02 Шілде, 2015

Тағылымы мол өмір философиясы

866 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
ERA_7260+ Астана күніне айтулы сыйлық болып тартылды Астана күнінің қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» атты тағы бір тамаша кітабы өмірге келді. Роман-диалог тәжірибесі қазақ әдебиетінің тарихында бұрыннан бар екенін білеміз. Әлемдік тәжірибеде саяси қайраткер өмірін сұхбат түрінде жазған үлгінің бірі ретінде Фидель Кастроның жеке өмірі қамтылып, әлемнің жиырмадан астам тіліне аударылған «Моя жизнь» атты (М., 2009) кітабын мысалға алуға болады. Мына еңбек те осы әдіспен жазылған. Кеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында осы кітаптың тұсаукесер рәсімі болды. Оған елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, ақын-жазушылар, ғалымдар қатысты. Жиынды Президент Кеңсесінің бастығы – аталған мекеме директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков ашып, тұсаукесердегі алғашқы сөзді Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықоваға берді. Гүлшара Наушақызы өз сөзін тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті, әлемдік деңгейдегі біртуар тұлға, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шығармалар қатары бүгін мазмұны терең жаңа туындымен толығып отыр, деп бастады. «Өмір өткелдері» атты кітап ел Президентінің еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан кейін өзі туралы әңгімелеген екінші кітабы деуге болатынын атап өтті. Одан әрі Мемлекеттік хатшы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметі туралы бұған дейін де бірнеше отандық және шетелдік авторлардың қалам тербегенін жеткізді. Соның ішінде танымал көсемсөзшілер Рой Медведев, Джонатан Айткен және т.б. бар. Ал жуырда «Әлемдік көшбасшылар» сериясын ашып, белгілі орыс жазушысы Сергей Плехановтың «Жібектей есілмеген жол» атты кітабы жарық көрді. Мемлекет басшысының сұхбаттарынан тұратын бүгін тұсауы кесіліп отырған «Өмір өткелдері» кітабы ел өмірінің күрделі кезеңдеріне жеке өз басының көзқарасын білдіріп, бағасын беруімен құнды. Сонымен қатар, онда тәуелсіз елді құру мен дамыту барысындағы тағдыршешті шешімдердің тууы мен орындалуы баяндалған, деді Г.Әбдіқалықова. ERA_6454+ Аталған шығарманың құндылығы туралы жеке пікірімді айтсам,  Елбасы мен сұхбат алушы арасындағы табиғи шынайы әңгіменің өрбуі, егемендік шежіресіне қатысты бұрын-соңды естімеген тың деректердің ұсынылуы, «Ұшқан ұя ұлағаты» деген тараудан басталып «Нұрлы Жолға» ұласуы сияқты өмірбаяндық соқпақтар тарихи оқиғалармен сабақтастырыла рет-ретімен берілуі, сондай-ақ, өзара диалог барысындағы интеллектуалдық биік өлшем мен  қазақтың шұрайлы тілі оқырманды өзіне тартатын ерекше тұстарының қатарына жатқызуға болады, деп жалғады сөзін Мемлекеттік хатшы. Азия мен Еуропаны қатар жайлаған Қазақ елінің екі саяси жүйе – тоталитаризмнен демократияға аяқ басуы, екі экономикалық жүйе – жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшуіндегі қиын шақтар жан-жақты айтылады. Әсіресе, тәуелсіздіктің басындағы Семей ядролық полигонын жабу, «Байқоңыр» ғарыш айлағының мәртебесін белгілеу, мемлекеттік шекараны делимитациялау кезіндегі Елбасының ерекше саяси ерік-жігері мен көреген дипломаттығы, саңлақ саясаткерлігі сан қырынан ашып көрсетіледі. Кітапты оқи отырып, еларалық кездесулер мен келіссөздердегі Мемлекет басшысының сұңғыла саясаткерлігін, харизмалық биік өресін, мұқалмас қажыр-қайратын шынайы сезініп, таңғаламыз және мақтаныш етеміз. Сондықтан, бұл кітапты, біріншіден, Президенттің ұлы істері мен ұлағатты өмірі жайындағы барынша толық ғұмырнамалық шығармалардың бірі ретінде бағалауға болады. Екіншіден, қазіргі заманғы қазақстандық мемлекеттіліктің баға жетпес дәйекті дереккөзі ретінде құнды болып отыр. Үшіншіден, бұл кітап қазақстандық патриотизмнің іс жүзіндегі көрнекі оқулығына айналмақ. Яғни, Елбасы­ның ғибратты ғұмыры айшықталған аталған кітап мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, мемлекеттік қызметшілердің, ғалымдар мен студенттердің, жалпы жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудыратыны анық. «Өмір өткелдері» қоғамның іздеп оқитын рухани құндылығына айналатынына сенімдімін, деді Гүлшара Әбдіқалықова сөзінің соңында. Одан әрі сөз белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, танымал ғалым Мырзатай Жолдасбековке берілді. Президенттің жаңа кітабы «Өмір өткелдері» деп аталыпты, деп бастады ол өзінің сөзін.  Елбасының балалық шағынан даналығына дейінгі аралық түгел қамтылыпты. Автордың өмірі халқының, өзі құрған мемлекетінің өмірімен тағдырлас, қатар, бірге, тұтас өріліп, жалғасып келеді. ERA_6495+ Қирап қалған, иесіз қалған елден жаңа мемлекет орнату, оны қалыптастыру, әлемге танытып, мойындату, халқының есіктегі басын әлемнің төріне шығару, автордың өзі айтқандай, экономикасы қуатты, саясаты тұрақты, таңы арайлап ататын, кеші тыныш бататын, халқы ұйқыға алаңсыз жататын, ертеңіне сенетін мемлекет орнату, қиынның қиыны еді, дей келіп, шешен кітаптан Елбасының: «Менің тағдырым – бақытты тағдыр. Маңдайыма мына жарық дүниеге тарихтың тар тұсында келудің, айналасы жарты ғасырдың о жақ, бұ жағында бүкіл әлемді төңкеріп түсірердей ғажайып өзгерістерді көрудің, сол ұлы істің басында тұрудың бақытын жазған екен. Көп нәрсені көрдім, көп жайды өзегімнен өткердім, алдымнан талай кедергілер де кездесті, олардың кейбірін заман қойды, кейбірін адам қойды. Соның бәрінен де өтіп бүгінгі күнге жетіп отырмын. Қазақстан халқының әлемдік өркениет көшіне қуатты мемлекет күйінде, халықаралық қоғамдастықтың сыйлы мүшесі ретінде, бүгінгі бақытты, ертеңгі еңселі ел ретінде қосылғанын көріп отырмын. Мың тәубе!» – дегенін дәйексөз ретінде келтіріп, осыған байланысты өзінің ойларын ортаға салды. Кітаптың негізгі арқауын Қазақстан тарихының жаңа заманы, ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік жолындағы қым-қиғаш күрестер, халқымыздың бүгінгі бақытты, баянды тіршілігі құрайды. Сол бір мазасыз күндерде, ұйқысыз түндерде Президенттің жанында болғанымызды, елге керек әрқалай іс тындырғанымызды бүгінде ерекше сезіммен еске аламыз, дей келіп, одан әрі Мырзатай Жолдасбеков Фидель Кастроның, өзге де белгілі қайраткерлердің сұхбатқа құрылған өмірбаяндық кітаптары сол күйінде ауыздан шыққан әңгімеге ғана құрылмағаны анық, деді. «Өмір өткелдерін» жазысуға, ондағы айтылатын әңгімелердің көбін көзімен көрген кісінің атсалысқанын – кітаптың үлкен табыстарының бірі деп