06 Наурыз, 2015

Дубайдан 10 медаль олжалады

269 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ШАРДЖ-1 Жақында Біріккен Араб Әмірліктерінде «Fazaa» атты дәстүрлі паралимпиадашылар жарысы өтті. Оған 45-тен астам елдің жеңіл атлетшілері қатысты. Осы сында Қазақстан спортшылары 4 күміс, 6 қола медаль иеленді. Төрт күндік додада қанша барын салғанымен, қазақстандық пара­­­лимпиадашыларға бас жүлде бұйыр­мады. Жарысқа қосқан 21 жеңіл атлетшілеріміздің бұл жолы ба­бы келіспеді деген жорамал басым. Әйтеуір, спортшылар жүлдеден құра­лақан емес. Қоржын бүйірі қо­­­мақ­ты. Қазақстандықтар күмісі мен қо­ласы аралас 10 медаль олжалады. Мамандардың пікірінше, осылай болары алдын ала топ­шыланған. Өйткені, бұл жыл басындағы алғаш­қы ірі жарыс­тардың бірі. Жеңіл атлет­шілеріміз оқу-жаттығу жиынын да жүйелі бастап болған жоқ. «Бағымызды бара көрерміз» деген тәуекелмен атүсті жиналып, Дубайға аттанып кете барған. Ал мұндай халықаралық бәсекенің алтын тұғырына табан тіреу үшін алдын ала жоспарланған оқу-жаттығу жиындары өтуге тиіс еді. Бұл сапарда сол қағида белден басылған сыңайлы. Бас жүлденің бізге бұйырмауының басты себебі осы көрінеді. Шүкірлік етеріміз, паралим­пиа­дашыларымыз бабы келіспеген кездің өзінде осынша жүлдені уыс­тап алды. Бұл жарыста Мағжан Нұрлыбаев екі күміс, бір қола жүлдені, Ислам Салимов күміс пен қола медальді, Сергей Харламов екінші орынды иеленсе, Аманат Қалқаев, Алексей Лукутин, Айнұр Тайжанова, Руфат Хабибуллин қола медальді жеңіп алды. Осыдан кейін спортшыларымыз Шарджаға бет алды. Біздің паралимпиадашылар «Дубайда кеткен есемізді Шарджада қайтарамыз», деп құлшынулы. МАҒЖАН ШАРДЖАНЫ МОЙЫНДАТТЫ Спортшыларымыз Шарджаға ширығып барған екен. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі әйгілі қалада бесінші рет ұйымдастырылған додаға 33 мемлекеттің жеңіл атлет­­шілері қатысқан. Дубайда жіберген есені қайтармаққа құлшынған болар, қазақстандықтар екі күнде 17 медальді уыстап алды. Әсіресе, ұзындыққа секіру мен қысқа қашықтыққа жүгіруде Қазақстанның көк туын қайта-қайта аспандатқан Мағжан Нұр­лыбаев намысты жігіт екен. Қазақстан қоржынына 3 алтынды да Мағжанның бір өзі салды. «Fazaa» бәсекесінде де жақсы нәтижелер көрсеткен Мағ­жан Шарджада, тіпті, ширақ болды. Көру қабілеті төмендер ара­сын­дағы үш түрлі сында бас жүл­дені жұлып шықты. Сондай-ақ, Аманат Қалқаев, Айнұр Тайжанова, Алек­сей Лукутин, Бислан Ге­бертаев, Ислам Салимов сынды спортшылар намысты қолдан бермеу­ге барын салған екен. Шарджа бәсекесінде біздің елдің 7 спортшысы әлем чемпионатының нормативін орындапты. Жалпы, осы жарыста жеңіл атлетшілеріміз 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медальді жеңіп алды. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».