кешуде. Тоқсаныншы жылдардағы дағдарыс толқыны әлі есімізде ғой. Айлар бойы қол жетпеген жалақы, зейнетақысыз да ғұмыр кештік. Уақыттың тезіне көніп, сынын қабыл алып, сол қиындықтар арқылы еңсе түзедік. Ел ретінде, қоғам ретінде сол бір құйындап жеткен экономикалық жағдайға қарсы тұра білдік. Әр қиындықтың бір жақсылығы болатыны бесенеден белгілі. Осы бір экономикалық қиындықты да ел болып көтеріп, артқа тастап, әлі-ақ дамудың даңғыл жолына түсетінімізге ешқандай шүбәм жоқ. Өйткені, мемлекетіміздің ішкі-сыртқы саяси ахуалын, экономикалық әлеуетін қайта жаңғырта алатын, оған күш-қайраты жеткілікті Елбасымыз бар. Шынында да мемлекеттік бағдарламаларға түзету енгізіледі. Оның бә­рі елдің жағдайының жақ­­саруына бағытталады. Ендеше, бірлігіміз бен бе­рекелі тірлігіміз арқылы бұл қиындықты да еңсеретініміз анық. Қожайхан БИЖАНОВ, Т. Рысқұлов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.  Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданы.

Бұл – отандық экономиканы қолдау

Серік СәрсекеевАстана теміржолшы­ларының  кәсіп­одағы Үкімет пен Ұлттық банктің теңге бағамына өзгеріс енгізу туралы шешімін қолдайды. Меніңше, бұл шара отандық экономиканы қолдау, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін көтеру, инфляцияны төмендету, жұмыспен қамтылу деңгейін өсіру және ел тұрғындарының тұрмысын жақсартуды көздейді. Бәрінен  бұрын маңыздысы сол, Президент пен Министрлер кабинеті әлеуметтік саладағы бағдарламаларға өзгерістер  болмайтындығын қадап айтты. Билік ел тұрғындарының тұрмыс деңгейі төмендемеуіне барынша назар аударады. Ұжымдық келісімшарт негізінде алынған басшы­лықтың, яғни жұмыс берушінің міндеттемелері мен кепілдіктері теміржол көлігіндегі тұрақты жұмыс орнын сақтап қалу мен еңбекті қорғау, ақы төлеу, әлеуметтік қолдауларға кепілдік етеді. Серік СӘРСЕКЕЕВ, «Қазақстан теміржолшылары, автомобиль, әуе және су көлігі салалық кәсіподағы – Астана филиалы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

томилев«ЕПК Степногорск» АҚ бас директоры Анатолий ТОМИЛОВ: «Уақыт талабына осылай бейімделдік»