ойлаймын. Бұл кітапты деректі роман десе де болады. Тартымды. Ғибратты. Қызығып оқисың. Көзіңіз, етіңіз үйренген кәдімгі сұхбатты оқымайсыз, ойға, қисынға құрылған терең, байсалды, кемел, деректі көркем шығарманы оқисыз, деді ол. Елбасының бір қапталында жүрген кезімізде, тәуелсіздіктің алдындағы елең-алаңда, алғашқы жылдарындағы дүрбелең мен дүбірден абыржымай аман шықсақ, бұл әуелі қадірменді Елбасының, қала берді осы Сауытбектердей азаматтардың арқасы еді, дей келіп, сөзінің соңында ғалым: «Өмір өткелдері» – қалай мақтауға да, мақтануға да, қандай марапатқа да лайықты еңбек, құтты болсын, деп сөзін аяқтады. Кезек өзіне тигенде белгілі қоғам қайраткері, академик Кенжеғали Сағадиев барлық оқиғаны бүкпесіз шынайылықпен баяндаған бұл еңбектің әсері мен үшін үлкен болды, деп бастады өзінің сөзін. Мен бұл кітапты өмірбаян туралы сұхбат қана емес, оқырманның алдына тартылған тағылымы мол өмір философиясы деп атар едім. Президенттің айтқан әрбір сөзінде, оның әрбір иірімінде жан дүниеңді қозғайтын терең ойлы толғаныстар жатыр. Елбасының жүргізген реформалары ертеңгі мен бүгінгі ұрпақ үшін ғана емес, өте алысты көздегені осы кітаптан айқын көрініп тұр. Сондықтан осындай стратегиялы ой-жүйелерін таныта білгенімен де бұл еңбек баршамыз, әсіресе, жас­тар үшін өте құнды. Мен бұл кітапты біздің еліміздің болашағын қалайтын, жерімізді аялайтын, Отанымызды қорғайтын жас қазақстандықтарға арнап әңгімелеп шықтым, дейді Президент. Осындай тағылымы мол, өнегелі өмір жолын жастарымыздың оқып, біліп жүргендері керек-ақ. Бұл кітап біздің жастарымыздың бойындағы патриоттық сезімді шалқыта түсетініне сенімдімін, деді К.Сағадиев. Келесі кезекте ол мазмұнды өмірдің өте көлемді сұхбат ретінде баяндалғанын сұхбат алушының да айтарлықтай шығармашылық табысы деп білуіміз керек екенін атап көрсетті. Осындай пішім айтатын әңгіменің арқауын кеңітіп, мазмұнын тереңдетіп, оқушыға әсер етуін өсіргені айқын сезіледі. Сұхбат алушы белгілі қаламгер, журналист Сауытбек Абдрахмановтың осы сұхбат төңірегіндегі мәселелерге ерекше дайындықпен келгені және қаламгерлік шеберлігінің де жоғары екенін көріп отырмыз. Ретін тауып, қисынды сұрақ қойып, кейбір ойларды түрткілеп отырмасаң, небір керекті дүниелер ой түбінде жатып қалып, өмірдің кейбір күрделі қырлары сөз етілмей қала береді. Елбасының ой түкпірінде жатқан иірімді толғаныстары жарыққа шығып, бұрын айтылмаған көлеңкелі, көмескі жайлар кеңінен көлденең тартылып отыр. Сұхбат осынысымен де қымбат. Елбасының өзі айтқанындай, сұхбат кітабының негізгі арқауы Қазақстанның жаңа тарихының ең бір қиын да жарқын сәттері, яғни ширек ғасырға жуық егемендігіміздің тарихы. Дәлірек айтсақ, жаңа мемлекет құрып, оның ішкі-сыртқы саясатын анықтап, саяси-экономикалық жүйесін жасау жолындағы Президент күресінің тарихы. Туған халқымның әлем кеңістігіндегі лайықты орнын қайтсем табамын деген Елбасының жанкешті еңбегінің шежіресі. Осы мақсатқа бүгінгі күні Президент қол жеткізді, табанды күрес, жанкешті еңбек тамаша жемісін беріп отыр, деді К.Сағадиев. Одан әрі академик қазақ халқының тарихында заман жүгін абыроймен арқалаған талай толағай тұлғалардың болғанын ауызға алды. Олар да ел үшін, туған халқы үшін еңбегін аямай, терін төккен. Сондықтан да есімдері ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, құрметпен аталады. Дегенмен, бұрынғы заман мен қазіргі заман жүгі бірдей емес. Бұрынғы заманда ел басқарғандар өзінің дәстүрлік қоғамын, қалыптасқан шаруашылық жүйесін сақтап, дамытып, оны ілгерілету қамында болды. Онда қазақ өз орнын жақын көршілерінің арасынан, шағын ғана ортадан, өлшеулі кеңістіктен ғана іздеді. Бүгінгідей бүкіл әлем кеңістігіне шығып, екі жүзге жуық әлем елдерінің ортасынан өз орныңды табу оларда болған жоқ. Осы тұрғыдан қарағанда, біздің халқымыздың да, көшбасшымыздың да мойнына түскен заман талабы өте өктем болды. Қазақы қалпымызды сақтай отырып, ой-сананы жаңғыртып, мемлекет іргесін жаңадан қалап, шаруашылық жүйесін жаңадан жасау арқылы тау көтергендей қиындықпен әлем елдері көшінен қалмау қамын ойладық. Бүгін діттеген мақсатымызға жеттік деп айта аламыз. Бұл –халықтың, оның ішінде Елбасының ерен еңбегінің жемісі, дей келіп, ғалым оның есімін Ұлыбританиядағы Оливер Кромвель, Германиядағы Бисмарк, АҚШ президенті Франклин Рузвельт, Түркия президенті Кемал Ататүрік, Қытай басшысы Дэн Сяопин  және басқалар сияқты әлемдік тау тұлғалармен қатар қоятынын жеткізді. Біз Нұрсұлтан Әбішұлын әлем өркениетінің есігін айқара ашқан басшымыз деп батыл түрде айта аламыз, деген академик сөзінің соңында сұхбат-кітаптың өте сәтті шыққанын  тағы бір рет атап өтті. Енді оның оқырман қауыммен қауышуына сәттілік тілейік, деді ол. Осыдан әрі сөз «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ басқармасының төрағасы Александр Тараковқа берілді. Ол өзінің сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметіне арналған еңбектердің соңғы кездері жиі жарық көріп жатқанын қанағатпен атап өтті. Соның ішінде кеше Мәскеуде тұсауы кесілген Н.Назарбаев жайлы орыстың озық ойлы қайраткерлерінің пікірлері тоқайластырылған «Жасампаз» жинағын ауызға алды. Ал бүгінгі кітаптың маңызы тіпті ерекше, деді ол. Сұхбат кітабында Президент өзінің өмірі мен істерін журналистке ашық сеніммен ақтарып салған. Әңгіме кейде нақты, шағын шеңберде жүзсе, кейде үлкен айдынға шығып, орасан үлкен аумақты қамтып кетеді. Соның ішінде Президент жаһандық проблемалар бойынша да өзінің терең ойларын ортаға салып отырған. Соған сәйкес әңгімедегі проблематиканың экспрессия­сы мен динамизмі де өзгеріп отырады. Мемлекет басшысы өткен жылдардағы көптеген қуанышты да өкінішті жайлар туралы ашық айтқан. Сұхбат алушы репортер ғана емес, көптеген тетіктерді анықтай түсуді мақсат еткен бәрінен хабары бар, саясаттың ұңғыл-шұңғылын терең айырған адам ретінде көрініп тұрады. Осының өзі оқырмандарды өзіне тарта түседі. Сұхбаттасушыға бірінші жақтан әңгіме айту ежелден бар әдіс. Бірақ біздің жағдайымызда сұхбат алушының шеберлігінің арқасында автордың құпия қырлары ашыла түскен. Сондықтан да бұл кітапты  маңызы жағынан энциклопедиялық еңбек деп атауға болады. Әсіресе, ол – жастарға өте пайдалы. Бұл туралы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі де алғысөзде айтып кетіпті. Сөз Елбасының ежелгі жолдасы, тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш сыртқы істер министрі болған Төлеутай Сүлейменовке берілгенде, ол бұл кітаптың өте ерекше кітап екенін атап көрсетті. Өйткені, ол Президенттің барлық өмірін, қызметі мен кісілік қырларын өз аузынан тиімді тәсілмен, үлкен шеберлікпен айтқыза білген, деді ол. Осыдан әрі Т.