06 Наурыз, 2015

Белсенділік танытуға шақырған басқосу

421 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
DSC_5514 Жиынды ашқан Қазақстан азаматтық Альянсының президенті Нұрлан Ерімбетов қоғам қай­рат­­­кер­лерін ел үшін маңызы зор сая­си үдерістен тыс қалмауға ша­қыра келіп, бұл орайда, кезектен тыс президенттік сайлауды байқау жөніндегі республикалық Қоғам­дық комиссияның жұмысын қайта жандандыру туралы шешім қабылдан­ғанын жеткізді. «Бұл құрылым бұған дейінгі сайлау науқандарының кезінде де өз жұмысының тиімділігін көрсеткен болатын. Біз үнемі сайлау науқандарына байланысты өзіміздің объективті бағамызды беріп келеміз. Алдағы уақытта үміткерлердің сайлауалды штабтарының, сайлау комиссияларының және БАҚ-тардың тарапынан жүргізілетін үгіт-насихат шаралары барысында еліміздің сайлау заңнамаларының сақталуына қоғамдық бақылау жасайтын боламыз. Қоғамдық бақылау аясын кеңейту, заңды және транспарентті сайлау өткізу барысында республикалық комиссия бірнеше бағытта жұмыс жүргізетін болады», – деді Н.Ерімбетов. Оның айтуынша, еліміздің бар­лық өңірінде қоғамдық комиссия­­­ның бөлімшелерін құру жүзеге асырылып, электоралды үдеріске қаты­сатын кандидаттар үшін барлық мүмкіндік қамтамасыз етіл­мек. «Сай­лау үдерістерін бұзуға бағыт­­­талған әре­кеттердің бетін қайтарып, оларға уа­қ­тылы тойтарыс беру мен әкімшілік ресурстың және теріс пиғылды пиардың алдын алу да біз­дің міндетіміз. Билікпен, БАҚ-тармен, саяси партиялармен және халықаралық миссиялармен тығыз қарым-қатынас жасау үшін ашық қоғамдық үнқатысу алаңын құратын боламыз. Яғни, біз сіздермен әрқа­­­шан да байланыс­­тамыз», – деді ол өзінің сөзінде. «Астана Бәйтерек» әйелдер клубының төрайымы Тамара Лавриненко Қазақстан азаматтары елдегі барлық саяси үдерістер мен мемлекет дамуының куәгері болып отырғанын айтты. «Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз көп өзгерісті басынан кешті. Халқымыздың күш-жігері мен қажыр-қайратының нәтижесінде көп жетістікке жеттік. Сол себепті, елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өткізуге барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта, Республикалық қоғамдық комиссия осы сайлау науқанын байқауды өзінің мойнына алып қана қоймай, оның қорытындысын баяндайтын болады», – деді Т.Лавриненко. Белгілі қоғам қайраткері Әділ Ахметов: «Қазақстан бас­қа елдердегі сайлауларға да қаты­сып, бұл салада бай тәжірибе жинақ­тап үлгерді. Яғни, еліміздің шетелдік тәжірибесі жеткілікті. Қоғамдық комис­­­сияның негізгі мақсаты – сайлаудың әділ, ашық өтуін қамтамасыз ету. Бұл комиссия үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбейді, керісінше, сайлау науқанының басынан бастап әділ өтуіне ықпал жасайды. Егер де, кемшіліктер орын алып жатса, солардың дер кезінде алдын алуға атсалысатын болады», деді. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Заңгерлер қауым­дастығының директоры Патима Матжанова Қазақстанда тәуел­сіздік алған жылдардан бері бірнеше сайлау науқаны өткеніне, бұл, тиісінше, осы саладағы тәжірибенің жинақталуына ықпал еткеніне тоқталып өтті. «Біз өз еліміздегі сайлау науқандарын ғана емес, өзге елдердегі сайлауларды да байқау кезінде көп тәжірибе жинақтадық. Сондықтан, республикалық Қо­ғам­дық комис­сияның құрамында білікті азаматтар шоғырланған», – деді ол бұл орайда. Ақын Несіпбек Айтов өз ойын былайша жеткізді: «Біз еліміз үшін маңызды да шешуші сәттен тысқары қалмауымыз керек. Сондықтан, кезектен тыс президенттік сайлаудың барысын байқайтын республикалық Қоғамдық комиссияның жұмысына қатысуға бел байлап отырмыз. Біз осы сайлаудың бастан-аяқ ашық өтуін байқап қана қоймай, оған баға беруге міндеттіміз. Үміткерлер­дің сайлауалды штабтарының, сайлау комиссияларының және БАҚ-тардың тарапынан жүргізілетін үгіт-насихат жұмыстарының заң талаптарына сай өтуін де айрықша байқайтын болады. Сайлаудың әділ өтуіне әрбір Қазақстан азаматы мүдделі болуы тиіс», – деді ол. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналист-сарап­шылар клубының төрағасы Ғаділбек Шалахметов сайлауға халықтың мейлінше көп бөлігінің келуі ел үшін өте маңызды екенін жеткізе келе: «Біз қазіргі таңда күрделі саяси кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Оған көрші мемлекеттерде орын алып отырған саяси жағдайлар да дәлел бола алады. Қазір – өте жауапты кезең. Сондықтан, бұл сайлауға барлық азаматтар атсалысады ғой деп ойлаймын. Ал республикалық Қоғамдық комиссия өңірлерде болып, сайлау науқанының жүру барысын жіті қадағалайтын болады», – деп өз ойын түйіндеді. Ал Бас редакторлар клубының президенті, «Жетінші арна» директорлар кеңесінің төрайымы Бибігүл Жексенбай Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлау ел үшін үлкен сын сағаты болып тұрғанын тілге тиек етті. Бұл ретте ол: «Бір жағынан, бұл – халқымыз үшін, мемлекетіміз үшін, жалпы, қоғамдық-әкімшілік институттары мен БАҚ үшін жауапты кезең. Сондықтан, бұқаралық ақпарат құралдарындағы әріптестерім де осы жауапты кезеңнен абыроймен өтуі тиіс. Әрине, әртүрлі жағдайлар болады. Кей кезде жеңіл табыс қуып, қара пиарға баратын немесе рейтинг қуып, теріс ақпарат беретін жағдайлар кездеседі. Міне, осы тұрғыда мен өз әріптестерімді өздеріне жүк­телген жауапкершілікті сезіну­ге, сайлаудың ашық әрі әділ өтуі­не барынша жағдай жасауға шақы­рамын. Алдағы уақытта респуб­ликалық Қоғамдық комиссия сай­лаудың өтуіне байланысты мониторинг жасап отырады», – деді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Азат ЕСЕМБЕКОВ.