Дүбірге толы дүние
Он бес жылдан бері өмірлік түрмеде жатқан Абдулла Оджаланның дауысы естілді. Күрдстан жұмысшы партиясының көсемі өз жақтастарын қаруын тастап, түрік үкіметімен арадағы көп жылдық шиеленісті бейбіт жолмен реттеуге шақырды.

Ақпарат құралдарының хабарларына қарағанда, түрік билігі, алдымен президент Реджеп Тайып Ердоған бұған оң баға берген көрінеді. Елдегі саяси күштердің жетекшілері де, сырттағы сарапшылар да өз пікірлерін білдіріп, көптен бері әлем жұртшылығының назарын аударып келген шиеленістің оң арнаға түсу мүмкіндігін айтып отыр.
Бұл шиеленіс 30 жылдай созылып келеді. Елдің оңтүстік-шығысындағы күрд көтерілісшілері мен үкіметтік қарулы күштің арасындағы қақтығыстан 40 мыңдай адам құрбан болғаны да белгілі. Сол қарулы қақтығыстан нәтиже шықпайтынына жұрттың көзі жеткендей. Күрд көтерілісшілері мұны әлдеқашан түсінуге тиіс еді. Ал сол қарулы қарсылық арқылы өздерінің тағдырлық мүддесін, арманын білдіргісі келсе, оны ұққысы келетін түрік билігі жоқтығы және анық.
Күрдтер – тағдыры тәлкекке түскен халық. Әлемде бұл халықтың саны 30-40 миллионды құрайды деген мағлұмат айтылады, бірақ нақтысын ешкім білмейді. Сол халықтың мемлекеттігі жоқ. Бірнеше елде шашырап жатыр. Бір ақпаратта Түркияда олардың саны халықтың 10 пайызы делінеді, біреулер одан да артықтау дейді. Қанша болса да, бұлардың бұл елде ұлттық ерекшелігі ескерілмейді. Өздері шоғырланған елдің оңтүстік-шығысынан автономия сұраған жанайқайын ел басшылығы естігісі келмейді. Автономия өз алдына, олардың тілі де шектеулі. Бұл тілде оқи да алмайсың.
Оджаланның өткен сенбіде жариялаған хаты қарулы күреспен ешнәрсе шықпасына көзі жеткен адамның амалсыз әрекеті екені даусыз. Тағдырдың жазғанына көнбеске лажы жоқтық. Халық босқа қырылмасын, өз мүдделеріңді биліктің рахымшылығынан күтіңдер, тіл табысып көріңдер дегенді айтып отыр. Өзінің қандастарынан, қаруластарынан ҚЖП құрылтайын өткізіп, ымырашылдық жолды қалауды ұсынды.
Ал Түркия басшылығы Оджаланның ұсынысына оң баға берді дегенде де, олар күрд халқының ұлттық мүддесіне құлақ асуы екіталай-ау дейсің. Сырттай қарағанда, күрдтер көп те нәрсе сұрап жатқан жоқ: ел аумағында автономия, тіліне еркіндік, елдік рәміз – өз туы болуын сұрайды. Кешегі КСРО-дай қатыгез дейтін елде де халықтарға мұндай құқық берілген еді ғой. Түркияда «бір ел, бір халық, бір тіл» деген қатқылдау талап бар. Күрдтердей халықты жаншып, езіп жіберетін талап. Ол талап азырақ жұмсарса, түркі әлемі дейтін дүниенің бір бөлшегі күрд дейтін халыққа қамқор көңіл білдірілсе, үлкен мәселе шешілер еді.
Оджаланның хаты – тәубеге келудің, түсіністікке шақырудың көрінісі. Түркия – түркі дүниесінің көшбасшысындай ел. Түркі дүниесі болып бірігейік, бір-бірімізді бауырға тартайық деген ұлы идеяны айтып жүрген, біршама шараларға бастамашы болып жүрген ел. Күрдтер де бауырымыз емес пе деген ой көңілге орала береді. Тек түрік ағайындар ғана емес, басқа да түркі жұртымын дейтін елдердің басшылары ойланатын-ақ мәселе ғой бұл.
Қылмыскер мен қайраткер бір-бірінен алшақ ұғымдар
Қырғыз елінде ақпан айының аяғында үлкен шу тудырған оқиға болды. Қырғызстандағы қылмыстық топтың бір басшысы Алмамбет Анапияев дегенді Белоруссияның астанасында сондағы қылмыскерлер өлтірген екен, соған қатысты әңгімелер, біршама әрекеттер біразға созылды.