Сүлейменов өзінің Нұрсұлтан Назарбаевты 20 жасынан бері білетінін, сондықтан халық біле бермейтін, бірақ өзара белгілі көптеген жайттардың кітапта жазылғанын көріп отырғанын тілге тиек етті. Мен сол оқиғалардың көбіне араласып, Елбасымен бірге ортасында жүріп, сол оқиғалардың көбіне куә болдым, деді шешен. Одан әрі ол мұндай айрықша кітап біздің елімізде тұңғыш рет шығып отыр деп ойлайтынын жеткізді. Мен бұл кітапты тарихқа енеді деп ойлаймын.  Әрине, қиын жылдарды, күрделі оқиғаларды еске алу оңай емес. Мен олардың көбін Президентпен бірге басымнан кештім. 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың басындағы қиыншылықтардан елді алып шығуда Н.Назарбаев өзінің келіссөз жүргізудің хас шебері екенін көрсете білді. Мен мұны дипломат, маман ретінде айтып тұрмын. Басында ол Кеңес Одағын экономикалық  дағдарыстан құтқарғысы келді. Сол үшін Горбачевпен, Ельцинмен келіссөздер жүргізіп, өзінің сол кездегі ойларын ортаға салды. Осыған көп тер төккенін көзіміз көрді. Ал еліміз Тәуелсіздік алғандағы қиындықтарды еңсеруде Елбасының дарыны ашыла түсті. Әсіресе, дипломаттық қырлары күннен-күнге жетіле берді, дей келіп, оның жас кезінен бітімгершіл болғанын жеткізді. Соның мысалы ретінде Днепродзержинскіде оқып жүргенде жас­тар арасындағы бір кикілжің үшін Қазақстаннан келгендердің бәрін оқудан шығарып жібермек болғанда жап-жас Нұрсұлтанның ұстаздар мен училище басшыларын ақылға келтіріп, келісім жасатқанын айтты. Осыдан кейін жиынға модераторлық етіп отырған Махмұт Қасымбеков кітаптың жазылуын ұйымдастырушы, Елбасымен сұхбаттасушы Сауытбек Абдрахмановқа сөз бермес бұрын кітаптың дүниеге қалай келгені жөнінде қысқаша анықтама беріп өтті. Мен – бұл кітаптың барлық 16 тарауының қалай жазылғандығының куәсі болған адаммын. Өйткені, Сауытбек Абдрахманов сұхбаттарды қағаз бетіне түсіргеннен соң Елбасы қабылдауында болғаннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы оны мұқият оқып, өз қолымен көптеген түзетулер мен толықтырулар енгізіп отырды. Сұхбаттың кейбірі 3-4 сағатқа дейін созылды. Сондықтан негізгі еңбек Елбасының өзінікі екенін білеміз.  Біз Президент кітапханасының мұражайына сол қолжазбаларды экспонат ретінде қоятын боламыз, деп ол сөзді Сауытбек Абдрахмановқа берді. Өзінің сөзін Елбасы еңбегінің тұсаукесер рәсіміне жиналғандар мен жылы пікір айтқандарға ризашылық білдіруден бастаған С.Абдрахманов одан әрі авторлық өмірбаян туралы ой толғады. Әр адам өзінше бір әлем. Ешкім де адамды сол адамның өзінен артық біле алмайды. Сондықтан да Қасым ақын: «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды», деп жырлаған. Осы себепті бүкіл өркениетті әлемде, саяси әдебиетте авторлық өмірбаян берік орныққан. Әсіресе, кейінгі кезеңдерде ел басқарған тұлғалардың өз өмірбаяндарын жазуы немесе сұхбат түрінде баяндап беруі қалыпты жайға айналды. Бұл арқылы мемлекет тарихында ерекше орны бар басшылардың ғұмырынан халықтың тағылым алуы алдымен көзделеді. Бұрын да айтқанбыз, тағы да айтамыз: Президент туралы сөз Елбасының өзінен бұрын елге керек. Келешегіміз үшін керек. Қадым заманнан қағанын қадірлеп, ханын қасиет тұтқан елдің болашақта да биліктің бағасын білетін, халықтың өзі сайлап, екі тізгін, бір шылбырды қолға берген адамын қалтқысыз құрметтеу, ел басшысына тақ түру дәстүрі орныға түсуі үшін керек. Басшысына тақ тұратын ел – басына бақ тұратын ел. Нұрсұлтан Назарбаев – халқын тақ тұрғызған, халқының басына бақ тұрғызған басшы, деді С.