21 Шілде, 2010

ЕҚЫҰ-2010: БАСТЫ НАЗАРДА – ОРТАЛЫҚ АЗИЯ

803 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Алматының түбінде өткен ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесулерінің қорытындысы қуанарлықтай. Осы мәртебелі жиында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылы Астанада өтуге тиіс Ұйым Саммитінің қажеттілігін дәйектеп берді. Ал жиынға қатысушылар Қазақстан басшысының ұсынысын бір ауыздан толығымен қолдады. Елбасының Саммитті шақыру туралы бастамасының іске асуы – бұл біздің ортақ табысымыз, тұтас Ұйымның және ондағы біздің төрағалығымыздың жетістігі. Қазақстан төрағалыққа аса бір күр­делі кезеңде кірісіп отырғанына назар аударған жөн. Еліміз ұйым алдына бұ­рынғыдан күрделі, ауқымды, сан салалы мәселелерді байсалды түрде күш бірік­тіріп шешуді ұсынып отыр. Жаһанды жайлап бара жатқан лаңкестік, экстре­мизм, табиғи-климаттық, гуманитарлық және экологиялық апаттар, кедейшілік, әлемдегі миллиардтан астам адам душар болып отырған аштық, жұқпалы індет­тер, ұлтаралық және дінаралық қақты­ғыстар, жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс адамзат өркениетіне барлық мемлекеттер күш біріктірмейінше жет­пейтініне, жаңа қауіп-қатерлермен күресе алмайтынына көз жеткізеді. Бұған байланысты былтыр, 2009 жылы Грек­ияның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде еуропалық валютаға төнген қауіпті еске алсақ та жеткілікті. Сондықтан осындай дәуір сындарымен бетпе-бет келген ЕҚЫҰ төрағалығы нақты бағдарлама ұсынып отыр. Елбасы биыл 14 қаңтарда Венадағы ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің қатысушыларына арнаған бейнеарнауын­да Қазақстанның ЕҚЫҰ-ны Ванкувер­ден Владивостокқа дейінгі ұлан-ғайыр кеңістікте халықаралық ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің маңызды тетіктерінің бірі ретінде қарастыратынын айтты. Мұндай ұстанымды көбінесе Ұйымға қатысушылардың кең географиялық ауқымымен, мемлекеттердің өзара іс-қимылдағы тәжірибесімен және жақсы жолға қойылған жұмыс тәсілдерімен түсіндіруге болар. Ендігі жерде 35 жылдық тарихында тәжірибе жинақтаған Ұйымды күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселелерді еңсеруге жұмылдыру міндеті тұр. Жаңа жаһандық қауіп-қатерлер ЕҚЫҰ-ның тиімділігін көтеруді, ақыр аяғында оны реформалауды талап етуде. Президент Н.Назарбаевтың пікірінше, бұл үшін алдымен көмескіленіп қалған “Хельсинки үдерісінің брендін” қайта жандандыру және еуразиялық аймақтық құрылымдармен өзара байланыс орнату арқылы ЕҚЫҰ-ның екінші тынысын ашу, оның қызметіне соны серпін беру міндетін қою қажет. Өйткені, бүгінде еуропалық қауіпсіздікті азиялық қауіп­сіз­дік өлшемдерін ескермей сақтау мүмкін емес. Қазақстан ендігі жерде ЕҚЫҰ-ның еуратлантикалық үнқатысу алаңынан еуразиялық ауқымға көтерілуін, сонымен қатар Венаның батысы мен шығысын­дағы елдер арасындағы өзара сенімді нығайтуға күш салады. Ал бұл елдер бір Ұйымға, ЕҚЫҰ-ға мүше болғанымен, әрқайсысы әртүрлі геосаяси мүдделерге бөлінген. Мәселен, бұл елдерді Еуроодақ пен НАТО-ға мүше елдер, Еуроодақ пен НАТО-ға мүше болуға ынталы елдер және ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, ШЫҰ секілді аймақтық ұйымдарға мүше мемлекеттер деп жіктеуге болады. Ұйымның өз тарихи даму барысында еуропалық қана емес, еуразиялық сипатқа ауысып келе жатқанына көз жеткізу қиын емес. Еліміз географиялық орналасуына қарай Ұйымның ішкі геосаяси қатпарларының тігісін жатқызуға үлес қоса алады. 