06 Наурыз, 2015

Асау мінез, тарпаң талант

2354 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Темирхан Медетбек Темірхан Медетбек туралы толғаныс «Айда аяқ, жылда жілік жоқ» дегендей, желдей есіп, жұлдыздай аққан өмір зымырап барады. Аға-апаларының көз алдында кеше ғана еңбектеп төрге ұмтылып, қаз тұрып кереге бойын қармаған ардақты азамат, қазақтың от ауызды шайыры, ұлт мехнаткері Темірхан Медетбек бүгінде аға жасына жеткеніне оқырмандар бір серпіліп қалғаны анық. Алайда, жетпіс жыл өмір сүрген күрделі дарынның иір-иір жолдарын, толғаныстарын оның жолдастары тұрмақ, өз қабырғасы да айтып бере алмас. Мен алғаш Темірхан өлеңдерін мектепте жүргенде оқыған едім. Шашы бұйраланып шиыршық атқан, тұғырлы тұрқы, келісті суреті де етене таныс еді. «Ұшып қиял ғарышқа, Әрбір сөзден от тауып. Айдалада, алыста Жүретін ем шөп шауып.   Қайда терім тамшылап – Өзімді-өзім білген кез. Айырыма шаншып ап. Бұлт көтеріп жүрген кез?!» Осы өлеңінен шайырдың балғын кезі, сойқанды, сері күндерінің лебі еседі. Қашан да соқпақ жол қасқа жолға, қасқа жол даңғыл жолға бастайды. Әрине, жас кезіңде жазылған жырлар өзінің барқыт та, балшырын әуезімен, адуындылығымен жарасымды ғой. «Бір ыстық леп шарпып менің бетімді, Жап-жарық боп бара жатқан секілді. Ұшып келе жатқан қаздар аспанда Аппақ шамдар, аппақ шамдар секілді». Ақ шарбыға орап қойған бүйректей осы бір әдемі көрініс көз алдыңда біраз уақыт тұрып алады. Алла берген қабілет көрінгеннің же­те­гіне еріп, қор болмас үшін қайсар мінез ке­рек. Мінез дегеннен шығады, Алматыда қала берсе де аштан өліп, көштен қалмас еді ғой. Алайда, пейіштей астананы тәрк етіп, жа­ңадан қосылған зайыбы Шолпанды ер­тіп, бір-ақ күнде қияндағы Маңғыстау ас­ып кетуі де сол кезде кейбіреулерге қи­қар­­лық, қиястық тәрізді көрінгені де рас-тын. Анттасқан адамына өлердей сенетін. Ал ниеті дұрыс еместерге илікпейтін. Өзінің білгені, көргені, түсінігі, ұғымы бір басына жетерлік Медетбек көрінгенге бас шұлғи беруге сараң болатын. Ол өзгелерге тәуелді болудан бойын алшақ ұстады. Өршеленіп, асау дариядан жалдап өтіп бара жатқан тарпаңдай Темірханның алған бетінен өрт тұрса да қайтпайтынын оның тұрғыластары жақсы біледі. Адуын дарын Маңғыстау даласына да бекер жүрмеген еді. Бетін қына басқан мың жылдық құжынаған балбал тастардың түбінде тізесін құшақтап отырып, тарлан тарихымыз туралы ойға батқаны анық. Кейде бұрғышылық жұмысының арасында айдалаға «бошалап» кетіп, самсаған сағаналармен сырласқанына күмән жоқ. Өз басым «Көк түріктер сарыны» Темағаң көкірегіне сол кезде ұя салған-ау деген ойға берілемін. Қалай дегенмен де, оның жырларында Маңғыстау мұнараларының жарқ-жұрқ еткен ежелгі фрескаларындай әдемі айшықтардың жүруі тегін емес. Бала кезімізде жазатайым құс жұмырт­қасын тауып алсақ, оның уыз не балапан екенін жылғаға апарып байқайтынбыз. Уыз жұмыртқа суға батып кетеді де, балапан болғаны су бетіне қалқып шыға келетін. Сол сияқты, шындық та ақыры қағанағын жармай қоймайды. Затында, шығарманың мәйегі тәтті мұң, шындық, сұлулық қой. Қызыл империяның түтеп тұрған кезінде де Темірхан саясатта шаруасы жоқ, өз қалауынша