06 Наурыз, 2015

Біз Сізге сенеміз!

297 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жасампаздық жолындағы жаңа белес болады

Елбасымыздың кезектен тыс президенттік сайлау тағайындау туралы Жарлығына үн қосқан отандастарымыздың ортақ ойы осындай

*Президент почтасынан

55-үлкен – дейді Елбасының сайлауға түсуін қалайтынын айтып хат жазған қазақстандықтар Президент сайлауын өткізу туралы шешімге қолдау білдірген және Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасы ұсынылуын өтінген хаттар мен жеделхаттар легі жалғасуда, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Мемлекет басшысының атына еңбек ұжымдарынан, белгілі спортшылардан, денсаулық сақ­тау саласы қызметкерлерінен, сон­дай-ақ, елдің түрлі өңір­леріндегі тұрғындардан Нұр­сұлтан Назарбаевтың алдағы президенттік сайлауға қатысуын өтінген хаттар легі әлі жалғасуда. «ҚазАтомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мыңдаған адамдық ұжымы Мемлекет басшысы таңдаған бағытты қолдайтынын мәлімдей отырып, Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуі жөніндегі стратегиялық мақсатқа жету үшін бар күштерін жұмылдыратынына сендірген. «Біз бақ-берекемізді жә­не бола­шағымызды Сіздің есіміңіз­бен ғана байланыстыра­мыз. Сон­дықтан Сіздің кандида­тураңыз­дың Қазақстан Республикасы Пре­зиденті лауазымына ұсыныл­ғанын қалаймыз», – делінген хатта. Алматы қаласынан «Бел­камит» машина жасау зауы­тының жұмысшылары еліміздің барша тұрғындарымен бірге Мемлекет басшысының тұрақ­ты экономикалық дамуды қамта­масыз еткен дана саясатына куә болып отырғанын айтады. «Біз президенттік сайлау өткізу мәселесін толық қолдаймыз. Көреген әрі әділ саясаткер ретінде Сіз ғана елді бұдан әрі де дұрыс бағытта алып жүре аласыз», – деп жазады авторлар. «Қазақтелеком» АҚ Атырау облыстық телекоммуникациялар дирекциясының мың жарым адамдық ұжымы да Нұрсұлтан На­зарбаевтың президенттік сайлауға түскенін қалайтынын жеткізген. «Еліміздің барлық же­тіс­тіктері, Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа танылуы, мемле­кеттегі осынау күрделі кезеңдегі тұрақтылық Сіздің атыңызбен бай­ланысты. Біз мемлекеттің ба­сында Сіз секілді беделді көш­бас­шы тұруы тиіс деп санаймыз. Біз Сізге сенеміз!», – делінген хатта. Қостанай облысынан «Свет­лый Жарколь» ЖШС жұмыс­шылары Қазақстан Президентінің басшылығымен еліміз келісім мен гүлдену жолында келе жатқанын айтады. «Барлық қазақстандықтар сияқты біз де Сіздің кандида­тураңыз­дың президенттік сайлауда ұсы­нылғанын қалаймыз. Жос­парланған мақсаттың бәрі Сіз­бен бірге болғанда ғана жүзеге асатынына сенімдіміз», – деп жазады авторлар. Қызылорда қаласынан «Жан-АрайЖем» ЖШС ұжымының мү­шелері елде президенттік сай­лау өткізу туралы шешімді қолдайды. «Әлемдік экономикадағы түйт­кілдерді еңсеру үшін елде «Нұрлы Жол» және индус­трия­лық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы секілді бағ­дарламалар жүзеге асырылуда. Оларды табысты жүзеге асыру үшін Сіздің тікелей қатысқаныңыз қажет», – делінген хатта. Қостанай облысынан К.