1999 жылы соңғы рет Ыстамбұлда өткен кездесудің маңыздылығы күмән туғызбайды. Бірақ одан бері Еуразиялық кеңістіктің қауіпсіздік саласы мен стратегиялық қарым-қатынастарында бірқатар біраздан бері қордаланған және шұғыл түрде шешуді қажет ететін мәсе­ле­лердің жинақталғаны белгілі. Қазақ­стан өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы бары­сында келесі мәселелерге басымдық бе­руде: бірінші кезекте – Ұйымның негізгі бағыттары бойынша келісімдер жүргізу арқылы оларды бірізділікке түсіру. Қауіпсіздік саласында лаңкестік, есірткі тасымалы, заңсыз миграция сияқты аймаққа қауіп төндіруі мүмкін қатерлер­дің алдын алу. Қазақстанның Ұйымға төраға ретінде ЕҚЫҰ мен НАТО-ның, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеспен (АӨСШК) ұйымара­лық бай­ланыстар орнатуға тамаша мүм­кіндіктер пайда болуда. Бір ескеретіні, ЕҚЫҰ-ның геосаяси кеңістігіне көптеген саяси және әскери-стратегиялық блоктарға, ұйымдар мен кеңестерге мүше мемлекеттер кіреді. Бұл жерде бір-біріне қарама-қайшы бірнеше үрдістер жүруде. Сонымен қатар түрлі ірі геосаяси жобаларды іс жүзіне асыруға талпыныстар жүруде, олардың қатарында Үлкен Таяу Шығыс, Үлкен Орталық Азия, Үлкен Еуропа, Қаратеңіз-Кавказ және Каспий жобалары бар. Бұл фак­торлардың бәрі болашақта ЕҚЫҰ-ның саяси дамуына ықпал етуі мүмкін. Қазақстанның төрағалығы мен Ұйым Саммитінің күн тәртібінің бұзылуына кері әсерін тигізуі мүмкін факторлардың болғаны белгілі. Олардың қатарына стратегиялық қауіпсіздік мәселелері, ресей-американ қатынастарының дамуы, еуропалық қауіпсіздік туралы келісімнің тағдыры, Ауғанстан мен Иран төңірегін­дегі жағдайдың дамуы, НАТО, ҰҚШҰ, ШЫҰ және басқа да ұйымдар араларын­да болуы мүмкін қарама-қайшылық­тар­ды жатқызуға болады. Сондықтан Астанада жоғары деңгейдегі кездесуді өткізу, өз кезегінде, осы саладағы бірқа­тар өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. ЕҚЫҰ мүшелерінің қауіпсіздік бағытында басым көпшілігін біріктіретін мәселе Ауғанстан жағдайы. Көптен бері өз шешімін таппай келе жатқан бұл мәселе Ұйым Саммитінің күн тәртібінің негізгі мәселелерінің бірі болуы мүмкін. Қазақстанның осы елде және аймақтағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған ұстанымы, бірінші кезекте Еуропа мен ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік саласындағы мүдделерін тікелей қорғайтын объективті саясат болып табылады. Астана өзінің маңызды сыртқы саяси мақсаттарының бірі ретінде лаңкестікпен және сепаратизммен күресті қарастыра­ды. Орталық Азиядағы лаңкестік мәсе­лесі Ауғанстанмен тікелей байланысты. Ауған мемлекетінің жойылуынан аймақ­тағы жағдайдың тұтастай тұрақсыздана­тыны белгілі. Ауғанстанның мемлекеттік құрылымының одан әрі күйреуі Орталық Азия аймағындағы жағдайға тұтастай әсер етпек. АҚШ пен НАТО кетіп, ауған кампаниясы сәтсіздікке ұшырайтын болса, Орталық Азия елдері мен Ресей күннен-күнге күрделеніп бара жатқан ауған мәселесімен бетпе-бет қалады, ал ол өз кезегінде фундаменталистік көңіл-күй мен есірткі тасымалының артуына, лаңкестік пен аймақтың тұрақсыз­дануына алып келері сөзсіз. Қазақстан өзінің лаңкестікке, заң­сыз миграция және есірткімен күресуге қар­сы күшін ШЫҰ шеңберінде серік­тестік негізінде ұштастыруда. Аталған мәсе­лелерді ауыздықтау мақсатында ШЫҰ – Ауғанстан байланыс тобы құрылған. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалы­ғының маңызды бағыттарының бірі – Орталық Азияның тұрақты дамуы. Қа­зақстан ЕҚЫҰ-ның әлеуетін пай­даланып, аймақтық ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Біздің республика Ауған­стан Ислам Республикасына (АИР) көрсетіліп жатқан халықаралық көмектің ашық және тиімді пайдаланылуын қол­дауда. Сонымен қатар ол аймақ бой­ынша негізгі көршілер – Иран, Пәкс­тан, Үндістан және Қытайдан келетін көмектерді үйлестіруге тырысуда. Ауғанстанның инфрақұрылымын қалыптастыру аймақтың барлық мемле­кет­тері үшін тиімді болмақ. Бұл жерде көлік-коммуникациялық және отын-энергетикалық мазмұндағы жобалар әңгіме болуда. Ауғанстан Ислам Респуб­ликасының территориясы арқылы өтетін жолдар, электр қуатының сымдары, құбыр­лар елдің тұрақтануына әсерін тигізіп қана қоймай, Үнді мұхитындағы Пәкстан жағалауынан бастап Парсы шығанағы аралығында, Каспийден Шың­жан мен Кашмирге дейінгі аймақ­тағы ынтымақтастықты арттыратыны белгілі. Қазақстанға есірткі тасымалы ұлттық, аймақтық және халықаралық, соның ішінде еуропалық қауіпсіздік үшін қаншалықты қауіп-қатер төндіретіндігі белгілі. Мәселенің алдын алу мақсатында республика Ресеймен және басқа да Орталық Азия елдерімен бірлесіп, есірткі саудасымен күресу жолында өз заңдарын күшейтуде. Қазақстан БҰҰ мен басқа да халық­аралық ынтымақтастық және қауіпсіздік институттарының әлсіреуі тұсында ЕҚЫҰ-ны сақтап қалып, оны күшейтуге, сондай-ақ оның құзырын арттырып, Ұйымның географиялық (геосаяси) жауапкершілігі аймағын, әсіресе Орта Шығыста (Ауғанстан) кеңейтуге мүдделі. Қазақстан Республикасы өз күшін жағдайдың дұрыс бағытта дамуы үшін Еуро-Атлантикалық аймақ пен ҰҚШҰ арасындағы стратегиялық ынтымақтас­тықты нығайтуға бағыттауда. Жақын­дасу­дың негізгі мағынасы Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздікті нығайту (еуро-атлантикалық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі ретінде), мақсаты – Ауғанстан мен көрші аймақтарды тұрақтандыру. Бұл жерде басты құрал НАТО, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ЕО, ТМД, АӨСШК арасындағы ынтымақтастық пен белсенді қарым-қатынас болмақ. Бүгінгі таңда Батыс елдері мен Ресей аталған ұйымдар арасында қауіпсіздік саласында ұзақ уақыттар бойы бұдан артық сұхбаттасу алаңының болмай­тынын жақсы түсінуде. Оларға Ұйымға Астананың белсенді төрағалығы тұсында Қазақстан аумағында ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізу тиімді болуда. Батыс үшін Саммит ауған мәселесін түбегейлі шешуде нақты және басты жолдары мен әдістерін анықтап алуға мүмкіндік берсе, Ресей үшін оның қауіпсіздік саласын­дағы ұсыныстарын іс жүзіне асыруына және батыс контрагенттерімен тиісті келісімге келуге жол ашпақ. ЕҚЫҰ-ның жоғарғы деңгейдегі кезекті Саммитінің Астанада өтетіндігі туралы хабар Қазақстанның өзінде де, шетелдерде де үлкен серпіліспен қарсы алынуда. Өйткені, халықаралық қауым­дастық Ақордаға ЕҚЫҰ-ны реформалау ісінде үлкен үміт артып отыр. Ұйымның дағдарысқа ұрынғаны соңғы жылдардағы кездесулер барысында анық аңғарылуда. ЕҚЫҰ өзінің саяси рөлін өзі кішірей­туде. Ахуал бұл қалпында осылай жал­ғаса беретін болса, Ұйыммен есептесе­тіндер саны да азая түсетіні сөзсіз. Ал ЕҚЫҰ-ның өзі болса, тиімділігін жо­ғалтады. Үстіміздегі жылдың күзінде Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның Саммиті Ұйымдағы дағдарыстық жағдайды тоқтатуға, 35 жыл бұрын Хельсинкиде басталған үрдісті жандандыруға мүмкіндік берері сөзсіз. Саммит ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекет басшыларының бәріне “сағаттарын те­ңес­тіруге” және Ұйымның болашақтағы маңызды басымдықтарын анықтауға бірегей мүмкіндіктер бермек. Нұрлан СЕЙДІН, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық  зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты.