Кеше Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссия үміткерлердің бірі – Асқар Жорабайұлы Сырғабаевтан сынақ алды.
Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков алдымен президенттікке кандидаттыққа ұсынылған Асқар Сырғабаевтың өмірбаянына тоқталып өтті. Ол 1959 жылы Жамбыл облысының Жамбыл ауданына қарасты Қызылжұлдыз ауылында дүниеге келген. Қазақстан азаматы, ұлты – қазақ, білімі жоғары. Бұдан кейін Комиссия төрағасы сынақ тапсырушыға сынақтың тәртібін таныстырды. Бірінші кезеңде кандидаттыққа ұсынылған ол екі беттік жазба жұмысын жазуға тиіс. Асқар Сырғабаев «Әлемдік дағдарыс және Қазақстан экономикасы» деген тақырыпты таңдады.
Үш сағаттан астам уақытқа созылған сынақтың нәтижесін Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков жария етті. «Бірінші жазба жұмысында сіз «Әлемдік дағдарыс және Қазақстан экономикасы» деген тақырыпты таңдадыңыз. Өкінішке қарай, екі беттік жазба жұмысында 92 қате жіберілген. Оның ішінде «мемлекет» деген сөздің өзі дұрыс жазылмаған, – деді Комиссия төрағасы. – Екінші кезеңде үш беттік мәтінді ежіктеп әрең оқыдыңыз. Сіздің оқу мәнеріңіз әлсіз шықты әрі түсініксіз сөздер көп болды. Сондықтан, бұл да мемлекеттік тілді еркін меңгермегеніңізді көрсетеді».
Комиссия төрағасының хабардар етуінше, президенттікке кандидаттыққа ұсынылушыға үшінші кезеңде «Ел бірлігі – ел арқауы» деген тақырыпта он бес минут көсіле сөйлеуге мүмкіндік берілген. «Бірақ, сіз солай сөйлей алмадыңыз, он бес минуттың орнына тоғыз минут қана сөйледіңіз. Сөйлемдеріңіздің логикалық байланысы да әлсіз болды. Адам түсінбейтін сөйлемдерді қолдандыңыз. Қысқасы, Лингвистикалық комиссия Асқар Сырғабаевты мемлекеттік тілді еркін меңгере алмаған деген қорытынды жасады», – деді Мырзатай Жолдасбеков.
Журналистерге сұхбат беру кезінде Асқар Сырғабаев ана тілін тұрмыстық деңгейде ғана білгені үшін өзінің ұялатындығын мойындады. «Сынақ өз талаптарына сай өтті, ренжитіндей жағдай орын алмады. Бәрі орынды. Шынымды айтсам, мен алғаш рет бүгін қазақша жаздым. Себебі, осы уақытқа дейін мұндай талап маған қойылмаған еді. Шалақазақтыққа салынып, тұрмыстық деңгейде ғана ана тілімізді біліп жүрген азаматпыз ғой. Біз кеңес заманында білім алдық. Ал бүгінгі көрсеткен нәтижеме әділ баға қойылды», – деді ол ағынан жарылып.
* * *
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов кеше БАҚ өкілдеріне президенттікке кандидаттыққа ұсынылғандар саны тоғыз адамға жеткенін хабарлады. Оның атап өтуінше, ұсынылғандардың сегізі өзін өзі ұсынған, бір азамат Қазақстанның Коммунистік халық партиясы атынан кезектен тыс президенттік сайлауға ұсынылып отыр. «5 наурыздағы жағдай бойынша, Қазақстан Республикасының президенттігіне тоғыз адам ұсынылды, – деді ол. – Олар Асқар Сырғабаев, Сафиолла Алдажанов, Лимана Қойшиева, Бақыт Абдукаримов, Сухраб Мырзашов, Есенбек Өктешбаев, Якобжан Жүнісбеков, Тұрғын Сыздықов және Жұман Қанат».
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».