06 Наурыз, 2015

Көш тізгінін сенімге берген дұрыс

413 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
алибек кантарбаевҚазақ – үміт пен сенімге, кемеңгерлік пен әулиелікке иек артқан, осы бір адамзат баласын көгентүптегі мұратына жеткізер ізгі қасиеттерді кие тұтқан халық. Алағай-бұлағай ереуіл шақтарда болмаса, беталды тәуекелге де бара бермейді. Қандай істе болса да, нендей шаруаны қолға алса да он ойланып барып бір пішетін, барға қанағат, жоққа салауат айтатын, сабырлылық пен салиқалықтан, көнбістік пен көнтеріліктен әлем халықтары арасында кешенді сайыс өтетін болса, қазекем алдыңғы орындардың бірін ешқандай тамыр-таныссыз иемденетін жұрт. Неге дейсіз-ау. Соңғы 20-25 жыл аралығында монданақтай Жер беті нендей зобалаңдарды жон арқасынан өткермеді?! Дүниенің асты үстіне келді. Әлемнің құбыласы мен шы­ғысында, солтүстігі мен оң­түстігінде қаншама сойқанды соғыстар, не­қилы қарулы қақтығыстар, атаулы-атаусыз қаншама төңкерістер болып өтті. Болып та жатыр. Еститініміз де, күнделікті теледидардан көретініміз де өзен болып аққан, нақақтан төгіліп жатқан адамзат қаны, бөлініп-жарылған дүние, боздаған бейкүнә әлем, сойқандардың жебесінен мерт болған ботасын жоқтап, шашын жұлып, бетін тырнаған аруана, аранын ашқан жоқшылық пен ашаршылық... Басқаларын былай қоя тұрып, кешегі өзімізбен бір дастарқаннан дәм алған, жарты дәнді жарып, бүтін дәнді бөліп жеген кеңестік республикалардың тәуелсіздіктен кейінгі эволюция­сын жай ғана шолып өтіңізші. Шүкіріңіз бен тәубеңізді мың сан қайталап, мың сан күбірлейтініңізге мен кепіл! Осы жылдар ішінде жұрт бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, әлемдегі достық пен бауырластықтың үлгі-өнегесіне айналды. Қазақстан халқы Ассамблеясы атты ізгілік пен имандылық шаңырағынан шалқып ұшқан Бейбітшілік – Достық – Жасампаздық симфониясы көк жүзін кернеп, Еуропа мен Азияны таңырқатуда. Кеңестік дәуірдегі күлдікөмеш Қазақстан енді келіп әлемдік дастарқанның төрінде бас кесіп, жамбас керте бастады. Аталы сөз айтатын болды. Кешегі күні жалғызының тойына соятын ақсақ шыбыш таба алмай, көз жасын жасырып сүрткен ауыл қазағы бүгінде тойын қалаға келіп жасайтын деңгейге жетті. Мейрамхана таңдап кергитінін қайтерсіз. Қазақстанның даласы мен қаласында қаптаған жеңіл автокөліктер. Олар көшелерімізге сыймай, үлкен проблемаға айналды. Байлықтан проблема туар деп кім ойлаған. Кешегі күні ұлттық намысын қамшылап қыр асып, негізгі отаныма барамын деп қоштасып кеткен қаншама ұлт өкілдері Қазақстанмен қайтара жылап табысып жатыр?!. Осының бәрі Алланың арқасы. Онан кейін – көреген де кемеңгер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Аксиома бұл. Он жерден бетсіз болса да оппозицияң да, желбуазың да дәл осы жерде ауыз аша алмаса керек. Сондықтан, Қазақстанның тұғыры берік, ертеңі мұнан да жарқын болсын десек, Елбасының сайлауға түскенін қалайтынымыз анық. Әлемдік ереуіл кезеңде ел тізгінін Сенімге – Назарбаевқа тапсырғанымыз жөн. Әлібек ҚАҢТАРБАЙ, жазушы, Өскемен қаласының құрметті азаматы. Шығыс Қазақстан облысы.