Әрине, өлім деген қиын. Өмірден өткен адам кім болса да, ол біреуге туыс, біреулер оны жанына жақын қабылдап, аза тұтып жатады. Бұл – заңды нәрсе. Сөйтсе де, өлімнің де өлімі бар. Бүкіл елге қадірлі адам дүниеден өтсе, оны бүкіл ел аза тұтады. Тұлғалар, қайраткерлер қаза болғанда, оларды құрметпен шығарып салу – қоғам үшін де, үкімет үшін де парызды іс. Ал қылмыскерлер өліп жатса, оны да аза тұтатын өз ортасы бар.
Мұндай ойлар ұйымдасқан қылмыстық топтың бір басшысы Алмамбет Анапияевтің өліміне байланысты көңілге оралып отыр. Жарты айдан бері ол ауыздан түспейтін әңгімеге айналды. Оны жұрт интернеттен оқып, біліп жатыр. Әңгімеге елдің сыртқы және ішкі істер министрліктері, президент Алмазбек Атамбаевтың өзі, басқа да бұрынғы және қазіргі басшы шенеуніктер араласты. Осыған бола шетелге өкпе айтып, олардан жағымсыз жауап алып, ұялатындай әрекеттер де болды.
Алдымен сол Алмамбет Анапияевтің кім екеніне тоқталайықшы. Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бейбіт Сейітовтің сөзіне қарағанда, ол осы министрліктің ұйымдасқан қылмыстық топтар тізімінде екен. Оған Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған, 9 жылға сотталып, оның 3 жылын ғана өтеген. 2011 жылдан бері халықаралық іздеуде. Тағылған айыптар: тонау, адам өлтіру, адам ұрлау. Президент аппаратының бұрынғы басшысы Медет Садықұловтың өліміне қатысы болған. Атақты қылмыскер Қамшы Көлбаевпен байланыста.
Оның Минскіде болуы – ол бұрынғы президент Құрманбек Бакиевпен, оның туыстарымен жақын болған, қылмыста ауыз жаласқан. Жұрттың пайымдауынша, сол Бакиевтер өз қылмыстарының беті ашылмасын деп оның көзін жойған көрінеді. Қарға қарғаның көзін шұқыған шығар, қылмыскерлер екіншілерін құрбандыққа шалған шығар деуге де болар еді-ау. Жоқ, Қырғызстан басшылығы, президент Атамбаев бас болып, сол Бакиевтерді ұстап бермеуінің ақыры Анапияевтің өліміне соқтырды деп, Белоруссия басшыларын, тікелей Лукашенконы айыптап, әлемге жар салды. «Лукашенконың Бакиевтердің жауыздығы мен сорақылықтарын ұғуы үшін тағы кімді өлтіруі керек?!» – деген Атамбаевтың ашынуын оның баспасөз қызметі интернетке де шығарып (26.02.2015) жіберді.
Әрине, мұндай айыптауды Белоруссия жағы жауапсыз қалдырмайтыны да заңды. Белоруссия СІМ-інің ресми сайтында жарияланған (27.02.2015) Қырғызстанның өркениеттілігіне күмән келтірілген мәлімдемесінде былай делінген: «Арға тиетін салыстыру мен қырғыз басшылығының Белоруссия атына айтқан сөздеріне түсінік берудің мәні жоқ. Мұндай шамшыл мәлімдеме жасау өркениетті мемлекет басшысы деңгейінде айтылуы мүмкін емес».
Осының бәрі не үшін дейсің? Анапияевті елдің бір аймағында ардақтаған шаралар өтіп жатқаны да рас. Тіпті, президенттің, парламенттің атына, қырғыз халқына арнап үндеу де қабылданған. Анапияев ұлттық күресті көтеру үшін біраз іс тындырған екен. Сөйтсе де, ол қашып жүрген, іздеудегі қылмыскер емес пе еді? Қылмыскер мен қайраткердің арасын ажырату қиын да емес. Бұл елде неге қылмыскерлер құрметтеледі? Әлем таныған қылмыскерлер – Көлбаевтар, Барукаевтар түрмеден шығып кете береді. Ұлттық қауіпсіздік қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Артур Медетбеков: «Ақаевтың кезінде «заңдағы ұры» біреу болса, Бакиевтің кезінде екеу болды, қазір – төртеу», дейді.
Сірә, қылмыскерлерге қарсы пәрменді күрес жоқ жерде, оларға құрмет те көрсетілетін болса керек.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.