06 Наурыз, 2015

Бірлік бар жерде қайырымдылық мол

392 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ЭМБЛЕМА ГОДАКиелі Түркістаннан бастау алған Тайқазанның көшірмесі Жамбыл жеріне көктем шуағын, жылылық, ізгілік алып келді. Тоқшылық пен береке-бірлік белгісіне айналған «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» эстафетасының басты символын жамбылдықтар 1 наурыз күні Қордай ауданында үлкен ықыласпен қарсы алды. Сөйтіп, осы апта ішінде Жамбыл облысының барлық аудандарын аралаған Тайқазан іші қайырымды істермен толыға түсті. «Қазфосфат», «Хантау» ЖШС-лері, «Мыңарал» цемент зауыттары бастаған өңірдегі ірілі-ұсақты кә­сіп­орындар, шаруашылықтар, жеке кәсіпкерлер көпбалалы, әлеуметтік аз қамтамасыз етіл­ген отбасыларға, соғыс және ең­бек ардагерлеріне, мүгедек жан­дарға бағалы сыйлықтар тапсырып, көмек қолдарын созды. Нақтырақ айтсақ, Шу ауданы 200 адамдық оңалту орталығына 5 млн. теңгеге автобус сатып алып берсе, Мойынқұм және Байзақ аудандары аз қамтамасыз етілген отбасыларға 2 млн. теңге, Жуалы ауданы ауған соғысы ардагерлеріне 2,5 млн. теңге, Сарысу ауданы көпбалалы отбасылардағы студенттердің оқу қаржысын төлеуге 2,4 млн. теңге, соғыс ардагерлерінің үйлерін жөндеуге 590 мың теңге, сондай-ақ, 1 млн. теңгеге 2 жазушының кітабын шығаруға, Жамбыл ауданы 40 соғыс ардагеріне 480 мың теңге көлемінде көмек көрсетті. IMG_0535 Бұдан бөлек, этномәдени бір­лестіктер алыс ауылдарда тұратын 125 адамға 400 мың теңгенің дәрі-дәрмектерін алып берді. Эстафета аясында жасалған қайырымдылық істердің соңы қай ауданда болма­сын, түрлі ұлт өкілдерінің, ең­бек ұжымдарының, мектеп оқу­шы­ларының қатысуымен ұлан-асыр мерекелік іс-шараларға ұла­сып жатты. Әсіресе, түрлі ұлт өкіл­дері­нің белсенділігі айқын аңғарылды. Сөйтіп, кеше Тайқазан сан ғасырдан сыр шерткен көне Тараз қаласына келіп жетті. Ауыр атлетикадан әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев, талай білім сайысының жүлдегерлері атанған Айдын Қойбек пен Әлішер Тәжіханов салтанатты түрде төрге алып шыққан Тайқазан тағы да көптеген қайырымды істерге мұрындық болып, елдің тұла бойын мейірімге толтырды. Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров бастаған кәсіпкерлер, басқа да жомарт азаматтар бұл күні көптеген жандарға қайырымдылық қолын созды. «Бірлік пен бейбітшілік бар жерде мейірімділік орнап, қайы­рым­дылық істер қашанда жалғаса берері сөзсіз. Әулиеата жерін мекендеген сан түрлі ұлт өкілдерінің Қазақстан жеріне, Елбасына деген алғыстары мен ризашылықтары өте мол», – дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов. Көне Тараз қаласы тұр­ғындарының жомарттығы мен кеңпейілдігінің куәсі болған Тай­қазан осы күні Жетісу жеріне жол тартты. Қазақстан халқы Ас­самблеясы Алматы облыстық хат­шылығының меңгерушісі Тұр­сынбай Ғабит тараздықтарға Жетісу елінің ыстық сәлемін жолдап, осы игілікті іске өз үлестерін молынан қосатындықтарын жеткізді. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы. Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН