06 Наурыз, 2015

Жиһаз

539 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
жамиля фирмасы-2 Жібек жолы ауылындағы «Жәмилаға» бас сұқпау мүмкін емес. Жәмиламыз осындағы жиҺаз фабрикасының әсем дүкені. Заманауи сауда үйінде негізінен офистік жабдықтар орналасқан. «Ине-жіптен» жаңа шыққан үстелдер, орындықтар, креслолар түр-түрімен көз тартады. Сондай-ақ, сейфтер, отқа төзімді шкафтар, темірден иілген киім ілгіштер, тіпті, медициналық қораптар түр-түрімен тізіліпті. Бір қарағанда бұл таңсық дүниелер де емес. Мәселе аталған бұйымдардың Жібек жолында жасалуында болып тұр. «Жәмила» ЖШС директоры Қайрат Бегалиннің айтуынша, жеке кәсіпорын ашу идеясы кездейсоқ емес сияқты. Бұған дейін олар жиҺаз жабдықтарымен қатар пластмасса және тері-галантерея бұйымдарын көтерме-бөлшек сауда айналымына шығаруға маманданған отандық белгілі «Zeta» компания­сымен әріптестік байланыс орнатып, біршама тәжірибе жинақтаған. Еліміздің барлық өңірлерінде жұртшылық ілтипатына ілінген алматылық компанияның өнімдері жоғары сұранысқа ие. Ақыры Қайраттың командасы әріптестік шеңберін кеңейтіп, өнімді өздері шығару арқылы тауарлар құнын арзандатуды ұйғарған. Сөйтіп, аумағы 2 мың шаршы метрлік кәсіпорынның құрылысына 70 миллион теңге қаржы құйылды. Жыл ішінде 33 миллион теңгенің 157 дана дүниесі шығарылуы бұл қадамның сәттілігін айқындайды. Қазір «Жәмила» серіктестігі, «Zeta» фирмасынан жеткізілетін тауарларды қосқанда 1,5 мыңдай атаудағы мүлікті саудаға шығарып жүр. Ең бастысы, жергілікті 127 тұрғын тұрақты жұмыс орнын тапқан. Ауыл жігіттерінің батылдығы игі мақсатқа жол ашқанына сүйсінесің. Мұндағы басты тіреніш – сапа көрсеткіштерінің жоға­ры­лығы. Сондықтан тапсырыс берушілер де көбейе түскен. Олардың қатарында талғам­паз астаналықтардың қатары қалың­дау екендігін байқадық. «Жә­мила» өнімдерінің бағасына келсек, аузымыздан «бәрекелді» шыға­ды. Қараңыз. Мәселен, мек­теп оқу­шысының үстелі мен орын­дығынан тұратын жиын­тық орта есеппен сегіз мың теңге тұрады. Бүгінгі жиҺаз дүкен­дері­нен мұндай бағаға тұшымды дү­ние таба алар ма екенсіз? Бұған қоса, серіктестік жеке тапсырыс­пен де жиҺаздарды қиялыңыз жет­кен көркемдікпен дайындай береді. Жұмыс істей бастағанына бір жыл енді толған ауыл кәсіпорны үшін бұл айта қа­ларлықтай жетістік. Фабрика басшылығы алдағы екі жылда кәсіпорынды толық жобалық қуатына қосуды жоспарлап отыр. Бұл дегеніңіз ЖШС жылына 180 мың дана бұйым шығарып, жұмыскерлер санын 200-ге жеткізеді деген сөз. «Ақмола-медиа орталығы» ұйымдастырған баспасөз-туры барысында Жібек жолындағы индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында жұмыс бастаған тағы бір кәсіпорында болдық. «Қаз-Арт» Қазақстан көркем комбинаты» атауындағы жауапкершілігі шектеулі серік­тестік дизайн, жобалау, ес­керткіштер, бюсттер, құлпытастар дайындаумен айналысады екен. Жобаның жалпы құны – 400 миллион теңге. Қазір мұнда негізгі цехтар құрылысы аяқталып, жабдықтар орналастырылуда. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдар­ла­масындағы жаңа кәсіпорын жы­лына 400 тонна құйма бұйым­дарын дайындайды, дейді «ҚазАрттың» бас директо­ры Сапар Шаймарданов. Ком­би­наттың ашылуы кәсіпорынның жоғары сапалы көркем бұйымдар нарығындағы мүмкіндігін кеңейте түседі. Өндірістік жаңа өрлеу ақмолалық тапсырыс берушілермен ғана емес, елі­міздің өзге өңірлеріндегі, ТМД аумағындағы әріп­тестермен байланысымызды нығайтып, жергілікті суретшілердің, сәулетшілердің, дизайнерлердің шығармашылық белсенділігін арттырады. Біздің жобалауымыз бойынша, осындағы 50 адамның айлық жалақысы 100 мың теңгеден кем болмайды. Арнайы тақтада Астана қаласынан, басқа да облыстардан тапсырыс берушілердің тізімі, оны қай мерзімде дайындау керектігі жазылып қойылыпты. Осыған қарап комбинаттың болашағын бағамдауға болатындай. Сөз арасында, Көкшетау қаласында орнатылатын Кеңес Одағының Батыры, әйгілі ғалым Мәлік Ғабдуллиннің 3,5 метрлік ескерткіші дайындалып жатқанын жеткізгіміз келеді. Шығармашылық ұжым алдын ала ашып айтпағанымен, Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына, басқа да мерекелік салтанаттарға қатысты ізденіс үстінде екендігін аңғардық. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы, Аршалы ауданы.