“Қарағанды – Қызылорда – Қарағанды” әуе қатынасы бойынша франциялық “Asіa Wіngs” (“Азия Визанг”) авиакомпаниясының АТR-42-300 ұшақтары қатынай бастады. Аталмыш компания ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитетінің әуе қатынасы бойынша өткізілген конкурс қорытындысында осы және басқа да бірқатар бағыттарда жеңімпаз деп танылған.
“Қорқыт ата” әуежайы” АҚ директоры Қайдар Нұрлыбаевтың айтуынша, Көлік және коммуникация министрлігінің нұсқауына сәйкес Қазақстан авиациясы үстіміздегі жылдың соңына дейін кеңестік әуе кемелерінен арылып, шетелдік ұшақтар қызметін пайдалана бастады.
Турбовинтті АТR-42-300 әуе кемесі Еуроодақтың біріккен авиация әкімшілігінің (ЕАSА) бүгінгі қойып отырған талаптарына толығымен жауап береді. Оның ұшар кездегі ең жоғары салмағы 16,9 тонна болса, жылдамдығы сағатына 470 шақырымға тең. Бортына 46-48 жолаушы сыйғызатын ұшақ 7200 метр биіктікке самғайды. Бұл мәліметтер туралы айтқан “Asіa Wіngs” авиакомпаниясының өкілі Владимир Носочев ұшақтар болгарлық “Hemus Aіr” авиакомпаниясынан жалға алынғанын жеткізді. Олар жолаушылар үшін өте ыңғайлы және кеңестік кезеңдегі техникалармен салыстырғанда екі еседей үнемді. Әзірге рейстерді болгарлық экипаждар басқаруда. Әйтсе де алдағы уақытта қазақстандық мамандар да дайындалатын болады. Қарағандыға дейінгі билет құны 12 мың теңге. Кеншілер қаласы аралығында әуе байланысы сейсенбі және жексенбі күндері жүзеге асырылады.
Еркін ӘБІЛ, ҚЫЗЫЛОРДА.