жырларын төгілдіре түсті. Бір еңбегінде ақын Қадыр Мырза Әлі: «Шекарадағы торғай» деген Темірхан Медетбектің өлеңі бар, жақсы өлең, керемет тапқырлық жасаған. Торғай шекараның маңында балапанына ана жақтан да, мына жақтан да жем тасып асырайды. Адам болғаныңнан да торғай болғаның жақсы секілді. Сол өлеңді бас редактор жібермей қойды. Неге десем: «Болмайды, Советтің шекарасын торғайдың да бұзуға хақысы жоқ» – дейді, – деп жазып еді. «Қармақшының көзі – қалтқыда» дегендей, бұрын да әдебиет маңын төңіректеп жүрген Темағаң сонау кәрі түбектегі бес жылдай айналысқан бұрғышылығынан кейін түпкілікті қаламгерлікке бет бұрды. Табаны күректей 25 жылы сол топырақта жүрді. Кербаланың шөліндей Маңғыс­таудың ортасындағы Алла жаратқан жап-жасыл жазира Тамшылы тәрізді талай нәрлі жырлар осы өлкеде туды. Небір қақырап кеткен ұлтанды жіппен тереңнен тартып, шебер жымдастыра білетін етікшінің бізіндей, ақынның әсіресе, ұлттық мүдде, туған тіл, аяулы атамекен тақырыбына келгенде қаламы жосыла түсті. Жұлқынса үзбей тынбайтын, желбезегі талай қармақтан жырылып, жырым-жырым болған шортандай, Маңғыстаудан Алматыға ол әбден кемеліне келіп, ширығып оралды. Қаламына қыдыр ұялаған ақындардың бірден-бір борышы – адамдардың өткен уақыттар өтіндегі салтанатын, тасқындаған жігерін, жер жарған даңқын, үзілмес үмітін, жан аямас жанашырлығын, етене бауырмалдығын естеріне салу арқылы рухтарын көтеріп, олардың мәңгілікке ұласуына дем беру ғой. Еліміз тәуелсіздік алғанда жүрегі жарыла қуанғандардың бірі Медетбек еді. «Тәуелсізбін! – танып тұрмын өзімді, Ұшырамын қанат байлап сөзімді. Ешкім енді көкірегімнен итеріп, Ешкім енді шұқымайды көзімді.   Кеуделерді тарылтпасын кек қысып, Кетеді одан өр далама өрт түсіп... Құсқа айналып кеудемдегі жүрегім, Сүйіншілеп келер күнге кетті ұшып». Осы орайда, Әбекеңнің, Әбіш Кекіл­бай­ұлының: «Темірхан – тәуелсіздікті жан-тәнімен қабылдап, жан-тәнімен жырлап келе жатқан, қарынының ашқанына емес, қауымынан қасиет қашқанына қай­ғыратын, елдіктің мәселесінде күні кешегі таңдайындағы азды-кем тәттіні аңсайтын еркенің емес, бәз-баяғыдан маңдайы ашылмай келген халқының жолының мұнша неге қатты болғанына шамырқанған еркектің сөзін сөйлеп, дәйім ірі турап келе жатқан арқалы ақын. Жұртымен бірге жүріп егіліп, бірге жүріп сөгілді. Өлеңдерімен де, өмірімен де қазақ азаматы үшін қазақ даласының қай түкпірі де өз ауылы, қазақ баласының қай тумасы да өз бауыры екендігін мейлінше дәлелдеп келеді», – деген сөзі ақиқаттан алшақ кетпесе керек. Еркіндікті түлеген санамен толқи қабылдап, жұлын-жүйкесі алабөтен өрекпіп, болат серіппедей серпіліп, неше түрлі толғауларын, ой иірімдерін бейнебір жанартаудай атқылатты. «Ақ шаң болып жота, қырым, белеңім, Дауыл соғып, лайланып тереңім. Қауіп-қатер төнген кезде далама От жаққан ғой басына осы төбенің.   От жаққан ғой, от жақпауға бола?! От жақпауға болмаған ғой шара да. Алапат бір қатер келе жатыр деп, Отпен белгі берген ұлы далаға.   Жинап қойып бәрін, бәрін мен енді – Әуен, әуез, саз бен ырғақ, өлеңді. Сол төбеге от жақтым мен түнімен, Адамдарды оятайын деп енді...   