Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының қолдауымен «Алматы – ислам мәдениетінің астанасы-2015» бағдарламасы аясында ТҮРКСОЙ кафедрасы мен ғылым-білім және мәдени «ТҮРКСОЙ» орталығының ашылу салтанаты өтті. Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуына орай өткізіліп отыр.
Айтулы оқиғаға «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстан Республикасындағы Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстанның елшіліктері мен консулдықтарының қызметкерлері, Алматы қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған түркітілдес этномәдени бірлестіктер, сонымен қатар, ҚазҰУ-дың ғалымдары, оқытушылары мен студент-магистранттары қатысты.
Белгіленген мерзімде шақырылған қонақтар шығыстану факультетіне жиналды. Алдымен «ТҮРКСОЙ» кафедрасының ашылу салтанатына жиналған қауым тарихи лента қию рәсімінің куәсі болды, дәстүрлі шашу шашылды. Бұдан кейін ғылым-білім және мәдени «ТҮРКСОЙ» орталығы да лента қиюмен ашылды.
Жиналған қауым үлкен залды лық толтырды. Алғаш сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов үлкен жиынды ашып, қатысушыларды құттықтады. Келесі сөз кезегінде Бас хатшы Дүйсен Қасейінов: «Бұл ашылған кафедра Қазақстан мен түркі елдері арасындағы тағы бір көпір болмақ, оның қызметі түркі халықтарының тілдерін, мәдени интеграция мәселелерін, әлеуметтік-экономикалық және саяси процестерін зерттеу орталығы болатыны сөзсіз», деді. Сондай-ақ Алматы қаласында түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы («ТҮРКСОЙ») 1993 жылдың 12 шілдесінде түркітілдес елдердің басшылығымен құрылғанын, соңғы екі жылда бауырлас түркі халықтары мәдениетінің дамуы, ықпалдасуы, танытылуы және әлемдік аренада насихатталуы бағытында бірнеше көлемді шараларды іске асырғаны туралы айтты. Түркия елшілігінен келген Супхи Атан, Әзербайжан елшілігінен Рустамов Низами Исахоглы, тағы да басқа елшіліктен келген жауапты тұлғалар айтулы оқиғаға үлкен баға беріп, шын жүректен құттықтады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов Дүйсен Қорабайұлының ұйымға басшылық еткен үш жылға жуық уақыт ішінде көп шаруалар атқарғанын, ұйымның беделін көтергенін, оны түркі бірлігін нығайтатын ірі құрылымға айналдыра алғанын айта келіп, осы қызметі үшін Ұлттық университеттің «Алтын медалімен» марапаттады.
ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановты «Түрксой» медалімен марапаттады.
«Түрксойдың» халықаралық баспасөз сыйлығымен «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов және «Алматы ақшамы» газетінің директоры-бас редакторы Қали Сәрсенбай марапатталды. «Егемен Қазақстан» басылымының Алматы бөлімшесінің жетекшісі Қорғанбек Аманжол, университет профессорлары Өтеген Күмісбаев, Өмірхан Әбдиманұлы «Тоқтағұл» медалін омырауларына тақты.
Шарафаддин ӘМІРОВ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.