06 Наурыз, 2015

Мал генетикасы дұрысталмай, молшылық жоқ

462 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
as111Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік қауіпсіздігі жө­нін­дегі ұйымы «Қазақстан Респуб­ликасында малдың генетикалық ресурсын тұрақты басқару және сақтау» тақырыбына семинар өт­кізді. Семинарға ғалымдар мен ша­руашылық жетекшілері қатысты. Басқосу­дың мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтама­сыз ету үшін малдардың генетикалық ресурсын сақтау мен оны тиімді пайдаланудың маңызына жалпы жұртшылықтың, әсіресе, мал шаруашылығымен, азық-түлік дайындау ісімен тікелей айналысатын кәсіпорындар мен мамандардың назарын аудару. БҰҰ көтеріп отырған мал гене­тикасын сақтау мәселесі біз­дің еліміз үшін де маңызды. Се­бебі, мал шаруашылығы біздің экономикамыздың негізгі бір саласы болып табылады. Азық-түліктің негізгі бөлігі осы мал шаруашылығынан алынады. Семинарға қатысқан Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Көпмағамбет Еле­месов дүниежүзінде ғана емес, Қазақстанда да мал тұқымының кейбір түрлерінің қалмағанына, мал санының бұрынғыдан тым азайып кеткеніне назар аударды. – Бұрын Қазақстанда қойдың саны 35 миллион болатын, содан қазір 16 миллион қалды, 10 миллион ірі қарадан бүгінде 6 мил­лионға жетер-жетпесі бар. Қойдың биязы жүнді Бесқарағай тұқымы қазір жоқ. Қаракөл тұқымы уақытысында 6 миллионнан асқан болатын, одан қазір 950 мыңдайы ғана қалды. Қостанай облысындағы Карл Маркс атындағы шаруашылық секілді бірілі-жарым шаруашылықтарда жылына бір сиырдан 6 мың литр сүт сауылады, ал Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 2250 литрден аспайды. Медицинаның талабы бойынша әр адам жылына 142 литр сүт ішуі тиіс екен, біздің халықтың санына қарағанда оны өзіміз толық қамтамасыз етуге күшіміз келеді, соған қарамастан сырттан жылына 1 миллион литр сүт сатып алынады, – дейді ғалым. Республикада мал өнімін кө­бейту, жайы­лымды құнар­лан­ды­ру, тиімді пайдалану мәселелері де семинарда сөз болды. БҰҰ Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ұйымының жұмысына Қазақстан 2005 жылдан бастап қосылған болатын. Қазір осы ұйымның жұ­мысы бойынша Орталық Азияда орталығын Қазақстанда ашу жұмысына дайындық жүргі­зілуде. Ол орталыққа Моң­ғолия мен Қытай да кіретін бола­ды. Ұйымның Қазақстан Респуб­ли­касындағы үйлестірушісі Талғат Қарымсақовтың мәліметінше, Қазақстанда мал өнімдерінің барлығын да сыртқа шығарудан гөрі сырттан тасу басым. Сонымен қатар, мемлекеттен 2007-2012 жылдар арасында берілген субсидия көлемі 5 еседен астам өскен. Соған қарамастан Қазақстан мал өнімін өндіру көрсеткіші жөнінен дамыған елдермен салыстырғанда көш артта келеді. Мысалы, бір сиырдан жылына сауылатын сүттің көлемі АҚШ-та – 8,6 мың, Канадада – 7,8, Германияда – 6,7, Ресейде – 3,5, ал Қазақстанда 2,2 литр екен. Қазақстанда ауыл ша­руа­шылығын дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған «Агро­бизнес-2020» бағдарламасы жасалды. Осының негізінде ауыл шаруашылығы салалары бойынша шеберлік-жоспар құрылды. – Осының барлығын талдай келе, біз малдың генетикалық ресурстарын сақтау мен жақсартуды басқарудың ұлттық стра­те­гиясы мен жоспарын жасадық. Оны Ауыл шаруашылығы министрлігі мақұлдады, – деді Талғат Қа­рым­сақов. Ұйымның Қазақстандағы кеңес­шісі Михаил Тамаровский ұлт­тық стратегия мен жоспардың не­гізгі ережелерін түсіндіріп берді. «Қазақ тұлпары» асыл тұ­қымды жылқы зауытының дирек­торы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Нә­би­долла Кикебаев жылқының гене­тикалық ресурсы, Батыс Қазақ­стан мал шаруашылығы және жем өндірісі ғылыми-зерттеу инсти­тутының директоры Нұржан Әжі­метов қаракөл және түйе шаруа­шылығын дамытудың жай-жап­сарына тоқталды. Сонымен қатар, Қостанай облысы бойын­ша бас асыл тұқым инспекторы Марк Гумеров Қостанай облысындағы малдың генетикалық ресурсын сақтау жұмыстары, ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының докторы Досқали Найманов ірі қараның отандық тұқымының генетикасын сақтау мен жақсарту жөнінде айтып берді. Семинар соңында тиіс қарар қабылданды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.
Соңғы жаңалықтар