От жақтым мен ешкімді де тыңдамай, Тас төбемде бара жатты зырлап ай. Алып далам, ұлы далам бірақ та Селт етпеді, селт етпеді! Бұл қалай?» – десе, енді бірде: «Жатыр қанды аралап Құдірет бар үнінде, – Ұлы тілдер сияқты Қуатқа ие ғаламат Менің ана тілім де!» – деп тәуелсіздік эйфориясына қосылуға шақырады. Алайда, ат төбеліндей жалаңтөстер болмаса, көпшілік қауым тырп етпеді. Қыбыры бар да мәні жоқ, сыбыры бар да жаны жоқ әлеуметтің мына меңіреу қылығына ақын таңдана қарады. Сөйтсе, біздің бойымыздан құлдық психологияның көрдемше көрінісі – қорқақтық, қосүрейлік, ата-бабасынан дым көрмегендей, уызында жарымаған ашкөздік тәрізді бұралқы қылықтар әлі қалмаған екен. Ол кешегі даңқынан дала тербелген Көк түріктер ұрпақтарының өзінің ұлттық болмысынан ажырап, деформацияға ұшырап, ұсқыны қисық айнадағыдай созылып, бүлініп кеткеніне налыды. Иә, санаға, жұлын-жүйкеге батпандап енген құлдық психология әп-сәтте ұялаған жерін тастап шығуы да оңай емес. Бірақ Темірхан ұлт мүддесінің ұлы майданына сескенбей еніп кетті. «Ұмыт болды бір өлеңді жаттап ем, Көлге айналдым – Кеше жалын, аптап ем. Өз жөніме отыра алмай – құдай-ай! – Кеттім қанша кіріп қызыл отқа мен.   Ойлар толғап терең менен әріден, Несіне мен, Несіне мен желігем. Өзге түгіл, Өмір түгіл, Жер түгіл Өз-өзімізді түсінбеймін әлі мен!», – деп, кейде шақшадай басы шарадай болып, өзін қоярға жер таппайды. Кейде маған Темағаң ескі шыңыраудың көзін аршып жатқан құдықшыдай елес­тей­­ді. Шыңырау тереңдеген сайын оның сүйе­­гің­нен өтер ызғары да еселене түсетіні белгілі. Енді мына бір «Ауру ағаш» деген өлеңін оқып қарайықшы: «Дерт тапқан ба – қатері бар жауыннан?! Дерт тапқан ба – қатері бар дауылдан?! Базары жоқ, ажары жоқ, көркі жоқ Жап-жас ағаш тұр алдымда ауырған.   Кететұғын кезде мынау бұрқанып Бұтақтарын әзер қозғап тұр талып. Қысылады-ау байғұс ағаш – тершиді – Денесінен өттей жасыл су тамып.   Оның енді күңгірттеніп аспаны, Тұла бойы ауыр тарта бастады... Бұрқырап-ақ тұратұғын кезінде Іріп түсіп жатыр жасыл шаштары... Осы бір «Ауру ағаш» деген өлеңнің де философиялық астары терең. Ақын өлеңіндегі экологиялық, әлеу­меттік қауіп-қатерлер қарлығаштың ұясына өрмелеген жыландай шошытады. Медетбек жырларында өршеленген рух, ширыққан айбын, енді бірде ашу-ызаға толы сарказм, саяси уыт алма-кезек көрініс беріп жатады. Ал, енді «Көк түріктер сарынына» келсек, бұл сөз жоқ, ғұмыры ұзақ антологиялық өлеңдер шоғыры. «Күн жағы Күміс діңгекті, Ай жағы Алтын діңгекті Ордада отырған; Сол жақтан келгенді жапырған Оң жақтан келгенді опырған; Желдей аңқылдап, Сұңқардай саңқылдап сөйлейтін, Даладай кең, Таудай биік халық едік. Алып едік!» Төрткүл дүниенің шаңын тулақтай қаққан қайран бабаларым-ай! Осы жолдарды оқығанда жойқын шаттық күйі тік көтеріп әкеткендей, жан-жүйеңді ерлік рухы еріксіз шымырлатқандай болады. Қорыта айтқанда, Темірхан Медетбек жырлары «Ей, адамзат баласы, бар күнә-қателігіңді сират көпірдің үстінде емес, қазіргі мәулет кеңшілігіңде түсін, құз басында тұрсың, қайт, қайт...», – деп мезгіл қоңырауын қағып тұрғандай... Жұмабай ҚҰЛИЕВ. АЛМАТЫ. Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.