Маркс атындағы ЖШС жұмысшылары Еуразиялық экономикалық одақ­тың жұмысын бастауына байланысты ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер кедергілердің азайып, мүмкіндіктердің ұлғайғанын сезініп отырғанын айтады. «Отанымыздың ұлы бола­шағы туралы армандай отырып, күрделі кезеңде Сіз уақыт жүк­теген жауапкершілікті мойын­ға алдыңыз және халықты же­тістіктер мен табыстар жолына бастадыңыз. Бұл бізге Сіздің кандидатураңыздың Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына ұсынылуын өтінуге құқық береді, – деп жазады авторлар. Президенттік сайлау өткізу шешімін қолдап, сайлауға Нұр­сұлтан Назарбаевтың қатысуын өтінген хаттар елдің белгілі спорт­шыларынан да келді. Мәсе­лен, Қазақстан Ауыр атлетика фе­де­рациясының мүшелері, Олим­пиада чемпиондары И.Ильин, З.Чиншанло, М.Манеза, С.Подо­бедова қазақстандық спорт­­тың халықаралық аренадағы жеңіс­­тері елдегі экономикалық тұрақ­­тылықтың және этносаралық келі­­сімнің жемісі екенін атап өткен. «Әлемдегі ахуал біздің рес­публикамызға қуатты әрі беделді көшбасшыны қажет ететін жағ­дай туғызып отыр. Сізден алдағы Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің сайлауына қатысуды сұраймыз. Сіз ел мен халықты бар­лық сынақтардан алып өте­тініңізге, Қазақстан Сіздің бас­шылығыңызбен орнықты дамуын жалғастыратынына сенімдіміз», – делінген хатта. Қызылорда облысының «Ана мен бала» орталығының ұжымы да денсаулық сақтау саласын дамытуға көңіл бөлініп отырғаны үшін алғыс айтып, соның арқа­сында өңір тұрғындары білікті медициналық көмек алатыны­на тоқталған. Авторлар елді да­мытуға бағытталған міндет­терді одан әрі жүзеге асыру үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың пре­зиденттік сайлауға қатысуы маңызды екенін атап өткен. Елдің жекелеген азаматта­рынан да көптеген хаттар ке­ліп тү­суде. Мәселен, Орал қала­­сынан «Зерде-Память» корпо­ративтік қорының төрағасы Қ.Тө­лебаев күрделі геосаяси және эко­номикалық жағдайда мемле­кетімізді басқару Нұрсұлтан На­зарбаев сияқты көреген әрі дана саясаткердің ғана қолынан келетінін айтқан. «Сіздің президенттік сайлауға түсуіңізді сұраймын, өйткені, халық Сізді толық қолдайды», – деп жазады автор. Оңтүстік Қазақстан облысы Ынтымақ ауылынан хат жаз­ған тыл және еңбек ардагері Ө.Ақназаров президенттік сайлау өткізу туралы шешімге қол­дау білдіріп, Нұрсұлтан Назар­баевтың кандидатурасының ұсы­нылуын сұрайды және оған дауыс беретінін айтады. Шығыс Қазақстан облысы Қалбатау ауылынан ардагер М.Мұқашев республикамыз Елбасының басшылығымен зор табыстарға жетіп, әлемде танымал болғанына тоқталған. Осыған орай автор Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы сайлауға түсуін өтінген. Қарағанды қаласының тұр­ғыны, зейнеткер Р.Будник Мемлекет басшысына барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жемісті қызметі үшін алғыс айтып, Елбасы президенттік сайлауға қатысса екен деген тілегін жолдаған. Қостанай облысы Матросов  ауылынан хат жазған Д.Ах­мет­жанов та Мемлекет басшысы ал­дағы президенттік сайлауға түссе деген тілегін айтып, оның жеңіске жететініне сенім білдірген. Алматы қаласының тұрғыны Р.Смакова да Нұрсұлтан Назар­баевтың президенттік сайлауға қатысқанын қалайтынын, оның кандидатурасына дауыс бе­ру арқылы еліміз әлемдік дағда­рыстан қорғалуын қамтамасыз ететінін атап өткен. Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің кезектен тыс сайлауын  тағайындауға байланысты келіп жатқан хаттар легі жалғасуда.