02 Шілде, 2015

Жемісін ел көретін жетістіктер

424 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ВТО-2Қазақтың арғы-бергі тарихында есесі кеткен жұртына елдікті әкелген, теңдікті әперген тұлғалар баршылық. Сонау көне ғұн заманындағы Мөденің, одан беріректегі Білге қағанның, жақындай түссек, биыл 550 жылдығы тойланып жатқан Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектің, халқын тар жол, тайғақ кешуден аман алып шыққан Абылай ханның, тағы басқалардың біз үшін орны бөлек. Бірақ, соңғы жүзжылдықта қазақтың жұлдызын ерекше жарқыратқан бір тұлға бар. Ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы қазақ деген халықты әлемге танытып, өзгемен тере­зе­мізді тең етті. Біздің сөзімізге Елба­сының тұлғалық қасиеттері, жүргізіп отырған саясаты, халқының оған деген сенімі мен сүйіcпеншілігі дәлел. Маусым айының соңғы апталары қазақстандықтар үшін толайым табыстарға толы бол­ды. Біз Дүниежүзілік сауда ұйы­мына мүше болып кіру жолын­­­дағы ұзаққа созылған келіс­сөздерді табысты аяқтадық. Сөйтіп, әлемдік сауда-саттықта өзге­лермен тең дәрежеде болу­дың мүмкіндігін алдық. Қазақ­станның бұл жетістігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесі екендігі сөзсіз. Мемлекет басшысы ДСҰ-ға мүше болып кіру­дің қазақстандықтар үшін үлкен қуаныш, үлкен жеңіс екен­дігін атап өткен болатын. Сонымен бірге, ұйым мүше­лігіне бес институттық реформаны іске асыруға кіріскен сәтте қадам басудың айрықша символика­лық мәні бар екен­дігін айтқан-ды. Расында да Елба­сының өзі жариялаған бес инс­титуттық реформаны жүзе­ге асырудың «100 нақты қадамы» белгіленіп, жүзеге асырыла бастаған тұста ДСҰ-ның бізге есігін айқара ашуы сөзсіз үлкен жеңіс. Бұл әлемдік қауымдастықтың Қазақстандағы реформаларды жіті қадағалап, жетістіктерімізді мойындауының көрінісі екені даусыз. Сонымен бірге, әлемдік қоғамдастықтың Қазақстанды бұлай мойындап, дамыған елдердің бізді тең дәрежедегі серіктес ретін­де тани бастауы елімізде жүргі­зіліп жатқан реформаларға олардың да аса қызығушылық танытатындығын аңғартса керек. Жалпы, Қазақстанның тәуел­сіздік жылдарында қол жеткізген табыстарын көрші-қолаң, алыс-жақын шет мемлекеттері мо­йындап қана қоймай, бізді үлгі тұтқан кездері де аз емес. Бір ғана Қазақстан халқы Ассам­блеясының үлгісімен көптеген ТМД елдері арнайы институт құрды. Әлемдік және дәстүр­лі діндер жетекшілерінің құрылтай­лары дінбасылардың өзара диа­логын нығайтып, әлемдегі бейбітшілікті сақтау жолында бірлесіп қимылдау қажеттігін түсіндіріп отыр. Сол сияқты, бес институттық реформа мен оны жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» да көпке үлгі болары сөзсіз. Әсіресе, бес институттық реформаның «болашағы біртұтас ұлт» қалыптастыруды көздейтін төртінші басымдығы баршаны қызықтыратыны сөзсіз. Өйткені, Қазақстан тәуелсіздік алған кезде елімізде ұлтаралық жанжалдар туындайтындығын болжаған, ел ішіне іріткі салып, арандатуды көздеген топтар айналамызда аз болған жоқ. Бірақ, Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде отандастарымыз мұндай ағаттық жасаған жоқ. Біртұтас халық ретінде береке-бірлігін таныта білді. Бүгінде қазақстандықтар «Мәңгілік Ел» идеясының төңі­регіне тығыз топтасуда. «Мәң­­гілік Ел» идеясы көне дәуір­лер­ден бері қазақ халқының тари­хи жадында сақталған, асыл аң­са­ры, арманы болғандығы анық. Бірақ, бұл идея халықтың санасында көмескіленіп келе жатқан болатын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы сол идеяны қайта жаңғыртып, ұлттық идеология деңгейіне көтерді. Демек, «Мәңгілік Ел» идеясы жарқын болашақ үшін аянып қалмас, адал еңбекті өмірлік мұрат тұтқан, зияткер әрі белсенді, біртұтас ұлт қалыптастыруға зор ықпал етері анық. Міне, сол себепті бес инс­титуттық реформаның төр­тінші басымдығы біз үшін айрықша маңызды. Ал реформаны жүзеге асыру үшін Елбасы белгілеген «100 нақты қадамда» көрсетілген «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін, Қазақстан халқы Ассам­блеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын, «Менің елім», «Нұрлы болашақ» ұлттық жобаларын әзірлеу, Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясын алға жыл­жыту сынды бастамалар іс жүзінде азаматтық қоғамды дамытып, қазақстандықтардың біртектілігін нығайтары анық. Сонымен қатар, бұл бастамалар еліміздегі түрлі ұлыс өкілдерінің қазақ халқының маңына топтаса түсуіне әсер ететіні де сөзсіз. Сөздің ашығын айтар болсақ, тарихта қилы-қилы тағдырмен қазақ жерінен пана тапқан көптеген ұлт пен ұлыстар біздің халықтың дархан пейілін, ақжарқын мінезін, қонақжайлылығы мен қайырымдылығын сезініп, түй­сіне білгені жасырын емес. Көптеген этнос өкілдерінің Қазақстанды жан-тәндерімен сүюі, қазақ халқына алғыс біл­діруі – соның нақты дәлелі. Алайда, қазақстандықтар әзірге азамат­тық ұлт қалыптастыра қойған жоқ. Дегенмен, азамат­тық ұлт қалыптастырудың алғы­шарттары әлдеқашан жасалып, барша отандастарымыздың қазақ хал­қының маңына топтасуына негіз қаланып та қойды. Ал Елбасының Жолдауында да, бес институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадамда» да көрсетілген «Мәңгілік Ел» идеясы біздің бұл береке-бірлігімізді одан әрмен арттырары даусыз. Негізі, Президент ұсынған бес институттық реформа бүгін­де өте өзекті болып отыр. Егер аталған 5 реформаны табысты жүзеге асыра білсек, біздің әлем­нің дамыған 30 мемлекетінің қатарынан көрінуімізге ештеңе де кедергі болмақ емес. Деген­мен, Елбасы жариялаған бес институттық реформаның ең өзектісі төртінші басымдық болып отыр. Өйткені, кәсіби мемлекетті құратын да, заңның үстемдігін қамтамасыз ететін де, индустрияландыруды жүйелі жалғастырып, экономикалық өсімге қол жеткізетін де, біртек­тілік пен бірлікті сақтайтын да, есеп беретін мемлекетті қалып­тастыратын да адамдар. Яғни, халық. Кәсіби деңгейі жоға­ры, білікті, отанын жан-тәні­мен сүйетін мемлекеттік қызмет­керлер де, заңның үстем­дігін қамтамасыз ететін тәжіри­белі де адал соттар, заң орган­дары қызметкерлері де, бизнесті дөңгелетіп, жаңа да, сапалы өнімдер өндіретін, өндіріске ғылыми жаңалықты енгізетін кәсіпкерлер мен топ-менеджерлер де халықтың арасынан шығады. Демек, қалың бұқараның бір идея төңірегіне топтасуы, мемлекетке сенуі, түрлі этнос өкілдерінің арасындағы сыйластықтың артуы ең басты құндылықтарымыздың бірінен саналатыны сөзсіз. Біртектілік пен бірлік Қазақстандағы тыныштық пен бейбітшіліктің кепілі болатыны да дәлелдеуді қажет етпейтін дүние. Ал, бейбітшілік салтанат құрған мемлекетте ғана экономиканы дамытып, игі бастамаларды жүзеге асыруға болады. Елбасы мұны өте жақсы түсінеді. Әу бас­тан елдің ішкі-сыртқы саясатын осынау бағытта қалыптастырып отырғаны содан. Халықты бір идеяның төңі­регіне топтастыра білу – Елбасы саясаты жемістерінің бірі. Нәтижесін қазір халық көріп отыр. Бұқараның Президентке разы болатыны да, оның саясатын бірауыздан қолдап, Елбасына сенетіні де содан. Елбасы жариялаған бес институттық реформаны жүзеге асыру жолында барша халық аянып қалмақ емес. Өйткені, бұл реформалар елімізді құзар шыңдарға бастайтынына көзіміз жетіп отыр. Мұратбай ЖОЛДАСБАЕВ, Парламент Сенатының депутаты.
Соңғы жаңалықтар