Абдрахманов. Содан кейін ол Елбасының бала күнінен бүгінгі дана күніне дейінгі өмірін әңгімелеуі біздің еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі, бүгінгі биігіне көтерілуі, жалпы осындай мемлекет болып қалыптасуы ең алдымен Нұрсұлтан Назарбаевтың адамдық бітіміне, кісілік келбетіне, қайраткерлік қызметіне тікелей байланысты екеніне кәміл сендіреді, деді. Нұрсұлтан Әбішұлының бүкіл өмір жолы – өнеге мектебі. Халық қайнарына қанудың, ұлттың жанын танудың өнегесі. Ата-ананы ардақтаудың, ұстаздарды, достарды қастерлеудің өнегесі. Қаршадайынан ауыр жұмыспен шыңдалған еңбекқорлықтың өнегесі. Алдан шыққан, кітап иесінің өз сөзімен айтқанда, заман қойған, қоғам қойған, адам қойған кедергілерді еңсерудің өнегесі. Қайтпас қайсар қажырлылықтың өнегесі. Сын сағатта сыр бермейтін сарабдалдықтың, салқын сабырдың өнегесі. Елінің бағы жолында тарихтың қандай тәуекелінен де тайынбайтын табандылықтың өнегесі. Алыстан ойлаудың, болашақты болжайтын кемеңгерліктің өнегесі. Халықтың тарихи тағдырын бір адам айқындай алатынына біз Назарбаев феномені арқылы анық көз жеткіземіз, деп жалғады сөзін Сауытбек Абдрахманұлы. Нұрсұлтан Әбішұлымен сұхбат құрған сағаттар – менің адам ретіндегі де, журналист ретіндегі де бақытты сәттерім. Елбасының қайран қаларлықтай жады, ойлау жүйесінің беріктігі, ойын анық та қанық етіп жеткізетін әрі қарапайым, әрі құнарлы тілі, ауызша айтқан әңгімелерін қағазға түсіріп бергеннен кейін қолжазбаның үстінен қарағандағы талай кәсіби қаламгерлер қызығатындай редакциялау мәнері мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Мұның өзі «Талантты адам – қай істе де талантты» деген қағиданы тағы да дәлелдей түседі. Елбасы кітабы бізді ұлттық мақтаныш сезіміне бөлейді. Елбасымыз кезінде: «Бақыт  бағасын білгеннің ғана басында тұрады», деген еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» кітабы бізге басымыздағы бақыттың бағасын білуді, тәуелсіздікті қадірлеуді, қастерлеуді, оны күн сайын, ай сайын, жыл сайын нығайтып отыруды үйретеді. Жаңа кітаптың басты құндылығы да осында, деді С.Абдрахманов. Тұсаукесер рәсімі бойында «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі музыкалық қолдау білдіріп, әншілер Ибрагим Ескендір мен Жанат Шыбықтаев өнер көрсетіп отырды. Ал белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаевтың Елбасының жаңа кітабына айтылған арнауының үзіндісі төмендегідей болды: Тербетіп ару қала Астананы, Ақынның шашу болсын дастан әні. Бүгінгі кітабыңыз құтты болсын, Еңселі Елбасымыз асқаралы. Бұл кітап армандарға жетелейді, Жалындаған жастарды, жас баланы. Жарқырап халқымыздың бағы жанды, Нұрағам нұрлы жолға бастағалы. Тәуелсіз Қазақстанды танып-білу, Президент тұлғасынан басталады... Иә, дәл солай! Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан Омаров.