Степногор подшипник зауыты елімізде баламасы жоқ кәсіпорын. Мұндағы құрылыс 1972 жылы қолға алынып, 1985 жылы толық қуатында жұмыс істей бастаған. Кеңес өкіметінің мызғымастай құзырындағы кәсіпорын бірнеше рет құрылымдық өзгерістерге түсті. Ал, 2001 жылдан «Еуропа подшипник корпорациясы» холдингінің мүшесі ретінде қызмет көрсетуде. Яғни, бұл интеграциялық қадамдарға сүйенген бірлескен кәсіпорын. Бұл уақыт талабындағы озық қадам, жақсы ниет екендігі даусыз. Бірақ, дүрілдеп тұрған зауыттың соңғы жылдары екпіні бәсеңси бас­тады. Неліктен? Тығырықтан шығудың қандай жолдары қарастырылуда? Бұған жауапты қазір «ЕПК Степногорск» аталатын акционерлік қоғамының бас директоры, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Анатолий Иванович ТОМИЛОВТЫҢ баяндағандарынан табуға болатындай. Қалай болғанда да ТМД ау­ма­ғындағы Мәскеу, Самара, Вологда, Саратовтағы ең ірі подщипник зауыттарының басын біріктіретін холдингтің құрамына енуіміз тиімді таңдау екендігі сөзсіз. Біз осы арқылы өз өнімдерімізбен жаңа тұтыну нарықтарына шықтық және Ресей мен Қазақстан теміржол көлігін аса қажет подшипниктер­мен қам­тамасыз ететін ірі кәсіп­орынға айналдық. Зауытымыз қысқа цилиндрлі роликтермен жабдықталған радиалдық подшипниктер дайындауға маманданған. Ал, 2007 жылдан бері тау-кен өндірісі, металлургия, ағаш өңдеу кәсіпорындары, машина жасау және мұнай-газ өнеркәсібі үшін өнімдер шығара бастадық. Енді, былтырдан бері ірі габаритті подшипниктер өндірісін игердік. Жабдықтар мен құрал-саймандар өндірістік іркілістегі «Мәскеу ЕПК» АҚ-тан тасымалданды. Бұл біз үшін де күрделі кезең болды. Әсіресе, биылғы жыл өз мүм­­­кін­діктерімізді жүзе­ге асы­­рудағы қиындықтарға толы болғандығын жасырғым келмейді. Мұны әлемді құрсаған экономикалық дағдарыспен, қаржы-валюта саясатындағы келеңсіз ауытқушылықтармен, Ресей рублінің құнсыздануымен байланыстыруға болады. Осы­­­­­­­ған сәйкес, холдингтің өн­дірістік ұстанымдары біршама өзгерді. Мәселен, біздің негізгі тұтынушымыз – «Ресей темір жолы» АҚ өзінің вагон паркін жаңарту бағытын ұстанды. Бұл Степногор подшипниктерінің 30 пайызы сұраныссыз қалды деген сөз. Ал, оның орнын жаңа өнімдермен толтыру жөнінде әңгіме қозғаудың өзі артық. Қазір біз Мәскеу номенклатурасындағы өнімдерді шығаруға бейімделудеміз. Ол уақытты талап етеді. Соған қарамастан, абыр­жи­тын­дай жағдай жоқ. Еуро­подшипник корпорациясы өндірісіміз сауықтыру қа­дам­дарын бастады. Зауы­тымыздың 2015 жылы кепілді тапсырыстағы 518 мың дана подшипникті әріптестерімізге жөнелте алатыны ертеңгі күнге сенім қалыптастырып отыр. Өнім көлемінің азаюы мүмкін екен­дігіне қарамастан біз биылғы жылғы жұмыс ауқымымен қамта­масыз етілгенбіз. Бұған қоса, үстіміздегі жылы одан бұрынғы жылдардың көрсеткішіне жетеміз деген ойымыз бар. Демек, жұ­мыс­­шыларды қысқарту болмайды, ал подшипниктердің жаңа түрлерін игеру қосымша күшті қажетсінетіні белгілі. Бізге білікті маман жұмысшы­лардың керектігін мына жағ­­дай­­лармен де байланыстырған жөн. Біріншіден, кәсіпорын хол­дингтің номенклатуралық тізіміндегі подшипниктердің 150 түрін дайындау мүмкіндігіне ие болып отыр. Қазірше біз оның 50 түрін шығарудамыз. Екіншіден, бүгінгі күні Мәскеудегі корпорация басшылығы ірі габаритті өндірісті «ЕПК Степногорск» акционерлік қоғамына беру мәселесін көтеріп жатыр. Зауы­тымыздың бұған дайын­дығы да, ынта-жігері де жеткілікті. Бұл жоғары сұра­ныс­тағы под­шипниктердің ауқымы 2,5 метр, салмағы 6 тоннаны құрайды. Логистикалық талаптарға сай небары 20 пайыздық жүктемені алып отырған бірнеше нысанды жұмыс істеп тұрған өндірістік буындарға жақындату қолға алынды. Бұл орайда, сыннан өткен шешуші бөлімдер де қуаттанады. Батыстық фирмалар ұсталық кәсіптен баяғыда алыстаған. Оның өнімдерін сырттан сатып алуды тиімді санайды. Ендеше біздің ұсталар мен токарьлар, соған сабақтас учаскелердегі адамдар жұмыссыз қалмайды. Зауыт өзінің дәстүрлі өнімі – вагон подшипниктері өндірісін кеңейтетін болады. Ресейдегі Саратов, Вологда зауыттарының бұл өнімді шығаруды доғаруы, Харьков зауытының тоқтап тұруы бізді монополиске айналдырып отырғандай. Ендеше бұл бағытта да қолайлы мүмкіндіктер бар деп ойлаймыз. Өйткені, барлық құрастырмалы жабдықтар Саратов зауытынан бізге жеткізілді. Осы айтылғандардың бар­лығын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикалық саясаттың ал­дағы шараларын қарастырған жуырдағы сөздерімен байланыс­тырғым келеді. «Біздің интег­рациялық саясатымыз өте дұрыс, деп атап көрсетті Елбасы – Қазақ­станда экономика көлемі бойынша да, халық саны бойынша да нарық жеткіліксіздігі сезіледі. Бізге өзге де нарықтар керек. Біз үшін Ресей мен Қытай үлкен нарық». Біздің зауыт Ресеймен тікелей қарым-қатынастағы кәсіпорын. Сондықтан, біз екі жақты қолайлылықты қамта­масыз етуіміз керек. Президент интеграциялық үрдістің өрісті кеңейтетінін айтып отыр. Кәсіпорын ұжымы өз еліміз бен корпорация мүддесі негізінде нарықтық ауқымды нығайтуға күш салады. Бұл Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше ел ретінде бәсекелестік қозғалысты барынша дамытуды талап етеді. Бұл үшін, жоғарыда айт­қа­нымдай, жаңа еңбек қатынас­тарына дайын кадр шешуші тұлға болатыны түсінікті. Зауытымыз Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосібір, Нижний Новгород, Екатеринбург, Астана, Алматы қалаларындағы кәсіптік оқу орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Сондай-ақ, зауыт базасында Степногор политехникалық колледжінің филиалы жұмыс істейді. Бұған қосымша, қыркүйек-мамыр аралығындағы оқу жылында 63 кісі зауытішілік сабақтарға қатысып, үш бағыттағы аралас мамандықты игерді. Зауыт ұжымы бұдан бұрынғы дағдарысты кезеңдерде де шыңдалып, жаңа шешімдерді жүзеге асыру тәжірибесінен өткен. Сондықтан, қазіргі қалыптасқан жағдайдың қиын зардаптары бола қоймайтынына сенеміз. Елбасымыз айтқандай, уақытша ауыртпалықтарды бірлігіміздің, жұмыла жүріп жұмыс істеуіміздің арқасында жеңе аламыз. Жазып алған Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.